Қазақстан мен Тәжікстан басшылары ынтымақтастықты кеңейтуді талқылады

274
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/nzxWOLBQlTP247Bpwl2wFxyQ0ii0xClUBLOlzFYK.jpg

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сенбі күні Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды “Адырна”. 

Кездесу барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы Тәжікстан президентінің сапары екі ел арасындағы ерекше құрмет пен шынайы достықтың белгісі екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Тәжікстанның стратегиялық әріптестік және одақтастық қатынастары жоғары деңгейде дамып келе жатқанын айтты. Сондай-ақ екіжақты сауда айналымының жыл сайын 1 миллиард доллардан асатынын жеткізді. Қазақстан Тәжікстанның ірі үш сауда серіктесінің қатарында.

Кездесуде мәдени-гуманитарлық байланыстарға да назар аударылды. Атап айтқанда, екі елде мәдениет күндері өткізіліп, көрнекті тұлғаларға арналған ескерткіштер ашылған. Душанбе қаласында Абайдың бюсті, ал Астанада Ибн Сина ескерткіші орнатылған.

Өз кезегінде Эмомали Рахмон Қазақстанның Тәжікстанның жетекші сауда-экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, биылғы тоғыз айда екі ел арасындағы тауар айналымы 1 миллиард доллардан асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26 пайызға жуық өскен.

Қазір Тәжікстанда қазақстандық капиталдың қатысуымен 130-дан астам кәсіпорын тіркелген. Ал Қазақстанда тәжік тарапының қатысуымен 580-нен астам кәсіпорын жұмыс істейді.

Келіссөздер барысында көлік және логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, су ресурстары, өнеркәсіп және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері де қаралды.

Сондай-ақ тараптар жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдерді жүйелі түрде жүзеге асырудың маңызын атап өтті.

 

Пікірлер