Жамбылда әз-Наурыз мерекесіне арналған іс-шаралар басталды

3554
Adyrna.kz Telegram

Жамбыл облысында Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мерекесін тойлау басталды. Облыс орталығынан бөлек барлық қала, аудандарда да түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, көктем мерекесі лайықты түрде атап өтілуде.

Амал мерекесіне орай бүгін А. Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында «Төрткүл Ханзадасы» ертегісі және «Наурыз думан» балаларға арналған қойылымның премьерасы өтті.

Ақын Сәнтөре Пірмановтың тарихи аңыз негізінде саханаланған «Төрткүл Ханзадасы» ертегісінде қазіргі Тараз қаласының аумағында орналасқан «Төрткүл» көне қалашығында болған оқиға баяндалады. Оқиғада ел билеушісі – Ханның ұлы Ханзаданың ел басқаруды қолына алғандағы және өзіне жар таңдаудағы дүйім жұртты таң қалдырған тапқырлығы, ақыл-парасаты ұтымды суреттеледі.

Ертегі-қойылым жас көрермендер мен бүлдіршіндерді туған елі мен жерін, отанды  сүюге тәрбиелеп, ата-баба аманатына берік болуға шақырады.

Бұдан соң қойылымнан әдемі әсер алған балаларға «Наурыз думан» мерекелік шарасы ұйымдастырылды. Мұнда Қыдыр ата, Ұмай ана, Наурызбек, Күн, Түн, Ақпан-Тоқпан кейіпкерлері кішкентай көрермендердің көңілін баурап, табиғаттың тамаша көріністерімен қызықтырды.

Мерекелік шара ән-бимен көмкеріліп, бірлік пен береке ұғымдарының мән-маңызын айшықтай түсті.

Наурыз мерекесіне арналған түрлі деңгейде шараларды ұйымдастыру қала, аудандарда да жалғасуда.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер