Теолог кім және қандай болуы керек?

11220
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республикасы «зайырлы мемлекет» статусында болғандықтан ешкім өз дінін міндеттей алмайды.  Елімізде әр адам өз дінін ұстап, діни ритуалын жасауына да мүмкіндік бар. Дегенмен, зайырлы мемлекет болғандықтан тұтас республикаға тиесілі заңға қайшы әрекеттер жасауға тыйым салынғанын ескерген жөн.

Бүгінде қоғамда дінді уағыздаушылар қатары көбейіп келеді.  Әлеуметтік желідегі деректерге сүйенсек, 2021 жылы дүниежүзінде
10 000-нан аса дін тіркелген. Ғалымдардың сөзінше, діндердің нақты санын дөп басып айту мүмкін емес. Әлемде дін көбейген сайын өз дінін уағыздайтындар, олардың қатарында арандатушылар мен арбаушылардың да саны артары сөзсіз. Олардың бірі жасырын түрде насихат жүргізсе, енді бірі қоғамдық орында өз «құрбанын» іздейтіні тағы бар. Мұндай әрекет елімізде де орын алып жатқаны жасырын емес. Дін саласы күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі деуге болады. Осы тұста  қоғам арасында діни ақпарат беріп, халықты экстремистік ағымнан қорғау - теолог-мамандардың міндетіне кіреді.

Дегенмен қоғам арасында дінтанушы мен діни қызметкер, теолог айырмашылығын және олардың маңызын түсіне бермейтіндер көп.

Теолог – дін маманы. Ол дінді, діндегі маңызды мәселелерді зерттеп, түрлі сауалдарға жауап іздейді. Ал теологтың дін қызметкерінен айырмашылығы неде? Бұл тұста сарапшылардың пікірі артық болмас. Басым бөлігі:

«Діни қызметкерге имам, уағызшылар жатады. Олар халыққа сенім бойынша, дін жолымен жүру, дінде рұқсат етілген немесе тыйым салынған нәрселерді түсіндіреді. Ал теолог дәл сол дүниені ғылыми тұрғыдан қарастырады», – деп түсіндіреді.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институты Дінтану орталығының ғылыми қызметкері Нұрмұхаммед Рысбайұлы теологтардың дінге тән құндылықтар мен діни бағыттардың айырмашылықтарын саралайтынын айтады:

«Теологтар - мешіт, шіркеулерді зерделеп, діни қызметкерлердің уағызына баға береді. Теолог-мамандар дінді қоғаммен жанастыру, оның бұрмаланбауы немесе діни заңдардың себебін іздейді»,-деді.

Еліміздің геосаяси жағдайы мен әлемдегі діни ахуалға қатысты теология мамандарына сұранысқа ие екені анықталды. Ал елімізде «теолог» мамандығын оқытып, маман даярлайтын оқу орындары саусақпен санарлық. Теологтардың қоғам өміріне қажет екенін діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл бойынша құжаттардан да байқауға болады. Осы тұста теологтарға жүктелген міндеттер де біршама.

Демек теолог қандай болуы керек және оның міндеті қандай?

Теология – мойындау, ғибадат қылу, адам мен ғылыми түсініктен тыс күштердің қатынасын зерттейді, дінді оның қағидаларының өзіне сүйеніп негіздейді.

Теолог болса - дін маманы. Ал теологтың атқарар міндеті орасан зор. Бұл туралы ғылыми қызметкер:

«Теологтардың екі міндеті бар: бірі – түсіндіру жұмысы, екіншісі – оңалту шаралары. Мамандар тұрғындармен онлайн және оффлайн форматтарында кездесулер жүргізеді. Діни ақпараттарды қазақстанның ұстанымына, халықтың ұлттық құндылықтарына негіздеп, қоғамды дәстүрлі ислам дініне баулиды. Біздегі теологтар көбінесі суниттік бағыттағы ханафи мазһабы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тырысады», - дейді.

Пікірлер