ҚАЙЫРБЕК ШАҒЫР: Халық тасып кетпесін...

2392
Adyrna.kz Telegram
Сурет: Көкшетау қаласының әкімдігі
Сурет: Көкшетау қаласының әкімдігі

Лирикаға саясатты араластырмайын дейсің, бірақ айналада болып жатқан оқиғалар көңіліңді алаңдатқан соң, өлеңге түсірмеске лаж жоқ.

 

Қалғанда су астында момын жандар,

Ақшаның тасқынына шомылғандар,

Ел басына күн туған мына күнде,

Етікпен су кешуге қорынбаңдар.

 

Уайымдап кедей жүр ғой кредитін,

Өсімқор миығынан күледі итің.

Халықты күнкөріске байлап қойса,

Құл қылу оңайлығын біледі итің.

 

Жарлының мойнына артып айыппұлды,

Жемқорлар ел байлығын ғайып қылды.

Ақшамен бірі басын арашалап,

Шетелге тағы бірі тайып тұрды.

 

Солар ғой жүздеп-мыңдап киік атқан,

Ақшасын казиноға жиі шашқан.

Тәлім жоқ, тамсанатын өнеге жоқ,

Жол таппай жас ұрпақ жүр миы қатқан.

 

Әй, шенді, ақырын жүр, анық басып,

Жасырынбақ ойнама, жарыққа шық.

Су тасыса, сіңеді-ау бір күн жерге,

Халық тасып кетпесін, халық тасып…

Қайырбек Шағыр

 

 

 

 

Пікірлер