"Тілге қатысты мәселеде қазақтілділердің ауызбіршілігі жоқ. Өз қазағымыз орыс сыныбын ашуды талап етіп, қазақ тіліне қарсы шығады. Біз ең алдымен ана тілімізді білуіміз керек. Тек орыс тіліне ғана байланып қалсаң, ой-санаңда бір ғана көзқарас, бір ғана идеология қалыптасады. Арамызда да әлем азаматы болуды көксейтіндер, ұлттық құндылықтарға шекесінен қарайтындар аз емес. Өз ұлтыңның құндылығын мойындамау, менсінбеу, аяқ асты ету, ұмыту астамшылық". Бұл пікірді Астана қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп Adyrna.kz порталына берген сұхбатында айтты.
НЕГЕ ҚАЗАҚ ТІЛІ МӘСЕЛЕСІ ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН ШЕШІМІН ТАППАЙ КЕЛЕДІ?
Қазақтілділердің арасында ауызбіршілік жоқ...
Үлкен мәселенің бірі – тіл жанашырларының басы бірікпей, әрқайсының жеке батыр болып жүргені... Тілге қатысты мәселеде қазақтілділердің ауызбіршілігі жоқ. Ана тіліміз өзіне лайықты төрдегі орнын алуы үшін бізге бірлік ауадай қажет. Күні кеше тіл жанашырларымен кездесіп, үлкен жиналыс өткіздім. Тілге қатысты мәселелерді көтеріп жүрген адамдарды тіл жанашыры және тіл белсендісі деп екіге бөлуге болады. Тіл жанашыры дегеніміз қазақ тілінің мәселесін көтеріп, жазады. Ал тіл белсендісі сол мәселені аяғына дейін жеткізіп, әрекет етіп, адамдарға барып түсіндіреді. Мысалы, бір ғана кейс айтайын. Былтыр жаңадан ашылған бір мектепте орыс сыныптарын ашу жөнінде шу болды. Сол жерге тіл белсенділері барып, түсіндерме жұмыстарын жүргізіп еді. Алайда қазақ 5-6 келіншек көнбей, қарсылық танытып, тұрып алды. Осы кездесуден кейін сол келіншектер 200 адамның қолын қойғызып, Президенттің атына «Біздің құқығымыз тапталды. Орыс сыныптарын ашуды талап етеміз» деп хат жазыпты. Кейін біз сол 200 адамға жеке-жеке хабарласып, «Сіз шынымен өзіңіз қол қойдыңыз ба? Шынымен орыс сыныбының ашылуын қалайсыз ба? деп сұрап шықтық. Барлығы «Иә, орыс сыныбы ашылуы керек, орыс тілі бізге қажет» деп жауап берді. Ең өкініштісі, сол қарсы болғандардың көбісі қазақ. Сол 5-6 келіншек бірігіп, үлкен жасақ жинап, өзінің талаптарын қоя білді.
Өз қазағымыз өз тілімізге қарсы
Ал неге біз қазақтілділер тілге қатысты мәселеде осылай біріге алмаймыз? Бір-бірімізді қолдаудың орнына жан-жаққа тартып, басымыз бірікпейді. Үлкен ой-пікірдің аудиториясын қалыптастыру керек. Егер біз бірігіп, бір-бірімізді қолдап, талабымызды қоя білсек, тілге қатысты көптеген мәселелер былай да шешімін табар еді. Біреу қазақша сөйле десе, екіншісі үндемейді. Шындап келгенде, қазақ тілі қазақтың өзіне ғана қажет емес пе?! Мәселен, осыдан 2 жыл бұрын Сарыарқа ауданы әкімдігінде Пәтер иелері кооперативі басшыларымен кездестік. Өйткені көпқабатты үйлерде хабарландыру, жарнама көбінесе орысша ілініп тұрады. Үй иелерінің чаттары болады. Ол жерде де ақпарат орысша таратылады. «Барлығы мемлекеттік тілде жазылсын, заң бәрімізге ортақ. Қажет болса ғана орыс тіліңде қосымша айтыңыздар. Қазақ тілін кемсітпеңіздер» деп айтқанбыз. Сол ПИК басшыларының шамамен 70 пайызы қазақ, 30 пайызы ғана өзге этнос өкілдері болды. Өкініштісі, біздің осы талабымызға тек өзіміздің қазақтар қарсы шықты. 7-8 қазақ әйелі бірігіп «Сендер алдымен өздерің жоғарыдан бастаңдар, шенеуніктерді қазақша сөйлетіңдер, бізде шаруаларың болмасын» деп байбалам салды. Ал өзге этнос өкілдері болса, бірауыз пікір білдірмей, тыныш отырды. Ұят жағдай. Осыған қалай ішің ашымайды? Оларға жеке шығып тағы түсіндірдік. Кейбір қазақтар түсінді. Өз қазағың неге өз тіліңе қарсы шығады? Түсінбеймін...
Бізде "орысша болса дұрыс, орыс болса әділ болады" деген түсінік басым
- Біз тіл нормасының орындалуын ешқашан радикал әдіспен талап етпейміз. Барынша түсінісуге, уақыт бөлуге, өз тарапымыздан тегін әдістемелік көмек көрсетуге тырысамыз. Сауда орындарында тілге қатысты заңбұзушылықтар орын алған жағдайда, егер сол жердің иесі немесе жауапты адам орыс немесе өзге этностан болса көбінесе түсіністікпен қарайды. Ал қарсы шығатын сол баяғы өзіміздің қазекеңдер... «Сен неге келдің? Қай тіл маған ыңғайлы сол тілде мен жазамын. Елде шешетін нәрсе онсыз да көп, бірінші соны реттеп алыңыздар, бізге сосын келесіздер» деп көбіне қазақтар айтады. Мен тәжірибемен расталған нәрсені айтып отырмын. Заңды білмеу. Құлдық сана. Немқұрайлылық. Өз тілін менсінбеу. Мәселен, осыдан 1 апта бұрын қыздарымды «Аватардың» қазақша нұсқасына алып бардым. 18:50-де кіретін болдық. Залдың жартысы бос тұр. Дәл бір сағаттан кейін орысша сеансы басталады, бірақ зал лық толы, орын жоқ. Кассада менің жанымда бір қазақ отбасы балаларын орыс сеансына кіргізгісі келіп, кейінгі сеанстан орын таппай «қиналып» жатыр. Мен «Неге қазақша сеансқа кірмейсіздер? Қазір орын бар ғой қазақша сеанста» десем «Жоқ. Қазақша түсініксіз аударады. Біз орысша көреміз, себебі дұрыс аударылады. Сапалы» дейді. Көрдіңіз бе. Бізде «орысша болса дұрыс, орыс болса әділ болады» деген қатып қалған түсінік бар. Қазақтың көбі өз тіліне сенбейді, титтей болсын жаны ашымайды деген нәрсе осы...
ЖАҺАНДАНУ ДӘУІРІНДЕ ҰЛТЫМЫЗДЫ САҚТАП ҚАЛУ ҮШІН ҚАЙТПЕК КЕРЕК?
"Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады"
Өркениетті қоғамда әлемнің өзге елдерімен қарым-қатынаста дамимын деген мемлекет өзге өркениетпен, мәдениетпен интеграцияға түседі. Жаһандану үдерісінің бастауы тереңдерге кетеді. Бірақ оның қатты қарқын алған уақыты соңғы 30 жылдың көлемінде байқалды. Әркім бұған өзінше тұжырым айтады. Тоқсаныншы жылдары америкалық социолог, саясаттанушы – Сэмюэл Хантингтон «Өркениеттер қақтығысы» деген мақала жазып, саяси ғылымда үлкен ой төңкерісіне себеп болды. Ол әлемдегі тоғыз ірі өркениеттің болашақта өзара қақтығысып, соңында бір ғана өркениет қалады деп сәуегейлік жасайды. Ал Фрэнсис Фукуяма деген тағы бір теоретик «Тарихтың соңы және соңғы адам» деген еңбегінде адамзаттың қым-қиғаш тарихының соңы жақындағанын, соңғы адам тек либерал құндылықтарды бойға сіңірген әлем азаматы болатынын алға тартады. Жалпы соңғы уақытта жаһандану онсыз да талай кіші ұлттарды, олардың тілдерін жойып жатыр ғой. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген емес пе?Жаңа құндылықтар пайда болуда. Бұл интернеттің, түрлі коммуникация құралдарының дамуымен еселене түсті. Футурологтардың болжамына қарасақ жаһанданудың болашағын елестетудің өзі қорқынышты...
Ұлттық құндылығымызды менсінбей, әлем азаматы болуды көксейтіндер көп...
Ұлттық құндылықтарымыздың барлығы тіліміз арқылы жеткен. Тіл арқылы ұлттық санамыз, өзіндік болмысымыз қалыптасады. Бүгінде балаларымыз ютуб, ғаламтор арқылы өзге тілде сусындап жатыр. Тілдері орысша, ағылшынша шығып, өзге елдердің құндылығын бойларына сіңіріп жатыр. Бұл қоғамдағы өте өзекті тақырып. Теріс тенденция. Арамызда да әлем азаматы болуды көксейтіндер, ұлттық құндылықтарға шекесінен қарайтындар аз емес. Бірақ мен үшін бір нәрсе анық. Әлемдегі жақсы құндылықтарды, жаңашыл ойларды сіңірген, үйренген жақсы. Адам ретінде. Өйткені біз де адамзаттың бір бөлшегіміз. Бірақ өз ұлтыңның құндылығын мойындамау, менсінбеу, аяқ асты ету, ұмыту астамшылық. Қазақтың да ешкімде кездеспейтін жақсы қасиеттері көп. Сол қасиеттердің жібін үзбей, озық дәстүрді ұстанып, тозығын тарихтың күресіне қалдыруға болады ғой. Тым консерватив болу да бүгінгі заман ағымында жараспас. Адамды сүю, өтірік айтпау, өткенге құрметпен қарау, ешкімнің ала жібін аттамау, біреудің ақысын жемеу, ата-ананы сыйлау, айналаға қамқор болу, жомарт, қонақжай болу сияқты толып жатқан гуманистік ізгі істер қазақтың қанында бар ғасырлық құндылықтар. Олай болса осындай игі дәстүрімізді сақтап та әлемнің бір азаматы болуға не кедергі?
Тіл проблемасын туғызатын өзіміз
Қазақ тіліне қатысты азаматтардың белсенділігі жайлы бір ғана мысал айтайын. Бір жолы Шымкенттен келе жатқан едім. Қарағандыдан шыға берісте жанармай құю бекетіне тоқтадым. Кассада орыс қыз екен. «Алты мың теңгені бесінші колонкаға құйып жіберіңізші» деп едім. Бәрін түсінді. Өзімнен қайталап сұрап алды. Бірақ маған қарап «Өмірімде осы жасқа келгенше маған қазақша сөйлеп тұрған бірінші адамсыз. Ешкім менімен қазақша сөйлемейді» деді ол. Астанада жанармай құю бекеттеріне барған уақытта барлығын қазақша сұраймын. Машина айдап жүргеніме тоғыз жылға жуықтады. Күні бүгінге дейін бірде-бір адам мені түсінбей, проблема туындаған емес. Демек, өзіміз қазақша сұрамаймыз. Тіл проблемасын туғызатын өзіміз екен. Өйткені өз тілімізде сұрамаймыз, өз тілімізде сөйлемейміз. Неге қазақтар киноның орыс сеанстарына барады? Өз тілдеріне немқұрайлылық танытады. Сосын келіп мемлекет неге реттемейді, мемлекет неге қазақша сөйлемейді деп бір-бірінен көреді. Азаматтық қоғам мен билік ішінде екі жақтан азын-аулақ адамдар ғана жұмыс істейді. Қалған бөлігі немқұрайлылық танытып, әлі ұйықтап жатыр. Атамыз қазақ «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар?» демей ме. Мемлекеттік органдар «Азаматтар өздері талап етпейді, қажеттілік жоқ» десе, азаматтар «Мемлекеттік органдар тілді тиісті тұғырына қондырмай отыр» деп айыптайды.
БІЗГЕ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВ ІСІ БАСҚАРМАСЫ ҚАЖЕТ ПЕ?
Ана тіліміздің мәртебесі көтеріліп, тіл басқармалары жабылса, қуанар едім
Бүгінгі мемлекеттік тілдің жай-күйіне қарасақ, Тіл басқармасы болуы керек деп санаймын. Әрине, ана тіліміздің барлық мәселесі оңды шешіліп, мәртебесі көтеріліп, тіл басқармалары жабылса, ең бірінші қуанар едім. Тіл жанашырларының ең басты миссиясы – қазақ тілін тұғырына қондыру. Бізде келесідей қызық жағдай орын алған. Кейбір мәселелер стандартты түрде қабылданады. Мысалы, Тіл басқармасы барлық жерде болуы керек деген сияқты... Бірақ, тіл мәселесі кейбір солтүстік, орталық облыстардағыдай өткір болмайтын оңтүстік облыстарға тіл басқармасы қажет болмуы мүмкін. Осы мәселеде өңірлерге талдау жасап, керекті жерлерге Тіл басқармасының штатын көбейтіп, керек емес жерлерде азайтса дұрыс болады. Барлығы нақты талап-тілекке байланысты болса деген ой. Тіл басқармасы қажет, тек осындай мәселелерге баса назар аударылса...
"ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ" ДЕГЕНДІ ҚАЛАЙ ТҮСІНЕМІЗ?
Тек орыс тіліне ғана байланып қалсаң, ой-санаңда бір ғана идеология қалыптасады
Тілдерді дамыту дегеніміз – халық арасында тіл қолданысын кеңейту. Яғни, бұл жерде басқарманың миссиясы – ең әуел ана тіліміздің көсегесін көгерту, тілге қатысты қандай да бір проблемалар туындап жатса, солардың шешімін табу. Дегенмен проблема қазақ тілінің болашағына қатысты екенін барлығымыз білеміз. Мақсатымыз да қазақ тілін мәртебесін көтеру. Өйткені титулды қазақ ұлтының саны бүгінде 70 пайыздан асты. Күн санап мемлекеттік тілге қатысты көптеген мәселелер көтерілуде. Сондықтан жұмыстың көп болуы да заңды. Мысалы, ағылшын тілін дамыту бойынша да жұмыс жүргізіліп жатыр. Әлемде болып жатқан оқиғаларды білсін, көрсін, заман көшінен қалып қоймасын деген мақсатта мемлекеттік қызметшілерге ағылшын тілін оқытамыз. Ағылшын тілінде сөйлесу клубтарын ұйымдастырамыз. Біз ең алдымен ана тілімізді білуіміз керек. Тек содан кейін ғана шет тілдерін меңгеруге болады. Тек орыс тіліне ғана байланып қалсаң, ой-санаңда бір ғана көзқарас, бір ғана идеология қалыптасады. Ағылшын тілін білу арқылы әлемдік ақпаратқа қол жеткізесің, балама ой-пікір оқисың. Әлемдегі үлкен ғылыми журналдар, басылымдар, газеттердегі қызықты деректерді оқуға мүмкіндік аласың. Солардың ақпаратын түпнұсқада оқи алсаң керемет емес пе?! Сондықтан ағылшын, француз, неміс, қытай тілдерін үйренген де артық емес.
Мемлекеттік қызметке баратындар міндетті түрде қазақ тілін білсін деген талап керек
Біздегі үлкен мәселенің бірі – бағалау жүйесіндегі солқылдақтық. Мысалы 11 жыл бойы мектепте балаға қазақ тілі оқытылады. Оған ұстаздары тиісті бағасын қояды. Бірақ мектепті үздік бағаға оқыған орыс тілді мектептің балалары қазақша біліп шығуы тиіс емес пе? Бірақ олай емес. Себебі талап жоқ, қазақ тілі пәнін өз деңгейінде оқымаса да оған көтермелеп баға қоя береді. Былай қарап тұрсақ нонсенс қой. Мемлекеттік қызметке қабылданарда дәл сондай жағдай. Бірнеше заңнан тест тапсырып, қажетті ұпай жинау міндет. Егер қандай да бір заңнан шектік көрсеткіштен төмен балл алсаңыз мемлекеттік қызметке бара алмайсыз. Сол тесттің басында қазақ тілінен де 20 сұрақ болады. Бірақ сол жиырма сұрақтың тек біреуіне дұрыс жауап беріп, қалғанынан қателессеңіз де ештеңе шешпейді. Ұят жағдай. Осының бәрін реттеу керек. Мысалы Болашақ бағдарламасына құжат тапсырарда Қазтест сертификаты талап етіледі. Болашаққа тапсырғысы келетін таныстарым қазақ тілін оқып, үйреніп жүр. Өзі үшін. Егер Қазтесттен өте алмаса шетелде оқи алмайды. Осындай нақты талаптар болуы қажет.
ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ АЗАМАТЫ РЕТІНДЕ ҚОҒАМДА ҚАНДАЙ МӘСЕЛЕ АЛАҢДАТАДЫ?
Біз мәселе тіке өзімізге тақалғанда ғана оянамыз
Тұрмыстық зорлық-зомбылық, соғыс, діни радикализм, экология, құрғақшылық, техногенді апаттар, жұмыссыздық, демографиялық дисбаланс сынды қауіп-қатерлер Қазақстанға да қатысты. Мұның әрқайсысы жер шарының тағдырына, Қазақстанның өміріне әсер етеді. Бұл қатерлермен күрес жөнінде БҰҰ деңгейінде арнайы бағдарламалар қабылданған. Мұны есептемегенде қазақ ұлтының өкілі, тәуелсіз Қазақстанның азаматы ретінде алаңдайтын жекелеген мәселелер де бар. Хәкім Абай «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген еді. Ол өсиетті орындап жатқанымыз шамалы сияқты. Ұлттың, тілдің, мәселесін көтеріп бір қазақ шықса қалғандары жайбарақат, сол күйі күйбең тіршілігімен айналысып жүре береді. Біз мәселе тіке өзімізге тақалғанда ғана оянамыз. Тұрмыстық мәселелерде де сол жағдай. Бұл азаматтық қоғамның қалыптаспағанын көрсетеді.
Ұлттық мүддеге келгенде бірігіп, бір-бірімізді бауыр тұтуымыз аз...
Халықтың ауызбіршілігі, ұлттық мүддеге келгенде бірігуі, бірін бірі бауыр тұтуы аз. Сізге мысал ретінде мынадай бір өмірлік оқиғаны айтып берейін. 2008 жылы Стамбул университетіне магистратура оқуға бардым. Үлкен мегаполис. Елді, қазақтарды сағынасың. Қазақ көрсек туысымызды көргендей қуанамыз. Ақсарай, Лалелі деген жерге кәсіпкер қазақтар келеді. Сауда жасауға, заттар алуға. Біздің университет сол жерге тиіп тұр. Бірінші кезде кәсіпкер қазақ көрсек құшақтап амандасқымыз келетін. Бірақ түрімізге салқын қарап, амандаспай өтіп кететін. «Мына студент ақша сұрап басты қатырады» дейді-ау, басқа себебін таппадым. Сосын осындай жағдай бірнеше рет қайталанғасын көңіліміз қалды, біз де мән бермейтін болдық... Осы сияқты мәселелер көп айта берсек...
Әңгімелескен Зарина Әшірбек,
"Адырна" ұлттық порталы