Қазақ өрендері АҚШ-тың үздік мектебіне жолдама алды

1174
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/qySIHaYJZNOAQSUePn07CWxOM8mkOHY7CMQ9yarg.jpg

Қазақтың ең үздік оқушылары АҚШ-тың жоғары беделге ие ақылы мектептеріне жолдама алды. Осы жолы 5 үздік шәкірт қазақстандық білім менеджері Ғабит Бекахметов пен американдық филантроп Оливер Грэйс ұсынған 2 жылдық шәкіртақыға ие болды.

“Oliver Grace Scholars Program” деп аталатын ол грант оқу ақысын, жатақханаға тұруды, ас-суын, медициналық сақтандыруды, оқу құралдарын және АҚШ-қа жылына 2 рет барып-қайту шығынын қамтиды. 

Ақшалай баламасы – екі жылға әр балаға $160 мың доллар, яғни шамамен 80 млн теңге.

Ерасыл. Арыстан. Әлімжан. Қазақтың білімді де дарынды оқушыларының ішінде биыл оза шауып, АҚШ-тың Salisbury School жекеменшік мектебінің Оливер Грэйс атындағы 2 жылдық грантын ұтып алған ұландар – осылар. 
Былтыр арнайы шәкіртақыға алғаш рет Мұқағали, Мирас және Айдар атты қазақ жастары ие болған еді. Олар осы оқу жылын аяқтаған соң, қолдарына халықаралық стандарттағы аттестаттарын алмақ. 

2025/2026 оқу жылында Salisbury мектебінде академиялық үлгерімі бойынша ең үздік үш оқушының екеуі біздің балалар болғаны – зор мақтаныш. 

Табиғаты ғажайып, 300 гектар жерде орналасқан, 300 оқушыға арналған жекеменшік білім ордасы –  АҚШ-тың үздік ақылы мектептерінің бірі. Нью-Йорк жанындағы Коннектикут штатында орналасқан. 1901 жылы негізі қаланған ол, биыл 125 жылдығын атап өтпек. 9-12 сынып оқушыларын интеллектуалдық, физикалық, моральдік және рухани тұрғыдан барынша дамытып, АҚШ-тың үздік университеттеріне түсуге жақсылап дайындайды. Дәл қазір онда 49 елден және АҚШ-тың 40 штатынан келген балалар оқиды, оның 6-уы қазақтар.  Ал соның 5-уі НЗМ тәлімін алып, шыңдалған.

АҚШ-тық филантроп Оливер Грэйс не себепті өзі кезінде оқып кеткен мектепке жыл сайын нақты 3 қазақтың ұлына грант бөлемін деп шешті? Бәрі де 25 жыл бұрын басталған. Қарағандыдағы қазақ-түрік лицейінің алғыр оқушысы Ғабит Бекахметов мектеп бітірген соң, арман қуып, АҚШ-қа аттанады. Солтүстік Каролина штатындағы 1838 жылы негізі қаланған таңдаулы Duke университетіне ТМД мемлекеттерінен шыққан дарынды студенттерге арналған Оливер Грэйс шәкіртақысымен оқуға түсіп, оны сәтті аяқтайды. 

Бүгінде Ғабит Бекахметов – Қазақстанның білікті білім менеджері, “Білім кемелері: НЗМ, БИЛ, РФММ”, “Барсакелмес” сияқты бірнеше кітаптың авторы, заманауи жекеменшік мектептердің негізін қалаушы.
Ғабит Қайратұлының қандай мықты азамат болып қалыптасқанын көрген Оливер мырза дәл Қазақстанның жастарын қолдауды жалғастырамын деп шешкен. Salisbury мектебін 1972 жылы бітірген түлек ретінде, 2025 жылы Ғ.Бекахметовпен бірлесе жариялаған жаңа бағдарламаны іске қосқан. 200-300 үміткерден 3 бала іріктеледі. Ол үшін санатқа сай әрбір үміткер үлгерімі мен жетістігі бойынша сынға түсіп, әңгімелесуден өтеді.

Былтыр тек ұлдар мектебіне таңдалған кезде, қыздарын да білім додасына қатыстырғысы келген қазақ ата-ана көп болған. Ғабит Бекахметов Оливер мырзамен келісіп, Вашингтон жанындағы Episcopal High School жеменшік мектебіне қазақ қыздарына да арнап биыл алғашқы 2 грантты бөлгізді. Алматылық Әсия мен Айбике қатарластарынан оза шауып,  бірнеше күн бұрын жаңа елдегі сабақтарын бастап кетті. Бір айта кетерлігі, ол екеуі де осыған дейін Алматыдағы НЗМ-де оқыған.  

Қазақтың дарынды ұл-қыздары білім додасында әлемнің үздіктері болуға әбден лайықты. Ел болашағын сондай жастар жарқын етпек. Ал білімді ту еткен келесі үміткер ұл-қыз дайындықты бүгіннен бастай берсе болады.

Бағдарламаны ұйымдастырушылар алдағы уақытта білімді әрі талантты қазақстандық жастарды қолдауды жалғастыруды көздеп отыр.

Алма Сайлауқызы

Пікірлер