Петропавлды Ресейге қосуды армандаған сепаратист қылмыстық жауапкершіліктен босатылды

6810
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанның солтүстігіндегі Қызылжар қаласын Ресейге қосу туралы мәселе көтеріп, мемлекеттік шекараның тұтастығын бұзуға әрекеттенген, сепаратист Валерий Лихушин қылмыстық жауапкершіліктен босатылды, - деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы pkzsk.info сайтына сілтеме жасап. Өткен жылы  Петропавл қалалық соты Facebook әлеуметтік желісінде «Пётр Сидоров» деген лақап атпен тіркеліп алып, қазақтың тілін, қазақ халқын қорлап және Петропавл қаласын Ресейге қосу туралы бастама көтеріп жүрген Валерий Лихушинді  8 жылға бас бостандығынан айырған болатын.

Валерий Лихушиннің адвокатының айтуынша, ол оқушы кезінде "психикасында ауытқуы бар" деген диагнозбен психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған. Жүйке ауыруы бар балаларға арналған арнайы мектепті бітірген. Бірақ кейінен Лихушин сауыққаны себепті есептен шығарылған. Сот кезінде ол өзінің басын ұрып, әлдебір дауыстардың тапсыруымен әрекет еткенін айтып шағымданды. Сотталушының осы әрекетінен кейін сот оған психологиялық-психиатриялық сараптама тағайындауға шешім қабылдаған. Сараптама нәтижесі Валерий Лихушиннің ақыл-есі ауысқанын көрсеткен.

Петропавл қалалық соты 4 тамыз күні сараптама қорытындысына сүйеніп, сепаратистің бұрынғы шығарылған үкімнің күшін жойды. Судья Лихушиннің "ақыл-есінің ауысқаны дәлелденді" деп тауып, қылмыстық жауапкершіліктен босатып, оны мәжбүрлі түрде психикалық ауытқу бар азаматтарды емдейтін ауруханаға ауыстыруға шешім шығарды.

Сот отырысына Лихушиннің өзі қатыспаған. Оның заңды өкілі қорғауындағы Валерий Лихушиннің қылмысы дәлелденбегені себепті өндірістегі істі қысқартуды сұраған.

"Ақыл-есінің ақауы бар" азаматтың фейсбук әлеуметтік желісінде Петр Сидоров парақшасын қолданатыны анықталды. Ол парақшасында ұдайы түрде ұлтаралық дүрдараздықты қоздыруға ұмтылатыны байқалады.

 

Еске сала кетейік, Қызылжар өңірінде соңғы 2,5 жыл ішінде "сепаратистік әрекет жасады", "ұлтараздығын қоздырды" деген айыппен 11 азамат сотталған. Олардың ішінде айыпты деп танылып, бірнеше жылға сотталғандары да, шартты жазамен бостандыққа шыққандары да бар. Сол 11 істің ішінде ең шулысы Вячеслав Зудерманның әрекеті болды. Авто жөндеуші болып жұмыс істейтін Вячеслав Зудерман бастаған топ (19 адам) 2023 жылдың 19 наурызында "Еңбекші халықтың кеңесі" деген ұйымның атынан мәлімдеме жасады. Сол мәлімдемеде олар Қазақстан мемлекетінің құқықтық негізіне күмән келтіріп, өздерінің "тәуелсіздігін жариялады". Жиында ұйымға төраға сайлап, "декларация", "жарғы", "елтаңба мен мөр" жобасын бекітті. 18 сәуір күні жиын өткізгендердің арасындағы белсенді азаматтар қамалды, олардың ісі әлі тергеліп жатыр.

Сонымен қатар, Қызылжарда сеператизм бабымен тек славян тектес ұлттардың өкілдері ғана емес, қазақтар да істі болған. Мәселен, Асылбек Секеуов атты азамат "славяндық ұлт өкілдерін қорлады" деген айыппен шартты жазамен 4 жылға сотталған.

Adyrna.kz

Пікірлер