Технология дәуіріндегі жалған ақпаратқа қатысты ғылыми тұжырымдама

3342
Adyrna.kz Telegram

Адамзат баласы уақыт пен кезең алға тартқан қиындықтармен, бұрын-соңды болмаған  әлемдік дағдарыспен бетпе-бет келген сайын ақпарат мазмұны мың құбылып, жаһандық кеңістік жаңалықтарының күрмеуі көбейе түсті. Бұл – қалыпты құбылыс. Оның екі себебі бар. Бірі – ақпарат антропологиясының (ақпарат та тіршіліктің бір бөлшегі, ұдайы эволюциялық санатта жетіліп не кері кетіп отырады) жаратылыс құбылыстары заңдылығымен әлеуметтенуі. Келесі сұрып – техникалық динамизм. Адам қолында ұстаған гаджеттер мен смартфондардың адамға тән, алақанға жапсарласқан «он үшінші дене мүшесіне айналуы».

Демек, жедеғабыл, жылдам ақпарат тұтынуға техника игіліктерінің арқасында кеңінен жол ашылды. Ұлыбритания білімгерлерінің арасында мынандай бір жақсы ұғым қалыптасқан. Оны алғаш естігенде біз таңданған едік. Кейін мәнісіне бойладық. «Егер, әлбетте, дұрыс қолданса, әрбір британ студентінің қолында қоры мол кітапхана жүр» деген лепес. Лепестен бұрын, ақылға азық болар өнім тұтыну мәдениетіне жетелейтін жолдар. Осы арада және бір көрнекі мысалға уық шаншуға тура келеді. Тұрмыстық мәдениетіміздің маңызды «жиһазына» айналған ақылды құрылғылардың тұтас әлеммен байланысу тетігіне айналуы. Бірде, бағыма орай, Кембридж профессорларының дәрісін тыңдау мүмкіндігі бұйырды. Әлем студенттеріне оқылған ағылшынша дәрістің көшелі тұс, кенен кезеңі мобильді қосымшалар жайында еді. Болашақта мобильді қосымшалар мен нейрожелілердің маңызы үстемеленетінін талқыладық. Неге мобильді қосымшалар мен ақпарат инновациясын алға тартып отырмын? Задында, мобильді қосымшалар – қазіргі жедеғабыл-жылдам ақпарат тарату мен өмір шындығын көрсетудің алаңы. Олардың оқу, пікір жазу, біреуді белгілеу, бір күндік хикаяңмен бөлісу, қабылдаған ақпаратты біріңнен-біріңе жолдау сынды таяныштары (функциялары) жалған ақпарат тарату үшін де қолайлы орта.  Дезинформация таратушылар адамның әлеуметтік ортасын, психологиялық «аңғалдығын», сенгіштігін ұтымды пайдаланады.

Жалған ақпаратты бөлісуге айғай-аттанға толы хабар-ошарды таратуға жетелейді, Тіпті, баршамызға таныс жағдай, Whatsapp-тағы «туысқандар чатын» алайық. Тағаны, таянышы жоқ ақпараттарды жақындарынан естіген, не олардың жетегімен оқыған жандар дәп сол дерекке иманындай сенеді. Өйткені, кішкенеден «не айтса да атаңдікі дұрыс, аға-әпкеңдікі дұрыс» деген қасаң қағида миға берік сіңірілген әрі олардың сенімді дереккөздермен ақпарат тарататын «тысқары» адамдарға қарағанда өз әлеуметтік ортасы, туған айналасымен ертеден іргетасы мығым қаланған байланысы бар. Аудиторияға мұндай соқыр сенімді қоғамдық пікір жетекшілері (блогерлер, танымал адамдар, әншілер, масс медиада белсенді кәсіпкерлер) де ұялатады. Инстаграмда оқырманы көп пайдаланушының «айтқанын заң» санайтын үлкен топтың қалыптасқанын да көзіміз көріп жүр. Жалпы,  жалған ақпарат жетегінде кетпеудің алғашқы әліпбиі – «Не айтса да, соныкі – дұрыс» ұстанымынан арылу. Көз тіккен ақпаратыңның дұрыс-бұрыстығына деген күмән. Әдетте, жалған ақпараттың ішкі табиғатынан бірқатар элементтерді аңдауға болады. Оларды қазақы дүниетаныммен жіктеп көрейік. Мәселен, драматизм элементтерінің шектен тыс молдығы (эмоцияға, біреуді қаралауға, әсіре әспеттеуге, тереңдіксіз талдауға, қызуқанды үндеуге шақыратын мәтіндер бітімі), тарапсыздық мәселесі (ақ-қарасын ақын айтпау, бір жақты, бір тұсын зорайтып көрсетуге деген талпыныс), сілтемелер мен дереккөздердің нақты көрсетілмеуі не аздығы, қоғамдық пікір мен көнтері ұғымдарды жалған ақпарат мазмұнымен ақтап алуға тырысатын жаңалықтар т.с.с. Әдетте, жалған ақпараттың астарында жалаң мүдде жатады. Даурықтыру, қоғамда ежелден келе жатқан жалаң түсініктердің жалған ақпарат арқылы түбірін нығайту, социум дамуына кереғар саясат құру, адами сананы манипуляциялау, ми мен таным көкжиегінде жаңылыс хабар арқылы қасаң қағида орнықтыру және аудиторияны үрей арқылы билеп-төстеу.

Қазіргі ақпараттық кеңістікте жалған хабар-ошардың бірнеше түрлері орныққан. Дезинформацияда ақпарат таратушы саналы түрде қоғамды адастыруды, респондентті масс медиа әлеуетіне арқалана отырып орға жығуды ойлайды. Сонымен қатар, жалған ақпардың мисинформация деген  түрі бар. Мұнда ақпарат таратушы аңдаусызда жалған ақпарат таратады,  кей жаңалықтардың қысқа кесімін, үзіндісін ғана ұсынып қойып, жаңылыс пайымға бастайды. Дегенмен, өмір сапасы мен өмір сүру талабы өскен сайын ақпараттың ақ-қарасын анықтау да күрделене береді. Сондықтан қазіргі ақпараттық тіршілік ортасы тайқыма тақырып, тұрғысыз тармаққа толы болуы – қалыпты жағдай. Сайып келгенде, ақпараттық кеңістікте қаптаған желбуаз жаңалықтардың қозғаушы себептері – адамзат баласы тап келген қиындықтар. Індет. Био-Cаясат. Жаһандану. Ақпараттық соғыс. Медиада орын алған түрлі манипуляциялар. Қазір болашақ ғалым есебінде «диджитал фашизм» тақырыбы бойынша зерттеу жүргізіп жатырмыз. Электронды масс медиада Украина-Ресей арасындағы соғыс басталғалы диджитал фашизм элементтеріне толы фэйк ақпараттар, түрлі видео-фотосуреттер қаптағанын білеміз. Мұндай қораш құбылыс Ресей-Грузия арасындағы қақтығыста да қатты байқалған.

Сондықтан сырттан келген жалаң ақпаратқа дер кезінде тойтарыс беріп отыратын, дәлелмен, дәйекпен шетелдік манипуляторлардың «қалпағын қағып» алатын, қақтығыста тараған жалаң ақпаратқа қатысты келелі пайым, кенен сөз айтатын, диджитал сауаты, тарихи-әлеуметтік терең білімі, этика-психолоигиялық  кіреукесі қалың мамандарымызды мол жасақтаған дұрыс. Асырып айтсақ, фейк ақпаратпен күрес – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Фейк-хабарлар таратушының мүддесіне қарай құбылып, тұрөзгеріске ұшырай береді. Біздің қоғамда этикалық дүрдараздықты ушықтыратын, екі ұлттық арасына сына қағатын не діни догмаларды,  ұлттық құндылықтарды жалған образдармен шендестірген болатын, салқын санаға емес, қызуқанды эмоцияға құрылған ақпараттар (видео, фото, мәтін) жиі төбе көрсетіп тұрады. Пандемия кезінде дәріханаларда қажетті дәрі-дәрмектердің жетіспеуін, қоғамдағы түрлі қысым, зорлық-зомбылық мәселесін, сайлаудағы келеңсіздіктер сынды соқталы мәселелерді айтуға, көрсетуге келгенде кей бұқаралық ақпарат тарату құралдарының енжарлығы, ақпараттық ашықтық саясатының да ақсауы фейк-хабарлардың алға шығуына жап-жақсы мүмкіндік тудырды.

Тұтас әлем галереясына қарай отырып, фейк жаңалықтармен күресудің төте жолы – азаматтық қоғам қалыптастыруға ұмтылыс деп санаймын. Жалған ақпаратты тексерудің «Google», «Yandex» бразуерлерінде бірнеше жолы бар. Америкада ақпарат қолданушыларға мақсатты мүрде жалған ақпарат оқытып, кейіннен тұтынушының алданғанын айтатын, сол ақпарат бойынша тест тапсыртатын сайттар бар. Бұл әдіс арқылы америкалықтар ақпарат тұтынушының көз алдында қай хабардың жалған, қай ақпараттың дұрыс екенін айқындай алуын мақсат еткен. Меніңше, жалған ақпаратпен күресу саясаты тым тереңде болғаны дұрыс. Қоғамдық институттар, білім ошақтарында «сыни сананы», «интеллектуалды күш-жігерді» күшейту – жалған ақпаратқа иланудың тамырына балта шаппақ. Негізінен алғанда, фейк-ақпараттардың сипатына қарап елдегі қоғамдық сананың миһтарын (өлшемін), экономика деңгейін, жалпыхалықтық сауаттылық мәселесін оңай пайымдауға болады. Интеллектуалды, мінез-құлқы, ішкі мәдениеті орныққан тұлғаны басқару не өз айтағыңа ергізу қиын екені түсінікті. Шынайы демократия құндылықтары білім деңгейі жоғары ұлт ортасында қалыптасады.

Менің ойымнан үнемі көшелі әлеуметтанушы, кәсіби психолог Абрахам Маслоу «Қажеттіліктер иерархиясы» кетпейді. Ғалым салауатты қоғам қалыптастырудың бірнеше сатысын тізбектейді. Алғашқы іргетас –  физиологиялық қажеттілік (cу, тамақтану, киім-кешек). Кейін қауіпсіздік (өз қоғамыңда өзіңді мемлекет қорғауында әрі қауіпсіз екеніңді сезіну). Үшінші саты – әлеуметтік қажеттіліктердің өтелуі (жоғарғы мәдениет қалыптастыру, сауатты коммуникация). Келесіде – мойындалу (дарынына, жеке бас ерекшеліктеріне, қарым-қабілетіне қарай тұлғаны бағалау) және ең жоғарғы саты – эстетикалық-рухани қажеттіліктер (шығармашылық, ғылым-білім, даму, жетілу).

Біз осы жоғарыдағы даму сатыларын толық қамтығанда барып қоғамдық сана ілгерілейді. Жетілген, орныққан қоғамдық санасы қалыптасқан ұлтта ақпараттық мәдениет қалыптастыру ықтималдығы артады. «Идеалдың» жетегіне еру, өтірікші шындай, ақсақты тыңдай суреттеген ақпаратқа илану мәселесі өзді-өзімен шешіледі.  Бүгінгі біздің қоғамдағы желдей ескен жалған ақпараттың үлесі Канттың айтқан трансцендентальді, межеден асқан түрімен пара-пар. Қоғамды ақпараттандыру жолында біржақты Ресей бұқаралық ақпарат құралдарының дүрбісімен көз тігу түбі жарға жығады. Салауатты, толыққанды ақпараттан қашан да ұлттық мүдденің исі бұрқырап тұруы тиіс. Халықаралық ұйымдар мен ағылшын не өзге тілді шетелдік БАҚ-тарға сілтеме көрсету де жолдан жаңылдырмайды. Ақпарат таратушының энциклопедиялық, лингвистикалық, саяси білімі жоғары болған сайын жалған жаңалықтан алшақ жүреді. Бұл жерде Қазақ елінің ақпаратын Орта Азия, бауырлас түркі ұлттары ұдайы назарда ұстап отыратынын естен шығармағанымыз дұрыс. Менің ойымша, ұлттық ақпараттық кеңістікті құтайтуға шығармашыл, аналитикалық ойлау машығы мығым жандар араласқанға ғана даму, ілгерлеу болады. Жалған ақпаратпен күрес – баршамыз үшін үлкен жауапкершілік.

 

Дастан Қастай

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы, журналист

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер