Кремль басшысы Владимир Путин қарашада АҚШ президенті Дональд Трамп және Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездесіп, Украинадағы жағдайды талқылауды ұсынды. Кездесудің мақсаты — соғысты Мәскеуге тиімді шарттармен аяқтау жөнінде келісімге келу. Бұл туралы Wall Street Journal басылымы жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Басылымның мәліметінше, Ресей келіссөздерді 18-19 қараша күндері Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы саммиті аясында өткізуді ұсынған.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мұндай кездесудің өткізілу мүмкіндігі талқыланып жатқанын растаған.
«Кездесудің өзі немесе оның ықтимал күн тәртібі туралы әзірге нақты түсінік жоқ. Дегенмен үш тарап та мұндай кездесудің өту мүмкіндігін жоққа шығармайды», — деді ол басылымға берген жауабында.
АҚШ әкімшілігіндегі жоғары лауазымды өкілдің айтуынша, Ақ үй басшысы әзірге мұндай саммит өткізуге келісім бермеген. Алайда ол бұл ұсынысқа оң көзқарас танытуы мүмкін.
WSJ басылымы Ресей барлау қызметінің бұрынғы қызметкеріне сілтеме жасап, Кремль бұл ұсынысты 9 қазанда Трамппен телефон арқылы сөйлесу кезінде жеткізгенін жазды. Сондай-ақ әңгіме барысында Ресейден АҚШ-қа дизель отынын жеткізу туралы келісімге қол жеткізілгені айтылған.
16 қазанда Трамп жарлық арқылы Мәскеуге қарсы маңызды санкциялардың күшін жойған еді.
Ақ үй, сондай-ақ Ресей мен Қытайдың Вашингтондағы елшіліктері әзірге бұқаралық ақпарат құралдарының түсініктеме беру туралы сауалдарына жауап берген жоқ.
