АСХАТ ҚАСЕНҒАЛИ: Қазақстанда оқыған ауғандық студенттер билікке жетсе, онымен келіссөз жүргізу оңай

3173
Adyrna.kz Telegram
фото: СІМ
фото: СІМ

Тәлібтердің билікке келгеніне 2 жылдан асты. 2021 жылы, 15-тамызда Кабулге кіріп, билікті алды. Сол күннен бастам Ауғанстанға қатысты аймақ елдерінің жаңа ұстанымы пайда болды. Себебі кез келген мемлекет келіссөзді билікте отырған күшпен жүргізеді. Ал Ауғанстанда билікте тәлібтер отыр. Демек, қабылда-қабылдама, ұнасын-ұнамасын олармен сөйлесуге тура келеді. Біздің Жоғары Сот сонау 2005 жылы шешім шығарып, тәлібтерді тыйым салынған лаңкестік топтардың қатарына қосып жіберген. Соған қарамастан біз олармен, олар бізбен қарым-қатынас ұстауға мәжбүр. Оның бірнеше себебі бар.

Жақында сарапшылар жиналып, Орталық Азиядағы су мәселесін талқылап, жағымсыз пікір айтты. Оқыған, көрген боларсыздар. Егер назарларыңыздан тыс қалса, осында бір сөйлеммен қайталай салайын. Былай дейді: «2028 жылы Орталық Азия елдеріндегі су тапшылығы орасан зор деңгейге жетіп, мемлекеттер арасындағы саяси қатынасқа кері әсер ете бастайды». Оқу да, қабылдау да қиын. Бірақ бұл жаны бар болжам. Ал 2028 жыл дегенің әне-міне есікті қағады, бар болғаны бес-ақ жыл қалды.

Тәлібтерге қайта оралайық. Олар билікке келген сәттен бастап су саясатын қолға алды. Көш-Тепа су қоймасын салып жатыр. Алғашқы бөлігін жоспардан 8 ай ерте аяқтап, іске қоса білді. Жылдам екен. Бұл Орталық Азия үшін жағымсыз жаңалық деген сөз. Себебі бұл канал Әмудария суының үштен бірін алып, су деңгейін 30 пайызға азайтады. Демек, Өзбекстанда су тапшылығы арта түседі. Оның бізге де сөзсіз кері әсері болады. Себебі өзбекте су азайса, олардан біздің оңтүстікке келетін су да азаяды деген сөз.

Өкініштісі өзбек билігі соңғы уақытта тәлібтермен қырғи-қабақ болып жүр. О баста «Талибанмен» Ташкент жақсы қатынаста еді. Қазір керісінше. Мазари-Шарифке дейінгі аймақтың теміржол құрылысын тәлібтер Өзбекстанмен келісіп жасай бастаған, артынша келеңсіздіктер пайда болып, ол жобаны тоқтатып қойды. Енді міне, Көш-Тепа каналы үшін тағы келіспей қалды. «Талибан» қандай әрекетті дұрыс деп тапса, соны іске асыратынын айтуда. Сөйтіп Мирзиеев пен «Талибан» тістесіп қалды. Бұл каналдың құрылысы жалғасқан сайын, тістесу де күшейе беретін сияқты. Қандай да бір халықаралық құжатты мойындай қоймайтын, қандай да бір конвенцияға қол қоймаған, әлемнің жартысында террорлық ұйым деп танылған тәлібтермен тістесіп мәселені шешу қиын-ау. Бұл тұста дипломатия көбірек қажет.

Тәлібтерге не қажет, соны беру және өзімізге қажет ресурсты алу. Міне, қазіргі қысқа мерзімдегі міндет осы. Ал «Талибанға» көп дүние қажет емес. Оларға ең бірінші астық қажет. Бізде ол бар. Ауғанстан ішінде аштық болса, босқын ағылады. Ол Орталық Азияның қауіпсіздігіне үлкен қатер. Сол себепті астық сатамыз, кейде жеңілдікпен береміз. Ауғанстан ішіндегі радикализмді сәл болса да азайту үшін Ауғанстан студенттерін әлемдегі көптеген елдер оқытып жатыр, солардың қатарында біз де бармыз. Себебі білім ғана соқыр сенім, қараңғы радикализмнен құтқарады. Оның үстіне Қазақстанда оқыған ауғанстандық студент кейін қандай да бір жолмен билікке жетсе, онымен келіссөз жүргізу әлдеқайда оңай болады. Жер сілкінісінде қол ұшын создық, ұдайы гуманитарлық көмек береміз дегендей. Бұның бәрі жайдан-жай емес.

Біз үшін Ауғанстанның қажеттілігі су тапшылығы артқан сайын ұлғая бермек. Көш-Тепа каналы бойынша да мәселені ОА бойынша біз реттеуге үлес қоса аламыз. Бұл алдағы жылдары су үшін кемі саяси алаңда текетіріс болуы мүмкін сәтте өте қажет дүние. Біздің қазір жасап жатқан әрекетіміз, болашақта болатын ауыр да қиын келіссөздерге салынған инвестиция деп түсіну маңызды.

Су үшін талас-тартыс болмайды десеңіз қателесесіз. Биылдың өзінде біртуған саналатын қырғыз ағайынмен су үшін сәл ренжісіп қалдық. Қырғызстаннан келетін су тоқтап, Жамбылдағы шаруаларымыз зардап шекті. Бұл бізге жасалған саяси қысым болды ма, Мәскеудің айтқанымен су беру тоқтатылды ма, әлде расымен су тапшы ма, ол жағын білмедім. Білерім, бұл нақты сигнал болды. «Президент Қырғызстанға ресми сапармен барған сәтте, қазақстандық «Тұран» суын алып барып, артынша су мәселесі реттелді» деп те жазды кейін кей сайт. Не болса да, Қырғызстанмен су мәселесінде келісім жасалды.

Ауғанстанмен келісім жасау үшін, олармен ұдайы жақсы қатынастың болуы маңызды. Тәлібтер біресе ренжісіп, біресе достаса салатын қырғыз ағайын емес. Олармен ортақ шекара да жоқ. «Талибан» су мәселесінде тіпті көршілес Иранмен көктемде атысып та алғаны бар. Сол себепті олармен қатынаста қатаңдық емес, дипломатия маңыздырақ. Қазіргі біздің олармен қарым-қатынас дұрыс бағытта. Ең бастысы тәліб-Ташкент, тәліб-Душанбе, тәліб-Ашхабад қатынастарын да реттей алатын жағдайдамыз. Өйткені аталған тараптардың барлығымен жақсы қарым-қатынас бар. Бұл маңызды ма, маңызды. Су тапшылығы күн санап жылжып келе жатқанда тіпті маңызды.

Жақында «Талибанды» лаңкестік ұйым деп таныған шешімдерін әлем елдері біртіндеп алып тастай бастайды. Қазақстан да лаңкестік ұйымдар тізімінен тәлібтерді шығарып тастауы ғажап емес. Бұл Ирандағы қазіргі биліктің сценарийіне ұқсас десек болады. Радикалдар Иранда билікке келгенде көптеген елдер олармен қарым-қатынасты үзген, ал қазір көптеген елдердің Тегеранмен түрлі салада байланысы бар. Тәлібтер де сол сияқты болады-ау. Олар бұрын «лаңкестік ұйым» деп сипатталса, енді толыққанды «Ауғанстан билігі» деген дәрежеге жетті. Жақсы ма, жаман ба, бірақ қазіргі шынайылық осындай.

 

Ashat Kasengali

 

 

 

Пікірлер