AUYL SPORT: Елордада ауыл спортының үздіктері анықталады

202
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/IYsnQNbh9dULFqlFrauxnbtHFt8Qrb9JP9jBLTzE.jpg

Астанада еліміздің барлық өңірінен жиналған ауыл балалары қатысатын AUYL SPORT республикалық турнирінің үшінші маусымы өтеді. 3–7 қараша аралығында ұйымдастырылатын жарысқа спорттың сегіз түрінен іріктелген 2 мыңға жуық жасөспірім қатысады.

Биылғы іріктеу кезеңіне еліміздің 17 өңіріндегі 900-ден астам ауылдан 12 мыңнан астам бала қатысты. Нәтижесінде үздік деп танылған жас спортшылар республикалық кезеңге жолдама алды. Олар еркін күрес, шахмат, волейбол, үстел теннисі, баскетбол, шағын футбол, каратэ WKF және бокс бойынша бақ сынайды.

Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры жүзеге асыратын AUYL SPORT жобасы ауыл балаларының спортқа қызығушылығын арттыруға, қабілеттерін шыңдауға және үлкен жарыстарға қатысуына мүмкіндік беруді көздейді.

Жобаның мақсаты мен жүзеге асырылу барысы туралы Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов пен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы» РМҚК бас директорының міндетін атқарушы Наталья Александровна Дрейт сөз сөйледі. Олар ауыл спортын дамыту, жасөспірімдердің спорттық әлеуетін қолдау және өңірлерде бұқаралық спортты өркендету бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

Жобаның биылғы басты жаңалықтарының бірі – республикалық турнир қорытындысы бойынша жоғары нәтиже көрсеткен жеңімпаз ауылдарда 10 жаңа спорт нысанын салу бастамасы. Олардың құрылысы мен қажетті жабдықтарын Halyk қоры толық қаржыландырады. Ал жергілікті әкімдіктер спорт нысандары үшін жер телімін бөліп, су, жарық және жылу сияқты қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етеді.

Дайын спорт кешендері әкімдіктердің немесе мектептердің балансына беріледі. Жаңа нысандарда ауыл балаларының жаттығуы тегін ұйымдастырылады. Бұл бастама шалғай елді мекендердегі спорт инфрақұрылымын дамытуға және балалардың тұрақты түрде спортпен айналысуына жағдай жасауға бағытталған.

AUYL SPORT жобасының қатысушылары халықаралық жарыстарда да ел намысын қорғап жүр. 2025–2026 жылдары ауыл спортшылары Сербия, Түркия, Өзбекстан, Грекия, Қырғызстан және басқа да мемлекеттерде өткен 10 халықаралық жарысқа қатысып, алтын, күміс және қола жүлделерге ие болды.

Айта кетейік, AUYL SPORT республикалық турнирі 3–7 қараша аралығында өтеді. Жарыстың салтанатты ашылу рәсімі 6 қараша күні сағат 12:00-де ұйымдастырылады. Турнирдің толық кестесін, тікелей эфирлерін және нәтижелерін ұйымдастырушылардың ресми сайтынан — halyksport.kz және auylsport платформаларынан  білуге болады.

Пікірлер