«Шындық тәтті болмайды». Деректі фото туралы алғашқы зерттеу жарық көрді

1319
Adyrna.kz Telegram

Сәуірдің 30-ында Алматыда «Деректі фото: тарихы және даму көкжиегі» атты монография таныстырылды. Соған орай Ұлттық кітапханада арнайы тұсаукесер рәсімі өтті.  

«Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы ұйымдастырған шарада бұл еңбектің мән-маңызы жайында айтылды.

Ғылыми еңбектің авторлары Асылхан Әбдірайымұлы, Серік Мұқышұлы және Дәурен Мақсұтханұлы деректі фото саласындағы ағымдар мен алғашқы қадамдардан бастап, оның бүгінгі беталысы жайында тоқталған.

- Деректі фото фотографияны әлеуметтік тілге айналдырды. Осы арқылы фотография шындықты ашушы және сынға  алушы көрсеткіштік мәнге ие болды. Бәрінен маңыздысы – деректі фото әлеуметтік шындықты белсенді түрде жеткізетін құралға айналды, - дейді кітап авторының бірі Серік Мұқышұлы.

Монографиялық еңбекте авторлар көркем фотодан алыстау жүріп, мән-мазмұны бар «ащы» фотоға, яғни деректі фотоға келуге шақырады. Кітапта деректі фотоның маңызы мен тарихы әр кезеңдегі авторлар мен олардың туындылары арқылы көрсетіледі. Еңбектің қорытынды бөлімінде деректі фотоның еліміздегі беталысы және оның сапалы дамуына жасалған алғашқы жобалардың нәтижелері ұсынылған.

Классикалық ақ-қара түстегі фотолармен безендірілген бұл кітап: ««Тәтті фото» мен «Ащы фото» терминдерін ғылыми айналысқа енгізу жолдары», «Әлемдегі деректі фото жағдайын талдау» және «Қазақстандағы деректі фотоның даму көкжиегі» атты негізгі үш тараудан, сонымен қатар авторлық тұжырым мен библиографиялық тізімдерден құралған.

Кітапта Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивін қорынан алынған суреттері пайдаланылған.

Фотография саласы бойынша қазақ тілінде алғаш рет жарық көріп отырған монография деректі фотоның жанр ретінде дамуына көмекші құрал бола алады.

 

«Деректі фото: тарихы және даму көкжиегі» кітабының тұсаукесерінде  «National Geographic Qazaqstan» журналының қолдауымен Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылған «Деректі фото» біліктілікті арттыру курсының нәтижесі көрме түрінде ұсынылып, үздіктері арнайы сертификаттармен марапатталды.

Кітап авторлары: Асылхан Әбдірайымұлы, Серік Мұқышұлы және Дәурен Мақсұтханұлы кітаптың жарық көруіне қолдау білдірген «Қазақстан авторлар қоғамына» және осы еңбекті баспы шығарған «Дарын» баспасына алғысын білдірді.

«Жақсы фотошығарма қашан да адамдар жүрегіне ұялайды, бұл – өзгермейтін ақиқат. Өйткені өнер адамның жүрегіне, рухына әсер етеді. Шындық қашан да тәтті болып келмейді», - делінген кітапта.

Пікірлер