Бүгін, 18 сәуірде вице-премьер Қанат Бозымбаев Алматыда сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жамап.
Ғимараттардың сейсмикалық тұрақтылығын арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев есеп берді. Ол сейсмикалық деңгейі 7-9 балл болатын алаңдарда тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салу кезінде сейсмикалық оқшаулаудың міндетті жүйесін енгізу туралы баяндады.
Қанат Бозымбаев халықаралық тәжірибені, оның ішінде жапон тәжірибесін ескере отырып, сейсмикалық қауіпті өңірлердегі нысандарды жобалау кезінде нормаларды қатаңдату жұмыстарын жүргізуді, сондай-ақ аккредиттелген зертханаларды қолдана отырып, құрылыс нормаларының сәйкестігін қадағалауды күшейтуді тапсырды.
Алматы әкімі Ерболат Досаев қалада 1 маусымға дейін Mass Alert жүйесінің пилоттық режимде енгізілетін айтты. Жаңа жүйе төтенше жағдай туындаған сәтте азаматтарды уақытылы хабардар етпек.
Вице-премьер халықты шұғыл хабардар ету жүйесін іске қосу процесін жеделдетуді тапсырды. Аталған жүйе еліміздің жер сілкінісі қаупі бар барлық өңірлерінде болуы және үздіксіз жұмыс істеуі қажет.
Сондай-ақ Қанат Бозымбаев жер сілкінісі болған жағдайда халықты ақпараттандыруға, құтқару және эвакуациялық іс-шараларды ұйымдастыруға, жылжымалы далалық госпитальдарды өрістетуге қатысты мемлекеттік органдардың іс-қимыл алгоритмін тыңдады.