Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Украинада журналист Айдос Садықовқа қастандық жасады деген күдіктінің өз қатарында барын жоққа шығарды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
«Азамат М.Қаратаевқа қатысты, ол 2019 жылдың қаңтарында ішкі істер органдарынан босатылғанын және қазіргі уақытта полиция қызметкері емес екенін хабарлаймыз.
Қазір мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес істің барлық мән-жайын анықтау үшін тиісті жедел шаралар қабылдаудамыз. Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша қосымша ақпарат беріледі», - деді жұма күні Ішкі істер министрлігі.
Бұған дейін журналистің әйелі Наталья Садықова Киевтегі қастандыққа полиция қызметкерінің қатысы бар деген болжам айтты.
“Украина полициясы Айдос Садықовты өлтірмек болған қылмыскерлерді тапты”, деп жазды оның әйелі Наталья Садықова Facebook-те.
Оның айтуынша, бұл екі Қазақстан азаматы: 1991 жылы туған Мейрам Қаратаев пен 1988 жылы туған Алтай Жақанбаев.
«Бұл арамзалар» 2 маусымда Киевке келіп, жалдамалы пәтерлерде тұрып, Айдостың соңынан еріп, қылмысты жоспарлаған», — дейді Садықова.
«Сонымен қатар, Мейрам Қаратаев Қостанай облысы ІІД қызметкері, ол қызметкерлер арасында оқ ату жарысында бірінші орын алған», — деп жазды Наталья.
Естеріңізге сала кетейік, Садықов 18 маусымда Киевтегі үйінің жанында көлікте отырған кезде белгісіз біреу оны атып, қашып кеткен. «База» оппозициялық жобасының авторының қасында оның әйелі, жобаның тең авторы Наталья Садықова болған. Ол жарақат алған жоқ.
19 маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Садықовқа жасалған қастандыққа қатысты пікір білдіріп, дипломатиялық департамент пен құқық қорғау органдары арқылы осы ауыр оқиғаға қатысты ресми сауал жолдауды тапсырды.
Қазір Айдос Садықовтың жағдайы өте ауыр.