Бекболат Тілеухан жер сілкінісі мен топан суға тәңіршілдерді кінәлап сөйледі

1420
Adyrna.kz Telegram

Экс-депутат, жыршы Бекболат Тілеухан Қазақстанда жер сілкінісі мен топан судың болғанына тәңіршілдерді кінәлады. Бұл туралы ол Top baige ютуб арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

“Қазақта “кәпір тоқ болса, мұсылман тыныш” деген керемет сөз бар. Тіпті, мұсылманның тыныштығы үшін кәпірдің тоқ болуына тілекші болады. Енді өйстіп отырған қазақты мұсылман емес деп жатыр қазір. Мұсылманшылдықтан басын ала қашып жатыр.

Рамазан айының кезінде бақсылардың құрылтайын жасады. Енді одан кейін топан су болды екен деп, жер сілкінді екен деп ренжімеңіз. Құдайға, Аллаға тіл тигізіп жатыр, ескертіп жатыр. Неге Рамазан айында қара түнек басып кетті бір сәтте? Мұның бәрі ескерту”, деді Бекболат Тілеухан.

Белгілі кәсіпкер, қоғам белсендісі Ахметбек Нұрсила өзінің Facebook парақшасында Бекболат Тілеуханның бұл сөзіне пікір білдіріп, сауал жолдады. 

«Бекболат бауырыма бірер сұрақ:

1. Құдай қазаққа өш пе? Неге , Швеция, Норвегия, Финляндия, Мальта и Барбадос елдерінде ешқашан жерді сілкімейді, ал Қазақстандағы жерді сілкілейді?

2. Құдай неге Алматыға өшігіп алған? Неге Солтүстік облыстарда жерді сілкімейді? Егер Тәңіршілдер өз құрылтайын Астанада не Көкшетауда жасаса не болар еді? Сол жерді сілкілей ме, жоқ бәрібір сол Алматыға кәрін төге бере ме?

Жалпы Бекболат көзі ашық, көп оқыған адамсың ғой, жердің сілкінісі жайлы  ғылым не дейді екен? Ғылымды оқыған адамдардың жазғанын бір шолып шықсаң. Дінде де "оқы, оқы және оқы" деген ғой. Тек құранды ғана оқи бермей география, сейсмология деген ғылымға да бірауық уақыт бөліп, содан кейін пікіріңді тағы бір жазып шықсаң”, деп жазды Ахметбек Нұрсила.

Бұл жазбаның астына авторды қолдаған бірнеше пікірлер жазылды.

”Керек десең, біз жақта құран өртеп жатыр, ал Ауғанстанда дінге тіл тигізсең дарға асады. Неге, Құдай Ауғанстанда жер сілкілейді, ал Данияда сілкілемейді”, деп жазуда пікір білдірушілер.

Пікірлер