Қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаған

2246
Adyrna.kz Telegram
Фото: triptonkosti
Фото: triptonkosti

Бүгін - суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаған Әбілхан Қастеевтің туған күні. Жаркент өңірінде өмірге келген тұлғаның туғанына биыл 120 жыл толып отыр.

Қарапайым шаруа отбасынан шыққан Әбілхан Қастеев 8 жасынан байдың қойын бағып, отбасының арқасүйеріне айналған. Кішкентайынан түрлі әшекей бұйымдар жасап, сурет салумен әуестенеді. Кейіннен адам мүсінін жасауға көшкен кішкентай суретшіні ауылдастары айыптап, оның "күнә" екенін айтады. Бозбала күнінде оған Қызылордадан мектепке түсу туралы ұсыныс келсе де, артық қаражаты болмаған Әбілхан ауылда қалып қояды.

Әбілхан Қастеев жас кезінде Түркістан-Сібір теміржолының құрылысында үш жыл жұмыс істеген. Бос уақытты пайдаланып, бала әуестігін шыңдап, саздан түрлі мүсіндерді келтіріп, жұмысшылардың портретін салумен айналысқан. Қастеевтің таланты көптің сөзіне түсіп, оны оқуға жіберу туралы шешім қабылданады. Теміржол құрылысында жүрген адамдар оған азын-аулақ қаржы жинап, Алматыға аттандырады.

Қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаған Әбілхан Қастеевті сурет өнеріне баураған - Николай Хлудов. Өз естелігінде Әбілхан Қастеев:

“Мені көріп, мақсатымды білген Хлудов қатты таңғалды әрі қуанды. Айтуынша, мен ол көрген алғашқы қазақ суретші екенмін. Ол туғандарым жайлы, суретті қашан сала бастағаным жайлы көп сұрады, суреттерімді мақтады. Сосын суретті акварельмен салуға кеңес берді. Кетерімде маған акварель, қылқалам мен қағаз ұсынып, аптасына екі рет сабаққа қатысуымды сұрады”, - дейді.

Белгілі суретшіден тәлім алған Қастеев 1969 жылы Қазақстанның ең танымал суретшісі атанған. Ол Түрксіб туралы естелігін кенеп бетіне түсіріп, қазақ даласын бірінші рет басып өткен пойыз бен оны тамашалауға шыққан адамдар бейнелеген. Суретшінің бұл естелігі үздік әрі танымал картиналарының қатарынан орын алды.

Суретші Қастеев 1916 жылғы халық көтерілісінің 20 жылдығына орай көрмеге орай революция тақырыбында бірнеше картиналар жазған. Бірақ өзінің ең танымал туындыларының бірі - Амангелді Имановтың портретін салу үшін суретші ұзақ дайындалғанын айтады. Бірде-бір суреті сақталмаған батырдың бейнесін барынша ұқсату мақсатында ол Торғай облысына барып, Амангелдінің туыстарымен әңгімелескен. Осылайша Әбілхан Қастеев батыр Амангелді Имановтың бейнесін көрген-білген жандардың суреттеуі бойынша салған. Имановқа арналған көлемді портрет тек 1950 жылы жарық көрген.

Әбілхан Қастеев 1944 жылы Қазақстанның халық суретшісі атағын алып, 1945-1956 жылдары Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы қызметін атқарады.

Бейнелеу өнерінің майталманы 2018 жылдың соңындағы Forbes Kazakhstan жасаған рейтингте, қазақстандық “қымбат” авторлардың қатарына енген екен. Оның қарапайым акварельмен салынған туындылары 10 000 доллардан бастап, 25 000 долларға дейін бағаланса, кенептері 40 000 - 80 000 долларға сатылады.

Суретшінің ең танымал туындылары Алматы қаласындағы Мемлекеттік Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінде сақталған.

Пікірлер