Шымкентте емші асырап алған 6 баласын азаптап, ит пен мысықтың етін жегізген

2945
Adyrna.kz Telegram
Фото: видеодан алынған
Фото: видеодан алынған

Шымкентте емші 6 баланы асырап, оларды жұмысқа жеккен. Бұл туралы Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Бірнеше жылдар бұрын Ұлықбек емші туралы республикалық арналар “Әруақты емші” деген хабар дайындаған екен.  Журналистке емшіні танитын қарындасы хат жазған.

"Ұлықбек Сманов Оңтүстік өңірдің Ордабасы ауданы, Көкбұлақ ауылында туып өскен. Ата-әжесінің қолында тәрбиеленген екен. Нақты жасы 51-де. Әжесінің айтуынша бала кезде кешкісін Бадам өзенінің жағасында ұйықтап қалған, содан ауытқу басталды. Көрші-қолаң мазақтап күліп, ата-әжесі “баламыздың өз әлемі бар” деп қорғаштады. Есейе келе ауытқуы асқынып, псих. диспансерде емделгені рас",- деп жазған қарындасы.

Кейін емшілікпен айналыса бастағанын, тіпті мектепте музыкадан сабақ бергенін де айтты.

"Әруақ қонды деп, арқасы қозып, өздігінен сағаттап сөйлей бастайды. Зікір оқып, қамшымен дем саламын деп жүрді өзі. Арасында қазақ-араб университетін оқыдым деп, 2010-шы жылдары Отырар колледжінде музыкадан сабақ та берген. Кейін үйленіп, мал бағып, малды-жанды болып тұрмысы көтерілді",- делінген хатта.

Қарындасы ағасының Индира есімді жары бар екен, ол екеуі әжелерін асты-үстіне түсіп қарағанын да жазған.

"Ол псих больницада учетта тұрса асырауға 6 баланы кім берді, неге берді, неге тексермеген? Біз тіптен білмедік бұл үйде 6 бала барын, әлде, жүйке ауытқуын біліп, бауырымызды біреу подставить етті ме екен? Ақшаға мұқтаж емес, мал-жаны бар адам. Өмір бақи қараусыз мысық-күшікті жағалап, артынан шұрқыратып тамақ беріп жүретін. Егер, 4 жыл бойы 6 балаға ақша алып келсе оны қайда, кім жұмсады екен?", - дейді емшінің қарындасы.

Қазір Ұлықбек Сманов емдеу бөліміне жатқызылды. Балалар үйіне хабарласқан 16 жасар ұл мен қыз Шымкент қалалық қиын  жағдайға түскен балаларды бейімдеу орталығында. Қалған 4 бала бөбектер үйіне орналастырылған.

Бұған дейін Шымкенттегі отбасының 6 баланы асырап алғаны жайлы Балалар құқықтары жөніндегі Уәкіл Динара Зәкиева жазған.

Мәлімет бойынша, отбасы асыранды 6 баланы жылдар бойы азаптап келген. Емшілікпен айналысатын отағасы балаларды жуындырмай, аш құрсақ ұстаған. Ит пен мысықтың етін жегізіп, зәрін ішкізген.

«Сарайларына кірдік. Газ балллонында 32 мысық байлаулы тұр екен. Бала бұл мысықты шетінен сойып, бізге тамақ береді деді. Мүлдем шомылмаған, денелерін қасыған. Түнде балаларды қасынбасын деп байлап қояды екен», — дейді Жазықбаева.

Бүлдіршіндердің бірі аталған отбасыға небәрі 1,5 айлығында қамқорлыққа берілген.

Шымкентте емші кәмелет жасына толмаған 6 баланы 2021 және 2023 жылдары қамқорлығына алған. Олардың екеуі сот шешімімен әйелі екеуінің асыранды балалары саналса, қалған төртеуі өзінің қамқоршылық тәрбиесінде болған.

Балалардың үлкені - 2008 жылдың сәуірінде дүниеге келген ұл бала. 2021 жылдың 7 шілдесінде Шымкент қалалық білім басқармасы басшысының №344 бұйрығымен емшіге қамқоршылыққа берілген. 2021 жылдың 12 қазанында Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен жасөспірімді емші мен оның әйелі асырап алған.

2021 жылдың 17 мамырында туған қыз бала 2021 жылдың 7 шілдесінде Астана қалалық білім басқармасы басшысының № 336 бұйрығымен қамқоршылыққа берілген. Емші мен оның жұбайы 2023 жылдың 30 қазанында бүлдіршінді сот шешімімен асырап алған.

Үшінші және төртінші перзент - 2021 жылдың 26 мамырында дүниеге келген егіз ұл мен қыз. Егіздер 3 айға жетер-жетпес жаста 2021 жылдың 18 тамызында Астана қалалық білім басқармасы басшысының № 436 бұйрығымен емшіге қамқоршылыққа берілген.

2020 жылдың желтоқсанында дүниеге келген және 2019 жылдың маусымында туған екі ұл бала 2023 жылдың 19 қыркүйегінде Шымкент қалалық білім басқармасы басшысының бұйрығымен қамқоршылыққа берілген.

Қалалық білім басқармасы балаларды қамқорлыққа беру және асырап алу процедуралары Білім және ғылым министрінің 2020 жылдың 24 сәуірдегі № 158 «Отбасы және балалар саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы» бұйрығымен белгіленген тәртіппен жүзеге асырылғанын алға тартты.

«2021 жылдың 7 сәуірінде білім басқармасына Шымкент қаласы Абай ауданы Көкбұлақ тұрғын алабында тұратын азаматтан жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмаған балаларды қамқоршылыққа алу үшін кандидат ретінде республикалық деректер банкіне есепке қою үшін тиісті құжаттарымен өтініші келіп түсті. Ұсынған құжаттар басқарма қызметкерлері тарапынан зерделеніп тексерілді. Сараптама жүргізіліп, өтініште көрсетілген мекенжай бойынша тұрғын үй-тұрмыстық жағдайы туралы акт жасалды. Жоғарыда аталған рәсімдердің оң нәтижесіне байланысты азамат жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қорғаншылық және қамқоршылыққа алу үшін кандидат ретінде республикалық деректер банкінде тіркелді», - деді басқармадағылар.

 

Пікірлер