D дәрумені жетпей жүргенін білесіз бе?

1487
Adyrna.kz Telegram

Кейде аяғы талтақ бүлдіршіндерді, белі мен омыртқасы қисық болғандықтан, қисайып жүретін балаларды көріп қаласың.

Ал үлкендер арасында тайып жығылса немесе аяғыңды әнтек басып, құлағанында бір жері бірден мертігетін адамдар болады. Тіпті спорт ойындарына қатысса болды, қолын немесе аяғын анда-санда емес, жиі сындырып алатындар кездеседі. «Көз тиген, тіл тиген, я болмаса, сөз тиген» деп өзіңше диагноз қойып, молдаға апарып үшкірте бермей, дәрігерге қаралған жөн.

Біз адам ағзасына өте қажетті D дәруменін зерттеп жүрген ҚР Президентінің Іс басқармасының Медициналық Орталығына қарасты Алматыдағы «Almaty Resort» шипажайындағы дәрігер Ризабол Оразбаева және бас маман Гүлнар Нұрпейісовамен әңгімелестік.

- Сіздердің шипажайларыңызда D дәруменіне зертханалық тексеру енгізілгенін естідік? Ол нендей тәсіл? Қысқаша сипаттап бере аласыз ба?

- 2024 жылы біздің зертханалық сараптау прейскурантымыз кеңейді. Солардың бірі D total дәруменінің көлемін анықтау. Науқастың қанын аламыз да, Германиядан әкелінген қондырғының арқасында сараптаймыз.

- D дәруменін анықтау үшін қандай реагенттерді қолданасыздар?

- Ресми жеткізушінің реагенттерін қолданамыз. Әр реагенттің жаңа партиясының калибрі өлшенеді және анализатор қондырғыдан бақылаудан өтеді. Содан кейін ғана барып, науқастың қанын сараптауға кірісеміз.

- Сараптамадан соң науқасты қандай әдіспен емдейсіздер?

- Бізге тексеруге де дәрігер жібереді, тексеруден соң қалай емделуін де дәрігер шешеді. Әр адамды әрқалай емдейді ғой, бәрі де сол қанындағы D дәруменнің көлеміне байланысты. Сараптамада «қалыпты, жеткіліксіз, аз, өте аз» деп белгіленеді. Дәрігер осыған қарайды және науқастың жасы, денсаулығына, т.б. әртүрлі жағдайға қарай емдеу тәсілін қолданады.

- Жалпы D дәрумені неге керек? Одан адамға не пайда? Ал D дәрумені жетпесе, қандай ауру пайда болуы мүмкін?

- D дәрумені – майда еритін дәрумен. Майлы тамақпен алмасуға түседі және майлы талшықтарда түзіледі. D дәрумені негізінен балық тағамдарында (албырт (лосось), жайын, скумбрия, майшабақ (сардина), тунец), уылдырығында және жұмыртқаның сарысы мен сүт өнімдерінде мол болады. Бұл дәруменнің басқасынан ерекшелігі сол, күн сәулесінің арқасында денеде өздігінен пайда болады. Бұдан бөлек қызыл уылдырық, ұлу (устрица), орман саңырауқұлағы және күнбағыс дәнінде аздап бар.
Қазір ғалымдар D дәрумені жетпегеннің кесірінен онкологиялық аурулар, сонымен қатар аутоиммун, инфекциялық, вирусты және жүрек-қантамырлары аурулары асқынады деп дабыл қағуда. D дәрумен ағзаңызда жеткілікті болса, әртүрлі инфекцияны дереу жояды, өте ауыр вирус жұқса, аурудың жеңіл өтуіне әсерін тигізіп, тіпті ковид синдромын да жеңілдетеді.

- Ал D дәрумені өте аз адамды қандай ауру меңдеуі мүмкін?

- Балалар рахит, ересектер остеомаляцияға ұшырайды.
Рахит – ағзада кальций мен фосфордың жетіспеуі. Тез өсіп келе жатқан баланың сүйек кемігі (талшығы) қисық бітуі, яғни қисық өсу мүмкін, тіпті тез үгітілетін немесе сәл соққыдан тез сынатын болады.
Үлкендерде фосфор мен кальций аздығынан сүйек кеміктеніп, яғни жұмсарып кетеді. Ауыр салмақпен құлағанда, кез келген сүйегіңіз сынып кетуі кәдік.

- Сіздер қанша адамды тексердіңіздер? Сараптама нәтижесін білгім келеді.

- Соңғы бес айда зертханамызда 88 талдау жүргізілді. 18 жастан жоғары адамдарды тексердік. Тексерілгендердің 35,2% D дәрумені қалыпты болса, 25% жеткіліксіз, 33% аз, 6,8% өте аз болып шықты. Бұған қарап, өзіңіз қорытындылай беріңіз. Дұрыс тамақтануға назар аударған жөн. Жазда ашық аспан астында серуендеу керек. Бірақ күн сәулесі пайдалы екен деп, бастан күн өтіп кеткенше ұзақ жүруге болмайды. Ал қыс мезгілінде дәрігердің нұсқауымен D дәруменін пайдаланып жүрген абзал.

Зертханалық диагностика саласында 30 жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан, ал «Almaty Resort» шипажайында 12 жылдан аса жұмыс істеп жүрген бас маман Гүлнар Бақытбекқызының айтуынша, дәрігерлер ұсынатын емдеу тәсілдерінің 70% астамы зертхана сараптамасына негізделеді. Дәрігер Ризабол Қасенқызы екеуі Қазақстан халқына тауға көп шығып, саф ауада демалып, суға көп шомылуға, әсіресе дұрыс тамақтануға кеңес береді.

Пікірлер