Алғашқы қарлығаштар. Қазақ қызынан шыққан замана тұңғыштары

6247
Adyrna.kz Telegram

Ұлы дала тарихында аты аңызға айналған арулар көп. Ел мүддесі үшін еңбек қылған, оқымысты, зиялы жандарды тек мерекелерде ғана еске алмай, үнемі үлгі тұтып жүруге татиды.  

ЕЛ БАСҚАРҒАН БОПАЙ ХАНЫМ

Қазақтың баһадүр ханы Әбілқайырдың зайыбы, дүниеге Нұралы, Ералы, Айшуақтай хандарды әкелген алтын құрсақ ана, ұлт тарихында ұмытылмас із қалдырып, өз дәуірінде көрнекті қоғам қайраткері, сарабдал саясатшы да бола біліп, ел билігіне ықпал еткен қазақ әйелі - Бопай ханым.

Бопай ханым көзі тірісінде-ақ белгілі мемлекет қайраткері болды, көрші елдермен тату болып, Ресеймен бейбіт қарым-қатынас орнатты, соның арқасында көптеген мәселелерді дипломатиялық жолмен шеше алды. Оның 1731 жылы 22 қарашада орыс патшасы Анна Иоановнаға, 1748 жылы 5 қазанда Елизавета Петровнаға Орынбор әкімшілігінің әртүрлі кезеңдерінде бірнеше рет жолдаған хаттары – соның дәлелі.

Бопай ханым күйеуі қайтыс болғаннан кейін де саяси бағытын өзгертпей, Кіші жүз бен Орта жүздің атақты билері мен батырлары қолдаған ұлы Нұралы арқылы саясат жүргізді. Нұралы хан болып сайланғаннан кейін келесі күні Бопай ханым Елизавета Петровнаға, генерал А.Тевкелевке және Орынбор губернаторы И.Неплюевке хат жазады, оларды жеткізу үшін екі жүздің атақты 8 биі Орынборға, одан әрі Санкт Петербургке аттанады.

Бопай ханым  саналы шешімдер қабылдау арқылы қажетсіз қантөгісті тоқтатуға тырысты. Күйеуі Әбілқайыр ханды руластары Барақ сұлтан өлтіргеннің өзінде ол дауды жеке сот арқылы емес, заң негізінде, патша әкімшілігі арқылы шешуге ұмтылған. Оның дипломатиялық шеберлігі қазақ-жоңғар билеушілері Нұралы мен Қайыпхан арасындағы қарым-қатынасты орнатуда айқын сезілді. Оның тапқырлығы мен ойының сергектігін патша әкімшілігінің орыс шенеуніктері де, шетелдік саяхатшылар мен тарихшылар да бірнеше рет атап өткен. ХІХ ғасырдың отызыншы жылдары тарихшы А.Левшин: «Бопай өзінің зеректігінің арқасында Кіші жүзде бедел мен құрметке ие болып, сол жылдардағы дана саясаттың жүзеге асуына күшті ықпал етті» деп жазды.

ТҰҢҒЫШ МҰҒАЛІМ

Хұсни-Жамал Зұлқарнайқызы Нұралыханова – Жәңгiр ханның немересi, 1894 жылы Бөкей Ордасында қазақ қыздары үшiн мектеп ашқан тұңғыш қазақ аруы. Қазандағы земство мектебін бітірген бойжеткен небәрі 22 жасында Бөкей Ордасында қыздар мектебін ашты. Қазақтың қайраткер қыздары – Алма Оразбаева, Рәзия Меңдешова, Әмина Мәметова (Мәншүк Мәметованың анасы) Хұсни-Жамалдың мектебiнен өткен.

«Мен бастаған iсiмдi аяқсыз қалдырмай, қалайда аяқтап шығатындай тиянақты болуды Хұсни-Жамал апайдан үйрендiм. Ол ақылына көркi сай ерекше жаратылған сұлу жан едi. Тал бойында бiр мiнi жоқ, киiм-киiсi, жүрiс-тұрысының өзi үлкен мектеп болатын. Оның көркем жазуға үйреткендегi сүйрiктей саусақтары, мәнерлеп оқудағы мақпал даусы әлi есiмде. Ол бiзге жазу мен оқуды ғана үйретiп қойған жоқ, жұрттың алдында өзiмiздi қалай ұстауды, жүрiп-тұруды, бой күтудi ерiнбей-жалықпай үйрететiн. Ән салуға, еуропаша би билеуге баулитын»,—дейдi естелiгiнде Әмина Мәметова.

Талай жасты тәрбиелеген ұстаз 40 жасында алғашқы қазақ заңгері Бақытжан Қаратаевтың інісі Арон Қаратаевқа тұрмысқа шығады. Бұған дейін ол мектебі мен сүйікті шәкірттерінен көз жазып қаламын деген қорқынышпен өз мүддесін ойлауды екінші орынға қойған.

«Тұрмысқа шығып, басқа қалаға қоныс аудару қажеттігі туған кезде де толқу сезімінен арылмады. Ақыры мені шақырып алып: «Ең алғыр шәкіртімнің бірісің. Рәзия айналайын, менің бастаған ісімді сен жалғастыр. Балаларға білім берудің өзі үлкен бақыт, соны ұмытпа, айналайын деді. Бұл сөздерді жүрегінің жартысы осы мектепте қалып бара жатқандай дауысы дірілдей айтты»,— деп жазады Рәзия Меңдешова өзінің естелігінде.

Хұсни-Жамалдың тұрмысқа шыққаннан кейінгі бастамалары қуғын-сүргін уақыттарына тұспа-тұс келді. Билік оны және күйеуінің істерін үнемі қадағалап отырды. Соған қарамастан Хұсни-Жамал Зұлқарнайқызы Орал қаласының зиялы қауымының жиындарына жиі қатысып, «Қазақстан» газетінің шығуына атсалысып, жас ұстаздарға ақыл-кеңестерін жариялап отырды.

«ҚАЗАҚ МЕДИЦИНАСЫНЫҢ ҚЫЗҒАЛДАҒЫ» 


Медицина саласы біліктілік пен мейірімділікті қажет ететін ғылым саласы. Қазақтың тұңғыш әйел дәрігері Гүлсім Асфендиярова дәл осы қасиеттерге ие жан болды.

Асфендияров тегі Гүлсімнің інісі Санжар Асфендияровтың арқасында кеңінен танымал болғанымен, сол отбасын бірінші болып медицина ғылымына сүйреген ару - Гүлсімнің өзі.

Ол 1880 жылы Ташкентте дүниеге келген. Анасы Абылай ханның ұрпағы, ал әкесі әскери аудармашы болған. Гүлсім бала кезінен көмекке мұқтаж науқас жандарды көріп өсті. Бұл жайттар бойжеткеннің дәрігер болуына тікелей әсер етті.

Гүлсім Асфендиярова Санкт-Петербургте, бірінші әйелдер медициналық институтында оқыды. Бұл сол кездегі беделді бірегей оқу орындарының бірі болды, өйткені басқа еуропалық университеттерде әйелдер жоғары медициналық білім ала алмады. Онымен қоса институтта білім алу үшін 10 стипендияға конкурс жарияланды. Гүлсім сол стипендияның иегері атанған болатын. Ол 1908 жылы оқуын өте жақсы бағаға бітіріп, туған жеріне оралып, мамандығы бойынша жұмыс істей бастайды. Осылайша Гүлсім Асфендиярова жоғары медициналық білімі бар тұңғыш қазақ әйелі атанды.

Асфендиярова өзін Түркістан әскери округіне арнайы жіберуді өтінді. Гүлсімнің тілегі шындыққа айналып, он сегіз мың адамның арасындағы өз міндетін жақсы атқарған жалғыз дәрігер болды. Ол адамдарды емдеп қана қоймай, оларға білім берді, жеке бас гигиенасы және жиі кездесетін аурулардың алдын алу туралы насихат жүргізді. Гүлсім –Түркістан өлкесінде босанушы әйелге кесір тілігін алғаш қолданған және ананың да, баланың да өмірін аман сақтап қалған дәрігер.

Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Ташкенттегі отбасына оралды. Онда да қол қусырып отырмай, 30 төсектік акушер-гинекология бөлімін ұйымдастырды. Кейін Гүлсім қалалық перзентхананың директоры болып, акушерлік курстарын ашты. 1918 жылы Бүкілресейлік мұсылман әйелдер съезіне Ташкенттен делегат болып, Ташкент медициналық техникумында ұзақ уақыт сабақ берді, журналдарға мақалалар жазып, ағартушылық қызметін жалғастырды.

«Қазақ медицинасының қызғалдағы» Гүлсім Асфендиярова бүкіл өмірін медицина саласына арнап, адам жанының арашашысы болды.

 

Қазақ қыздарынан шыққан алғашқы дәрігерлердің бірі Аққағаз Досжанова Орынбордағы қыздар гимназиясын бітіріп, Мәскеудегі медицина курсында жалғастырады. Ол білім алған жылдар Бірінші дүниежүзілік соғыстың өршеленген кезіне тұспа-тұс келеді. Сондықтан да Аққағаз Досжанова мейірбике есебінде майдан даласына жіберіледі. Сол жерде жаралыларға алғашқы медициналық көмек көрсетумен айналысады. Қайсар қазақ қызы кейін Ташкентте Орта Азия мемлекеттік университетінде білімін жалғастырады.

Аққағаз Досжанова — медицина саласында ғана емес, баспасөзде де өзіндік қолтаңбасын қалдырған жан. Ол «Қазақ», «Әйел теңдігі», «Абай», «Жас азамат» сынды басылымдарда  ел ішінде кең тараған жұқпалы аурулар және олардың зияны мен алдын алу жолдары туралы мақалалар жазып тұрған.

ТҰҢҒЫШ ЖУРНАЛИСТ

Нәзипа Құлжанова – қазақтың тұңғыш журналист қызы. Ол 1887 жылы Торғайда дүниеге келген. Білімге деген алғашқы қадамын Қостанайда Ыбырай Алтынсарин негізін қалаған орыс-қазақ гимназиясынан бастаған. Кейінірек ол қыздар гимназиясында оқуын жалғастырып, «өте жақсы» деген бағамен тәмамдады. Мектепті үздік аяқтағаннан кейін бірден оқытушылар семинариясында ұстаздық қызметке кіріседі. Осында жүріп Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Сапарғали Бегалин, Әлкей Марғұлан мен Жүсіпбек Аймауытовтарға сабақ береді.

Журналист ретіндегі алғашқы еңбектері «Қазақ», «Айқап», «Сарыарқа», «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі», «Бірлік туы» және «Жаңа мектеп» журналдарында жарияланған. Ол өз мақалаларында қоғамдағы әйелдер мәселесін, әйелдің отбасы мен қоғамдық өмірдегі рөлін ашық жазды. Әр жылдары «Еңбекші қазақ» газетінде,«Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі» журналдарында жауапты қызметтерді атқарған.

«Әйел – халықтың анасы. Өз халқын алдыңғы қатарлы елдердің деңгейіне жеткізе алатын білімді, епті, еркін әйел ғана» деп жазған еді Нәзипа өз мақалаларының бірінде.

1917 жылы Нәзипа Семей облысы қазақтарының съезіне қатысады. 1920 жылы Қазақ Автономиялық Республикасы Оқу-ағарту халық комиссариатының оқулықтар, кітаптар дайындау, баспа ісі жөніндегі комиссиясының мүшесі болды. Ол қазақ әліпбиін дайындайтын басты мамандардың бірі ретінде танылды.

ТҰҢҒЫШ СУРЕТШІ


Айша Ғалымбаева – қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш кескіндемеші және кино суретші. Ол 1943 жылы Алматы көркемсурет училищесін аяқтап, 1949 жылы Мәскеу жалпыодақтық кинематографистер институтының мода өнері факультетін бітірген. Кәсіби сурет өнерінің классигі өз туындыларында қазақ әйелдерінің образын,  оның өз заманындағы сәнді өмірін шебер бейнелеген.

Айша Ғарифқызы 1967 жылы «Қазақстанның халық суретшісі» атағын алды. Туындылары Қазақстан, ТМД және әлемнің көптеген еліндегі жеке коллекцияларға қойылған.  «Махаббат туралы аңыз», «Өжет қыз», «Кестелі кимешек», «Батыр ана» сынды суреттерін кәсіби мамандар жоғары бағалады.

ТҰҢҒЫШ ҰШҚЫШ, ТҰҢҒЫШ «ҚАҺАРМАН»


Фашистер «түнгі мыстан» деп атап кеткен Хиуаз Доспанова — қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш қыз, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері. Ол бала күнінен-ақ көк аспанның төрінде әуелеуді аңсаған.

Қайсар қыз 1940 жылы мектепті үздік бітіреді. Мектеп бітіргенде запастағы ұшқыш куәлігін бірге алады. Алдына мақсат қойып, Мәскеудегі Жуковский атындағы әскери-әуе академиясына түсуге ниеттенеді. Алайда алғашқы қадамы сәтсіз болды. Кейіннен Хиуаз Доспанова Мәскеудің бірінші медициналық институтына тапсырып, оқуға түседі. Араға бір жыл салып, соғыс өрті тұтанады. Майданға  медбике немесе санитар ретінде аттанамын деп үміттеніп жүрген ол сол уақытта әйгілі Марина Раскованың қыз-келіншектерден авиаполк құрып жатқандығын естиді. Хиуаз ойланбастан полк басшылығына келіп, өзінің ұшу дағдыларымен қатар өжеттілігін көрсетіп, жауынгерлер құрамына қабылданады.

Қазақ қызы қан майданда 300-ден аса жауынгерлік операция орындаған. Кубань, Тамань, Новороссийск, Қырым, Белоруссия, Польшаны азат етуге белсене қатысқан ару полкімен бірге Германияға дейін жеткен.

Хиуаз Доспанова ерлігі мен батылдығы үшін «Қызыл Жұлдыз», «II дәрежелі Отан соғысы», «Қызыл Ту» ордендерімен, «Кавказды қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін»медальдарымен марапатталған. 2004 жылы Қазақстанның тұңғыш президентінің жарлығымен – «Халық Қаһарманы»  атағына ие болды.

ТҰҢҒЫШ ГЕОЛОГ

Патшайым Тәжібаева — геология ғылымы саласында қазақтан шыққан тұңғыш ғалым әйел. Көрнекті қоғам қайраткері Ташкенттегі Орта Азия университетін бітірген. Қазақ ғылымының қаранары Қаныш Сәтбаевтан тәлім алған.

Негізгі зерттеу еңбектері Орталық Қазақстанның шөгінді жыныстары мен кен тастарын зерттеу мәселелеріне арналған. Әр жылдары ғалымдығына қоса Жоғарғы Кеңестің депутаты, Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.

Патшайым Тәжібаева — Қазақстандағы литология ғылымының негізін қалаушы. Жерасты байлығын зерттеген профессордың 180-нен астам ғылыми еңбегі бар. Халықтар достығы және Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған.

Дина Литпин,

Диана Асан,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер