Көп ұлттылықты ұрандату этникалық қақтығысқа апара ма?

3297
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан өз тәуелсіздігін қалпына келтірген кезеңнен бастап елдің әлеуметтік-экономикалық саясаты ғана емес, әлеуметтің құрамы қатты өзгеріске ұшырады. Бұған дейінгі Қазақстанда басымдыққа ие болған этностардың орнында қазақ халқы титулдық ұлтқа айналып, қоғам «ұлы өзгерістерді» бастан кешті. Қазақ халқының қоғамдағы жетекші, негізгі ұлт ретінде басымдық алуы, саяси жүйелердің ойда жоқта жылдам өзгеріске ұшырауы, қоғамдағы жетекші саналған славяндық сипаттың қазақы нақышқа ауысуы бірқатар күрделі қоғамдық-әлеуметтік мәселелердің шетін шығарды.

«Менің мекенжайым – КСРО» атты лепестің буымен өскен буынның аражігі ажырап, қоғам «өзі қалыптастырған» жаңа құндылықтар негізінде қайтадан өзгеріске ұшырауы қажет болды. Шынтуайтында, «этностар зертханасына» айналған қазақстандықтардың өзі де, ұзақ жылдарға құрылған мемлекеттік саясат та мұндай күрделі өзгерістерге бірден дайын болмай шықты. Ақырында ел аумағында оқтын-оқтын ұлтаралық қақтығыстар болды.

«КӨП ҰЛТТЫ ҚАЗАҚСТАН!»... БӘРІ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

Тәуелсіздігін қалпына келтірген кезеңдегі Қазақстанды «жас балаға» теңейік. Тәй-тәй басқан балаға бәрі жарасымды. 90-жылдардан кейінгі Қазақстанға да қандай теңеу, қандай шендестіру болса да жарасымды еді. Қазақстан ол жылдары «көп ұлтты мемлекет» болды, «ортақ үйге» айналды. Риясыз көңілден, қонақжайлық, меймандостық пейілден шыққан шын лепес. Бірақ жылдар өте келе қоғам есейді, Қазақстан территориясында ұлттану процесі басталды. Ұлттану процесінің жолында мемлекет құраушы ұлт пен этностар мәселесі жіті қарастырыла қоймады. Қазақстан саяси элита үшін  құрама, көпэтносты мемлекет сипатында қалып қойды. Қоғамды біртұтас ағза ретінде қабылдап, қазақстандықтар құрған азаматтық қоғамның ортақ құндылықтар негізінде қалыптасуына жол ашылмады.

Журналист, зерттеуші Марат Тоқашбаев Қазақ еліндегі көпұлттылық мәселесінің мәнін былай тарқатады:

 «Қазақстанда саны жүз мыңнан асатын тоғыз ұлт диаспорасы (орыс, өзбек, украин, ұйғыр, татар, неміс, түрік, корей, әзірбайжан) ғана бар. Еліміздегі екі чукча, бір шор, үш тофалары, төрт вепс, жеті бурят, он қалмақ тағы басқаларды кеңестік психологиямен әрқайсысын жеке-жеке ұлтқа есептеудің не керегі бар? Олар да өз этностарының жай өкілдері ғана».

Мұның үстіне Қазақстан халықтары ассамблеясының саяси науқандарда ғана белсенді қызметке көшуі халықтарды ортақ топтастыруға емес, жіліктеуге жол ашты. Мұның салдарынан этникалық мәселелер ширыға түсті. Әдетте, этникалық қақтығыстардың факторлары есебінде тіл, дін, салт-cана, билік, этностық құндылықтар категориялары есепке алынатынын жақсы білеміз, бірақ мұның бәрі конфликтің жанама себептері.

Этникалық қақтығыстарды туындатушы басты себептер – әлеуметтік-экономикалық қатынастарды дамытудың, құқықтық қатынастарды нығайтудың дұрыс жолға қойылмауы, демократия заңдылықтарының сақталмауы және  елде түрлі әлеуметтік проблемалардың белең алуы екенін ескерген жөн.

Тәуелсіздікті қалпына келтірген жылдардан кейін қазақ даласында бірқатар ұлтаралық қақтығыстар болды. Дегенмен мұндай дүрбелеңдерге «тұрмыстық жанжал» есебінде қарау мәселені одан сайын ушықтырып жіберді. Біздіңше, мәселеге тұрмыстық жанжал тұрғысынан келу – Отанымыздағы этногеополитикалық саясаттың дұрыс жүргізілмей отырғандығын, оны шешу мен реттестірудің тиімді механизмдерін өндірудің дұрыс жолға қойылмағандығын көрсетеді.

Елдегі этникалық қақтығысты шешудің басты жолы – ұлттық білім саясатын нығайту мен еркін азаматтық қоғам қалыптастыруға жол ашу.

ТАРИХҚА ТЕРЕҢДЕСЕК...

Тарихи оқиғаларға назар салсақ, Қазақстанда болған этникалық қақтығыстардың дені әлеуметтік-экономикалық проблемалармен жылғаланып жататындығын байқаймыз.

1992 жылғы Өскемендегі шешендермен қақтығыс оқиғасы көпшіліктің әлі есінде. Мұндағы қазақ-шешен арасындағы қақтығыс - қылмыстық оқиғада қылмыскерлердің ұлтын, шыққан тегі мен этникалық ерекшеліктерін зорайтып айтудың неге апарып соғатынын көрсетіп бергендей. Өскемендегі арматура зауытының жатақханасында төрт қазақ жігітінің мәйіті табылғаны, мұндай сорақылықтың шешендер тарапынан жасалғаны жайлы қауесеттің тарауы жағдайды ушықтырды. Ал мұндай оқиғаға жол бермеу үшін қызмет орнындағы жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген мекеме басшылығының жазаланып-жазаланбағаны айтылмайды. Қылмыстық топ өкілдерінің этникалық бедеріне басымдық берілді де, әлеуметтік проблема соның арқасында тасаланып, ел назарынан тыс қалды. 

Мұндай іскерлік қарым-қатынас пен серіктестесе отырып жұмыс жүргізу мәдениетінің қалыптаспауы, «этникалық алалаушылық» салдарынан тұтанған тағы бір оқиға 2006 жылы Теңіз мұнай кен орнында болды. Қазақ-түрік жұмысшылары арасында кикілжің соңы қарулы қақтығысқа ұласып, Ресми дерекке сәйкес, түріктің 339 азаматы зардап шекті. Олардың 136-ы ауыр жарақат алған. Ал шетелдік БАҚ осы оқиға кезінде 40-қа тарта адамның өлгенін жазды. Бір сорақысы, этникалық қақтығыстар ұлттық эгоға ғана емес,  қоғамның дамуына, экономиканың ілгерлеуіне айтарлықтай зиян келтіреді. Теңіздегі қақтығыстан кейін Үндістан, Түркия, Филиппиннен келген 4 мыңға тарта жұмысшы эвакуацияланды. Ал екінші буынды зауыттың құрылысын жарты жылға шегеруге тура келді.

Этникалық қақтығыстардың ушығуына себеп болатын фактордың бір себебі - тұрғындар арасындағы салауатты қарым-қатынас мәдениетінің қалыптаспауы. Оған 2006 жылғы «Шелек» оқиғасы дәлел. Сол жылдың қараша айында Алматы облысы, Шелек ауылының жастары «Старый замок» атты дәмханада сөзге келіп, ұлты ұйғыр бірнеше азамат өзімен шамалас ұлты қазақ жігітті сабап тастағаны айтылады. Төбелес-жанжалдың соңы «ел біздікі, жер біздікі» деген экстремистік ұранға ұласып, оқиға келесі күні 300-ге жуық азамат арасында этникалық қақтығысқа ұласады. Жергілікті қақтығыстың этникалық сипат алуына қоғамға ықпалды басылымдардың, әлеуметтік желілер мен медианың айталықтай дәрежеде ықпалы барын жасыра алмаймыз.  Араға сына қағып, өрт қойғыш баяндамаларға басылымдар да әлеуметтік желі қолданушылары да жиі жүгініп, сол арқылы "бақай есебін" шығарып отырады.

Публицист, “Ұйғыр авази” газетiнiң бас редакторы Юлдаш Азаматов Шелектегі оқиға мен БАҚ-тың сансация қуу әлегіне былай деп пікір білдіреді:

«Өзiңiз бiлесiз, Шелектегi оқиғадан кейiн кейбiр БАҚ ұйғырларға қарсы кампанияны бастап кеп жiбердi... Қазақ, ұйғыр тұрғындары мен ақсақалдарынан 300-дей адам жинап, қатты батырып айттық. Ұйғыр мектептерiнде жиналыс өткiзiп, ата-аналарымен сөйлестiк... Және сол төбелес болған күннiң ертесiне екi жақ тағы да төбелес ұйымдастырамыз дегенде, бiр ұйғыр мен бiр қазақ шығып, тоқтау айтыпты. Бiздiң газетте сол екеуiнiң арқасында қантөгiс болмағаны жазылды. Содан не керек, бәрi басылды, орнына келдi дегенде, 15-20 күннен кейiн “Свобода слова” газетi “Ұйғырлар қазақтарды ұрып кеттi…” деген сарында материал жариялап жiбердi. Содан айқай [тағы] басталып кеттi»

Әлеуметтік медиада этникалық келеңсіздіктерді сөз ету – құрғақ құраққа өрт қойғанмен тең. Бұрынғы «Пенжім», қазіргі «Атамекен» ауылындағы қазақ және ұйғыр оқушыларының арасында болған төбелесті оқушылардың әп-сәтте әлеуметтік желілерге таратып жіберуі де тұтас халықты дүрліктіріп, жанжалға "жар болғаны" жасырын емес.  

Білім ошақтарында тарихи сананың, адами қарым-қатынас мәдениетінің насихатталмауы салдарынан мұндай жаңсақ түсініктер әлеуметтік топтарды жарға жығып жатады. Ортақ мүдде жолында ұйысудың орнына жалаң түсінікті алға тартып, жікке бөліну - азаматтық қоғамның қалыптасуын бөгейді. Жергілікті билік тарапынан мұндай мәселелерді жылы жауып қоя салу, бүркемелеу, тұрмыстық жанжалға балау – этникалық протестерді күшейте береді.  

БІЗ КӨРМЕГЕН АЙДЫҢ ЕКІНШІ БЕТІ...

Мемлекет құраушы ұлт пен түрлі диаспоралар арасындағы татулықты сақтау үшін әлеуметтік-мәдени ынтымақ аса маңызды байланысты. Ол үшін біздің қоғамдағы мемлекет құраушы ұлт өз миссиясын, мемлекетті қалыптастыру жолындағы рөлін нақты біліп, қоғамдық эволюция тасын өрге сүйреуге жауапкершілікпен қарағаны жөн. Ұлттың өзіне, өз құндылықтарына құрмет көрсетуі, көптеген салалық құрылымдарда таныстықтың емес, кәсібиліктің алға шығуы, сот пен құқық қорғау, білім мен өндіріс, денсаулық сақтау мен экономика саласындағы қызметтердің сауатты жүйеленуі, демократиялық процестердің күшеюі бұған айтарлықтай оң ықпал етеді. Түрлі этникалық ұлт өкілдері тудырған жанжалдарда қылмыскерлердің әділ жазаланбауы, олардың іс-әрекетіне заңдық-құқықтық тұрғыдан дұрыс баға бермеу, қылмысты болған қазақстандықтарды жазалауға келгенде этникалық сипатқа қарай «алалау» деректері барлық әлеуметтік топтар арасындағы алабөтендікті оятып, оларды бір-біріне қарсы қоятын фактор екендігін ескеруіміз керек. 

Мысалы, 2007 жылы  Еңбекшіқазақ ауданы, Маловодное ауылында қазақтар мен шешендер арасында этникалық қақтығыс бұрқ ете қалғанда Бас прокуратураның «өз күшіне» мінгені айтылады. Бас прокуратураның бұл тақырыпты қозғауға тыйым салып, қақтығыс орын алған кезде-ақ БАҚ жетекшілеріне, әсіресе интернет сайттарының иелеріне қатаң ескертпе жібергені хабарланады. Ол ескертпеде қақтығыс жайында материал жариялағаны үшін ғана емес, тіпті оған түсінік бергені үшін де қылмыстық жауапқа тарту жөнінде жазылған деген дерек бар.

Көпшілігі бұл қанды қақтығыстың себебі мен мәні әлі күнге толық ашылған жоқ деп санайды. Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары бұл тақырыпты қоғамға өте жұпыны түрде жеткізді. Бас прокуратура бұл тақырыпта қозғауға тыйым салып, қақтығыс орын алған кезде-ақ БАҚ жетекшілеріне, әсіресе интернет сайттарының иелеріне қатаң ескертпе жіберді. Ол ескертпеде қақтығыс жайында материал жариялағаны үшін ғана емес, тіпті оған түсінік бергені үшін де қылмыстық жауапқа тарту жөнінде айтылған еді.

Әдетте, этникалық қақтығысқа дұрыс баға бермеу, оны ашық талқылаудан тартыну, жұқалтаң етіп көрсету – дүрдараздықтың  «ғұмырын ұзартып» береді.

Ал, ауыл тұрғындары бұқаралық ақпарат құралдарына мұндай этникалық қақтығыстың ауқымды сипат алуына не түрткі болып отырғандығын ашық айтпақ болған. Олар ұлттық масс медиаға этностар арасындағы әлеуметтік теңсіздік, жемқорлық, парақорлық секілді факторлар деп беріп отырғанын хабарлаған.

Сонымен қатар, этникалық қақтығыстардың басым бөлігі зорлық-зомбылық, қорлық көрсету, азаптау мен зәбір көрсету деректерімен тығыз байланысты. Ауыр қылмыс деректерінің этникалық қақтығыстарға ұласуы Қазақстанда жиі болады. Бірнеше этностар тығыз қоныстанған оңтүстік аймақтарда қазақтар мен күрдтердің, қазақтар мен түріктердің, қазақтар мен тәжіктердің арасында болған 2007 (Маятас оқиғасы), 2015 (Сарағаш ауданы, Бостандық ауылындағы оқиға), 2016 жылғы (Қаракемер оқиғасы) дүрдараздықтардың барлығында кәмелеттік жасқа толмағандарды азаптау, азғындықпен зорлау,  жасөспірімдерге қорлық көрсету және өлтіру сынды деректер бар. Бұл – құқық қорғау органдары қызметінің сапасын күшейту мен оны толыққанды модернизациялау қажет екендігін көрсетеді.

Қазақстан тарихындағы этникалық қақтығыстың бірі 2020 жылдың ақпан айында Жамбыл облысы, Қордай ауданында болды. Қазақтар мен дүнгендер арасындағы қақтығысқа себепкер болған жайт ұлты қазақ қарияның соққыға жығылуы мен полиция өкілдеріне көрсетілген қарсылық болатын. Қақтығыс салдарынан 11 адам қаза тапты, 185 адам медициналық көмекке жүгінді, 23 мыңнан астам тұрғын көрші Қырғызстан аумағына өтіп кетуге тырысты. Ресми деректерге сәйкес, қақтығыс салдарынан 39 тұрғын үй, 20 коммерциялық нысан және 47 көлік өртенген. Материалдық шығын 1,7 млрд теңгені құрады. Сот процесстері 50-ден астам адамды кінәлі деп тауып, ұзақ жылға бас бостандығынан айырды.

ЭТНИКАЛЫҚ ҚАҚТЫҒЫСТЫҢ ҚАЛАЙ АЛДЫН АЛАМЫЗ?

Қазақстан саясатында ұлттық бірегейлікті қалыптастырудың бірқатар өнімді бағыттарын төмендегідей санамағанымыз дұрыс:

–  Еліміздің барлық азаматтары үшін мүмкіндіктер теңдігі, ортақтық пен бірыңғай азаматтықтың дамуына кепілдік беру;

–  Этникалық түсініспеушілік себептерінің жойылуын, барлық этникалық топтар құқықтарының тең болуын қамтамасыз ету;

–  Қоғамымыздағы дəулеттілер мен жарлылардың арасындағы айырмашылықты азайту жəне ауыл мен өңір проблемасына үнемі ерекше көңіл бөлу;

– Өтпелі жəне кейінгі кезеңдерде пайда болатын əлеуметтік проблемаларды ұдайы, табанды түрде шешіп отыру;

–  Ұзақ мерзімді болашақта саяси тұрақтылықты да, қоғамның топтасуын да қамтамасыз ететін бай Қазақстанды барынша жігерлі түрде қалыптастыру;

– Адамдар арасындағы қарым-қатынас пен коммуникациялық байланыстардың барлық нысандарын дамыту;

– Білім беру ісін жетілдіру мен "санауи дамуды" қамтамасыз еу (зерттеу орталықтары, бейіндік мектептер, мәдениет ордалары т.б);

–  Əр түрлі конфессиялар арасындағы өзара құрмет, төзімділікпен сенімді қарым-қатынастарды нығайту.

Этникалық қақтығыстар – конфликтологияның шеті де шегі де көрінбейтін ең күрделі бағыты. Этникалық қақтығыстарды болдырмаудың басты жолы – құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам құру. Қазақстандағы этникалық қақтығыстарды болдырмауда, бітімгерлікке бойлауда «дін» категориясы өте маңызды.

Біздің елдегі этника өкілдерінің басым бөлігі ислам дінін ұстанады, ал Ислам діні мен мемлекет тілді ортақ құндылық ретінде қарастыру, шынайы демократиялық даму жолына түсу, құқықтық мемлекетке, «инноватор», «иннтеллекті жоғары» елге айналу – Қазақстандағы этникалық қақтығыстарды шешудің басты факторы.

Дастан Қастай

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер