Франциядағы жаппай тәртіпсіздіктер. Макрон халыққа үндеу жасады

288
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/TYWWg5RJLjxU4sPVNFwaGFcyFvtq042m2LfLs37G.jpg

Франция президенті Эммануэль Макрон елде жаппай наразылықтар болып жатқан тұста халыққа бейнеүндеу жолдады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Макронның пікірінше, наразылық білдірушілердің талаптары естілуі керек.

«Олардың үнін ешқандай алалаусыз және қиындықтардың ауқымын төмендетпей тыңдау қажет. Үкімет бұл бағыттағы жұмысты бастап кетті», – деді Франция президенті үндеуінде.

Макрон билік өкілдері ашуға булыққан азаматтарды тыңдап, дағдарыстың негізгі себептерін жоюы керектігін мәлімдеді. Сонымен қатар ол заң үстемдігін сақтау маңызды екенін атап өтті.

«Біз заңды талаптарды зорлық-зомбылықпен шатастырмауымыз керек. Сондай-ақ зорлық-зомбылықтың осы талаптардың естілуіне кедергі келтіруіне жол бермеуіміз қажет», – деді саясаткер.

Макрон жуырда болған жаппай тәртіпсіздіктерге де тоқталды. Оның айтуынша, өткен сенбіде қылмыскерлер қосылған «аса солшыл топтардың» экстремистері бақылаудан шыққан зорлық-зомбылық әрекеттеріне барған.

Президенттің сөзінше, олардың әрекеті салдарынан кәсіпорындар тоналып, қоғамдық ғимараттарға, дүкендер мен қалалық әкімдіктерге шабуыл жасалған. Полиция қызметкерлері де зардап шеккен.

«Бірнеше жүз полиция қызметкері мен жандарм жарақат алды. Осы кадрларды көргенде, бәріміз: “Олар не ойлап жүр? Француздар Францияға қалайша осындай әрекет жасай алады? Лимож қаласындағы әкімдікті не үшін өртейді, Лиондағы туристік бюроны неге өртейді, Марсельдегі әкімдікке неге басып кіреді немесе Бордодағы префект резиденциясына неге шабуыл жасайды? Қалайша осындай шектен шығады?” деп ойладық. Мұның ешбірін ақтауға, түсіндіруге немесе кешіруге болмайды», – деді Макрон.

Ол тәртіпсіздіктерден зардап шеккен дүкен иелеріне де арнайы үн қатты.

«Кейбірі өз дүкендері мен сөрелерін қылмыскерлерден өздері қорғауға мәжбүр болды. Мен олардың мұндай қиындықпен жалғыз қалмайтынына сендіргім келеді», – деп уәде берді президент.

Сонымен қатар Макрон көшеге шыққандардың арасында заңды талаптарын білдірген жүздеген мың француз азаматы болғанын мойындады.

Еске салайық, қыркүйек айының соңында Францияда жоғары сынып оқушыларының наразылықтары басталған еді. Оның алдында Парижде оқушылардың ірі демонстрациясы қарсаңында стихиялық наразылық акциялары өтіп, олардың бірі полициямен қақтығысқа ұласып, көзден жас ағызатын газ қолданылған.

Бұған дейін Франция президенті Эммануэль Макрон елде жалғасып жатқан наразылықтарға байланысты мәлімдеме жасап, құқық қорғау органдары қызметкерлерін қолдайтынын білдірген болатын.

Ал Франциядағы «Экологтар» партиясынан президенттікке үміткер Марин Тонделье Ішкі істер министрі Лоран Нуньесті отставкаға кетуге шақырған.

Наразылықтарға АҚШ президенті Дональд Трамп та пікір білдірген. Ол Франция билігін шекараларды жабуға шақырып, елдегі жағдайға заңсыз мигранттарды кінәлаған еді.

Пікірлер