Өзбекстанда имамдарға әлеуметтік желіде отыруға тыйым салынды

1581
Adyrna.kz Telegram

Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасы имамдардың әлеуметтік желіде сөйлеуіне шектеу қойды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

27 мамырда Өзбекстандағы барлық мешіт имамдарына әлеуметтік желілерге кірмеу және әлеуметтік желідегі жазбаларға «лайк» баспау туралы ескерту берілді.

Ташкент қаласының бас имамының көмекшісі Эргаш Рустамовтың Telegram арқылы аудандардың бас имамдарына жолдаған аудио хабарламасында әлеуметтік желідегі сөздерді қатаң бақылау туралы айтылған.

«Сәлеметсіздер ме, құрметті облыстың бас имамдары. Ендігі міндетіміз – әлеуметтік желіге кірмеу. Біз мұны қатаң бақылауға аламыз. Бұл қажылық парызын өтейтіндерге де қатысты. Әлеуметтік желідегі кез келген тақырыпқа кері байланыс беруге болмайды», - деді Рустамов.

Имамдар діни басқарманың бұл шешімін олардың қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейту деп түсінді.

Қауіпсіздік мақсатында аты-жөнін атамауды қалаған Ташкент имамы имамдардың интернетке шығуына шектеу қою ар-ождан бостандығы туралы заңға қайшы келеді дейді.

«Бұл мүфтидің бұйрығы дейді. Бірақ бұл біздің қол-аяғымызды байлап қояды», – дейді ташкенттік имам.

Соңғы уақытта бірқатар имамдар діни басқарманың пайымдауынша, рухани деңгейіне сай келмегендіктен қызметтерінен шеттетілді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстанда мешіт имамдары мен наиб имамдарынан шетелдік төлқұжаттарын елдегі мұсылмандар діни басқармасының жергілікті өкілдеріне тапсыру сұралған. Себебі, имамдардың шетелге шығуына жол бермеу көзделген.

«Соңғы күндері имамдар қатты қысымға ұшырады, сондықтан билік кейбір имамдар елден кетіп қалады деп қорқады», - деді «Азаттық» (Озодлик) радиосының өзбек қызметінің сұхбаттастарының бірі.

Өзбекстан министрлер кабинеті жанындағы Дін істері жөніндегі комитеттің мәліметі бойынша, 2021 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша елде 16 конфессияның 2285 діни ұйымы жұмыс істейді. Оның 2098-і исламдық ұйым болса, 188-і басқа діни ағымдарға жатады.

Өзбекстан Конституциясына сәйкес дін мемлекеттен бөлінген. Діни ұйымдар мен конфессиялардың қызметі Өзбекстан Республикасының «Ар-ождан бостандығы және діни ұйымдар туралы» Заңымен реттеледі.

Пікірлер