Кәрім Мәсімовке Назарбаевты әшкерелеу ұсынылды ма?

1369
Adyrna.kz Telegram

Мемлекетке опасыздық жасады деп айыпталған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтен рақымшылыққа ілігу үшін Қаңтар оқиғасы туралы бар шындықты айтуын сұрау керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы «Orda.kz» сайтына сілтеп.

«Мен өз басым Мәсімовті ұйымдастырушы деп ойламаймын. Ол Қауіпсіздік кеңесі төрағасының бұйрықтарын орындауға мәжбүр болды. Кәрім Мәсімов көп жылдар бойы премьер-министр және Назарбаевтың сенімді адамы болғанын атап өтемін. Ол өзінің жеке тапсырмасын орындап қана қоймай, тұңғыш президенттің жеке ісімен де айналысты. Мәсімов атақты «Қазақгейттен» кейін Еуропадан өз активтерін шығарып жатқан, сонымен қатар «Ескі Қазақстанның» активтерін Оңтүстік-Шығыс Азияда, Қытайда, Шанхайда, Гонконгта және Әмірліктерде орналастыруға қатысқан. Егер Мәсімов барлық транзакцияларды әшкерелеп, оның орнына бостандық сұрайтын болса, оған бұл рақымшылық жасау керек деп ойлаймын», - дейді Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи.

Бапидің айтуынша, Кәрім Мәсімов Қаңтар оқиғасын ұйымдастыра алмаған. Мәсімов қаңтардағы оқиғалардың барлық тізбегін көрсетіп, басты ұйымдастырушыны атауы керек.

«Біз үшін оны түрмеде ұстаудан гөрі, тәркіленген мүліктер туралы ақпаратты анықтау маңыздырақ. Оның түрмеде отырғанынан халыққа пайда жоқ», – дейді Бапи.

Еске салайық, 2023 жылдың 24 сәуірінде Астана соты ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовке қатысты ҚР ҚК 175-бабының 1-бөлігі (мемлекетке опасыздық), 3-бөлігі бойынша 18 жылға соттаған болатын. Оның бұрынғы орынбасарлары Әнуар Садықұлов 16, Дәулет Ерғожин және Марат Осипов 15 және үш жылға сотталды.

10 маусымда Мәсімов Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан кешірім сұрағаны белгілі болды.

Пікірлер