БҰҰ-ға басқа планетадан кім келеді? Тоқтамаған соғыс және қордаланған түйткілдер

1216
Adyrna.kz Telegram

Нью-Йоркте бүгін аяқталатын БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 79 отырысы туралы сарапшылар пікір білдірді. Олар ұйымның жаһандық қордаланған мәселені шешуде қауқарсыз болып отырғанын айтады. БҰҰ-ның Украинадағы соғысты тоқтата алмауы – соның бір мысалы.

Бүгін, 30 қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясының 79 мәжілісі аяқталады. Жиын 24 қыркүйекте басталған. Отырыста Украина мәселесі басты назарда болды. «Америка даусы» бұл мәселенің қандай маңызға ие екендігін хабарлаған.

ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНІҢ ӨЗ ӘЛЕМІ

Владимир Зеленскийдің БҰҰ Бас Ассамблеясына қатысуы халықаралық қауымдастықтың назарын Ресейдің Украинадағы соғысына тағы да аудару үшін маңызды қадам болды. Бірақ, «Америка дауысы» радиосына сұхбат берген сарапшылар бұл жағдайды түбегейлі өзгертуі екіталай деп есептейді.

Макалестер колледжінің халықаралық қатынастар профессоры Эндрю Латхамның (Andrew Latham, Macalester College) айтуынша, БҰҰ Бас Ассамблеясы соғыс, әйел құқығы мен гендерлік теңсіздік, климаттың өзгеруі тұрғысынан әлем нашар жағдайда екенін көрсетті.

- Айта кететін бір қызық жайт, БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысы алдында өткен Болашақ саммитінде бұрынғы институттарды, халықаралық ұйымдарды, әсіресе Біріккен Ұлттар Ұйымын және оның аясындағы Қауіпсіздік Кеңесін реформалау қажеттігі туралы айтылды. Ол – 1945 жылы құрылып, кейін геосаяси шындықты көрсетті. Оның бес тұрақты мүшесі Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңімпаздары болды. Бірақ, ол әлемдегі күштердің қазіргі тепе-теңдігін көрсете алмайды. Мәселен, отаршылдық дәуірде құрылған Африка Қауіпсіздік Кеңесі құрамында жоқ. Әлемдегі ең көп халқы бар, әскери және экономикалық жағынан дамып келе жатқан Үндістан да тұрақты мүше емес. Білесіз бе, егер басқа планетадан біреу БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне қарауға келсе, онда не болып жатқанына таң қалар еді. Біз мұны түбегейлі өзгертуіміз керек. Бірақ, мәселе мынада: Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері – Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция және АҚШ вето құқығына ие. Сондықтан олар ұнатпайтын кез келген реформалардың әрекетін тоқтата алады, - деп атап өтті Латхам.

Еске сала кетейік, 23 қыркүйек күні өткен Болашақ саммитінде басқа елдердің әртүрлі деңгейдегі басшылары және өкілдерімен қатар Қазақстан сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу де сөз сөйлеген. Ол климаттың өзгеруі және ядролық қауіп сияқты заманауи жаһандық сын-қатерлерді еңсеру үшін БҰҰ жүйесін жан-жақты реформалау қажет екенін атап өтіп, бұл үдерісте халықаралық институттардағы орта державалар мен дамушы елдердің дауыстарын күшейту маңызды рөл атқаруы тиіс екенін алға тартты.

«Бұл үдерісте халықаралық институттардағы орта державалар мен дамушы елдердің дауыстарын күшейту маңызды рөл атқаруы тиіс», - деген Мұрат Нұртілеудің тезисі басқалардың да ортақ пікірн аңдатқан.    

БҰҰ ассамблеясына Украина басшысы Михаил Зеленскийдің қатысуы мен оның Америкада өткізген кездесулері де жұрт назарын аудартқан.  

Алайда Эндрю Латхамның айтуынша, Зеленскийдің БҰҰ Бас ассамблеясында сөйлеген сөзі де күткен нәтиже бермеген.

- Бұл бір жыл бұрын Батыста соншалықты танымал болған Зеленскийге ұқсамайды. Ол өзінің бейбітшілік шарттары идеясын алға тартып, егер сіз маған көбірек қару берсеңіз, біз Ресейді келіссөздер үстеліне отырғыза аламыз дейді ол. Бірақ бұл шынайы үміт емес деп ойлаймын, - дейді Эндрю Латхам.

РЕФОРМАНЫ КІМ ЖҮЗЕГЕ АСЫРАДЫ?

Ал Еуропалық саясат орталығының сарапшысы Мария Мартисиютенің (Maria Martisiute, EPC) пікірінше, Владимир Зеленскийдің БҰҰ Бас Ассамблеясына келуі маңызды қадам.

- Ол Америка Құрама Штаттарына, әсіресе алдағы сайлау аясында Пенсильванияға барды. Америкалық сайлаушылар қазір сайлау нәтижесіне қатысты негізгі акционерлер саналады және бұл Украинаның болашағына тікелей байланысты. БҰҰ Бас Ассамблеясы Ресейге қатысты көптеген сыни пікірлер мен бейбітшілік туралы ұсыныстар айтылған халықаралық платформа берді. Алайда, бүгінгі әлемде көшбасшылықтың болмауына байланысты мұның бәрі ақыр соңында көп нәтиже береді деп ойламаймын. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мен халықаралық институттарды реформалау идеясы маңызды, бірақ, өкінішке орай, мен Батыста және жалпы әлемде бұл реформаны шешуші қарқынмен жүзеге асыра алатын көшбасшыларды көрмей тұрмын, - деді Мария Мартисиюте.

«САЙЛАУДАН КЕЙІН АНЫҚТАЛАТЫН НАҚТЫЛЫҚ»

Украиналық саясаттанушы Олеся Яхно Зеленскийдің Америкаға сапары сондағы президент сайлауы алдындағы саяси науқанға дөп келгеніне назар аударған. Және ондай жағдайда Украинаға берілетін көмек те азаюы ғажап емес дейді ол.

- Біз қазір бұл сапардың қаншалықты сәтті болғанын айта алмаймыз. Менің ойымша, жақсы нәтижелер бар. Мәселен, Украинаға 8 млрд доллар шамасындағы жаңа көмек пакеті берілетін болды.  G7 + Украина форматында өткен кездесуде де 30 ел соғыстан кейінгі қалпына келтіру туралу декларацияны қуаттады. Бұл күн сайын соғыспен бетпе-бет келіп отырған Украина үшін өте-мөте маңызды, - дейді Олеся Яхно.

Оның айтуынша, бейбітшілікк қол жеткізуде Ресейдің соғысты уақытша ғана тоқтата тұрып, басып алынған жерлерде билік құру шарты қабылданып кетпес үшін диломатиялық тәсілдер керек болады.

- Бейбітшілікті орнату ісі халықаралық құқық және БҰҰ деңгейінде атқарылуы тиіс. Ресейдің өз ішінде осыған жетелейтін әрекеттер пайда болғаны жөн болар еді. Менің ойымша, мәселенің ендігі мәні АҚШ-тағы сайлаудан кейін нақтылануы мүмкін, - дейді украиналық саясаттанушы Олеся Яхно.

Ресейдің Украинаға соғысы 2014 жылы Мәскеудің Қырымды аннексиялауынан кейін басталды. 2022 жылдан бастап, бұл соғыс Ресейдің Украинаның басқа да аумақтарына шабуылдан соң үдей түсті. Соғыс басталғалы екі арада жүз мыңдаған адам қаза тауып, тағы да сонша адам жараланды. Ресей әскери емес нысандарға шабуыл жасадық жариялағанымен, іс барысында көптеген бейбіт тұрғын қаза тауып, адамдардың үйлері, ауруханалар қирады.

Пікірлер