Қазақстанда бұрынғы уақыт белдеуі қайтарылуы мүмкін, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
БАҚ өкілдерінің уақытқа қатысты сауалына Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев жауап берді.
«Қазір бұл туралы сөз қозғауға ерте. Әзірге біз министрліктің басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп қабылдаған ресми ұстанымын ұстанамыз», – деді вице-министр Мәжіліс кулуарында.
Сондай-ақ, вице-министр петиция 50 мың қол жинаса, бұрынғы сағат белдеуіне оралуымыз мүмкін екенін айтты.
«Петиция 19 сәуірде жарияланды. Қазір мың адамдай қол қойған. Біз мұқият мониторинг жасап отырмыз. Петицияда көрсетілген талаптар ескеріледі. Желтоқсан айында шешілетін мәселені гипотетикалық түрде талқылайтын боламыз. 50 мың дауыстың сыни массасына қол жеткізген жағдайда, жұмыс үкімет ішінде қайтадан қаралады», – деді спикер.