Қарағандыда тұңғыш рет «Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» атты республикалық мега жоба іске асты

3559
Adyrna.kz Telegram

Қарағандыда ел егемендігінің 30 жылдығына орай тұңғыш рет ұйымдастырылған «Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» атты  ақындар мен суретшілер арасындағы республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталып, кітап альбомы таныстырылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы madeniportal.kz-ке сілтеме жасап.

Салтанатты марапаттау рәсімі Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрында өтті. Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет өткізілген 4 айға созылған мега жоба аясында байқауға 101 суретші қатысып, 300-ден астам картина келіп түскен. Солардың ішінде 8 суретші мен 8 ақын үздіктер қатарынан табылды.

Елімізде бұған дейін болмаған мега жобаның аясында жеңімпаз суретшілердің көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге қазақ бейнелеу өнері мен әдебиетінің майталмандары және Қарағанды облысының елім деп еміренген тұлғалары қатысты.

«Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» республикалық байқауының суретшілерге арналған кезеңіңе қазылық еткен қазылар алқасының төрағасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақ Елі» монументінің авторы Сембіғали Смағұлов көрмеге қойылған әрбір картинаға жеке-жеке тоқталып, қазақ бейнелеу өнерінің қарыштап дамып келе жатқанына қуанғанын жасырмады.

Бағдарлама бойынша көрмеден кейін жеңімпаз ақындардың өлеңдері қазақ, орыс және ағылшын тілдеріне аударылып, суретшілердің картиналарымен бірге жарыққа шыққан арнайы альбомның тұсаукесері өтті.

Тұсаукесерде сөз алған Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенұлы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған мега жобаның қатысушыларына шығармашылық табыс тілеп, аталған жобаның бұдан әрі дами һәм жетіле түсуіне тілек білдірді.

Республикалық байқаудың ақындарға арналған кезеңіне қазылық еткен қазылар алқасының мүшесі Серік Сағынтаев, сарапшылар мүшесінің төрағасы Сұраған Рахметұлы және қазақтың көрнекті ақыны Ғалым Жайлыбай да қос өнердің басын біріктірген жобаның ұйымдастырушылары Қарағанды облысы мен «Мәдениет порталы» зор алғысын білдірді.

Әрмен қарай «Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» республикалық байқауының марапаттау кеші жеңімпаз суретшілер мен ақындардың шығармалары жайлы арнайы түсірілген бейнероликтерді тамашалаумен жалғасты. Кеш барысында жеңімпаздар арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Айта кетейік, төрт айға созылған мега жобаның суретшілерге арналған алғашқы кезеңіне 101 суретші, 300-ден астам картина келіп түссе, екінші кезеңде 100-ге жуық ақындар бақтарын сынады. Олардың ішінен тек қана 8 суретші мен 8 ақын үздіктер қатарынан табылды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер