Теміржолшы: Халық - аманат. Сондықтан қызметке барған әр күнімді қуанышқа толтырғым келеді

4940
Adyrna.kz Telegram

Жүйіткіген пойызды басқарап, қаншама халықты барар жеріне аман-сау жеткізіп, пойыздың әр теміріне мұқият болу теміржолшылардың міндеті. Бұл салада аянбай тер төккен адамдардың еңбегі қай кезде де елеусіз қалмайды. Қызығынан қиындығы басым саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандарға халықтың да алғысы шексіз. Сондай жанның бірі – ел ықыласына бөленген арыстық Омаров Талғат Әбдісаметұлы. “Адырна” ұлттық порталының тілшісі теміржолшыны мерекемен құттықтап, мамандығының қыр-сырын сұрап алды.

Талғат Түркістан облысы Арыс қаласының тумасы. Оның  темір жол саласында қызмет еткеніне биыл 38 жыл. Айтуынша, ең алғашқы қызметін теміржолда слесарь болудан бастаған.

10 сыныпты бітіргеннен кейін әскерге бардым. Кейін Депоға слесарь болып жұмысқа тұрдым. Бір жерде тұра бермей, өсуді қаладым. Сондықтан тепловоз көмекшісі болу үшін қысқа мерзімді 2 айлық курстан өтіп, жұмысқа тұрдым. 90-шы жылдары машинист болып оқып, сол салада қызмет етуді бастадым. Қазір пойыз айдаймын”,- дейді ол.

Сол кезден бастап оның теміржол саласындағы табысты еңбек жолы жалғасын тапты. Еңбекқорлығымен, тиянақтылығымен көзге түсті. Өз ісінің нағыз маманына айнала білді.

Халық - аманат

56 жастағы Талғат пойыз айдаудың қауіп-қатері көп дейді. Өйткені, халықты арқалаған пойызды басқару оңайға соқпайды.

Үнемі жұмысқа шығарда бір Аллаға сиынып шығамын. Өйткені, мамандығым жауапкершілікті қажет етеді. Қаншама адамның өмірі сенің қолыңда тұрғандай болады. Сондықтан үнемі сақтықпен қызмет етемін. Бір сәтте қателесуге болмайды. Халық - аманат. Сондықтан қызметке барған әр күнімді қуанышқа толтырғым келеді. Үйдегі отбасым да алаңдап отырады. Алайда, жұмысымды жақсы көргендіктен қызығы мен шыжығына шыдап келемін. Мамандық таңдағанда ойланып таңдау қажет. Сондықтан жастарға айтырым: теміржолға келсеңдер, ұнатып келіңдер. Мамандықтарыңа деген құрметтерің болсын”, - дейді Талғат.

Еленген еңбек

Білікті маманның көп жылғы еселі еңбегі елеусіз қалған емес. Елге сыйлы, халқына қадірлі ағамыз әрқашан да құрмет төрінен аласармайды, үнемі ұжымдас­тарына қадірлі азамат біліктілігімен еленіп жүр. Еселі еңбегінің арқасында  2015 жылы Асқар Маминнен “Қозғалыс қауіпсіздігі” үшін марапатқа ие болды. Одан бөлек, облыс-аудан әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталған.

“Осы қызметке жеткізіп, бағалап жатқан ҚТЖ-ға алғысым шексіз! Екінші отбасыма айналған теміржолдың қызметкерлерін мерекемен құттықтаймын. Теміржолда жұмыс істеу денсаулықты қажет етеді. Сондықтан барлық әріптестеріме денсаулық тілеймін!

Алдағы уақытта елімізде темір жолда көп жұмыс болса екен. Жастар жұмысқа кіріп, отбасыны асырай алса екен деп тілеймін”, деп болашақ теміржол қызметкерлеріне тілегін айтты.

Балаларым теміржолда қызмет етсе деп армандаймын

Талғат жұбайымен отбасылы болғанына 32 жыл болған. Қазірде 9 баланың әкесі. Отбасын теміржолда жүріп асыраған ол  бүгінде мамандығын мақтан тұтады. Тіпті, балаларына теміржол саласында қызмет етуге кеңес береді екен.

“5 қыз, 4 ұлым бар. 4 қызымды ұясына ұшырып, 3 ұлымды үйлендірдім. Осының барлығы Теміржолдың арқасы. Ондағы әрбір маңдай теріммен тапқан еңбегімді отбасыма арнадым. Менің бір арманым бар. Балаларымның бірі теміржолда істесе екен. Өйткені, теміржол - тоқтаусыз қызмет ететін жұмыс түрі ғой”, - деді ол ішіндегісін жасырмай.

Бүгінде береке дарыған әулеттен тараған тоғыз баланың жетеуі бір-бір үй болып, өз саласында табысты еңбек етуде. Қазіргі таңда Талғат Арыс қаласында балаларына ақылшы әке, немерелеріне қамқор ата болып, мамыражай тұрмыс кешуде. Еселі еңбектің өресіне шыққан теміржолшы көп жылғы бейнетінің зейнетін келесі жылы көрмек. Теміржолшыны мерекесімен “Адырна” ұжымы шын жүректен құттықтап, ісіне табыс тілейді!

Дана Нұрмұханбет

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер