Таяу Шығыс толқынындағы АҚШ пен Қытайдың текетіресі

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/eRBg3fNfXLRPQc0rJfd9hJGni0b6c6okHPVcGqHy.webp

АҚШ Қытайды бір ғана майданда емес, бірнеше деңгейде шектеуге тырысады — теңіз кеңістігінде, құрлық логистикасында, сондай-ақ сауда және технология кеңістігінде. Сонымен қатар, Таяу Шығыстағы тұрақсыздық пен Хормуз бұғазы және Малакка бұғазы сияқты стратегиялық теңіз өткелдерінің қауіпсіздігі де бұл текетіресте маңызды факторға айналып отыр.

Алпауыттардың геосаяси шахмат тақтасы күн өткен сайын түрленіп, сағат сайын жаңарған ықпалдастық алаңындағы алма-ғайып уақытта әлемдік ойыншылардың жұмбағын жорамалдап, әр басқан қадамына болжам жасаған көріпкелдік көбейді десек, артық айтпаған болармыз. Бір тарап жан басқан жақтастарының жақсылығын асырып, жамандығын жасырып әлек болса, енді бір тарап құтқарушы мәсіхті сырттан іздеп, ішкі аудиторияның аңысын аңдуға көшкенді. Бұл ғана емес, әруақ шақырып, ұрандатып, радикалды ұлтшылдықты қару қылып жүргендер де, діншілдікті дәріптеп, жең ұшынан жасырын ұйымға жалғастырғысы келетіндер де табылып жатыр. Қош делік,Әлеуметтік психологияға үстемдік ету – сол қоғамның идеологиясының тізгін-шылбырын қолға алу екенін түсінсек, бұл айтылып һәм жазылып жатқан дүниелердің де ту сыртында кейбір сыртқы күштердің көлеңкесі қылаң беріп қалатыны да ақиқат.Әгәрәки, әңгімеміздің әу жайын эмоционалды көзқарастан гөрі салқын сана мен бүгінгі күннің геосаяси дидарын бағамдап, ақыл таразысына салып көрсек.

ГИБРИДТІК СЦЕНАРИЙ

Бүгінгі геосаяси текетірес – тек аймақтық қақтығыс емес, бұл әлемдік ықпал аймақтарын қайта бөлудің айқын көрінісі. Энергетика, сауда дәліздері және ақпараттық үстемдік үшін жүріп жатқан бұл тартыс ақыр соңында жаңа әлемдік тәртіптің қалыптасуына алып келері ақиқат.
Шығыс славян кеңістігіндегі қақтығыс, Ресей үшін НАТО мен стратегиялық буфер аймағы саналатын Украинаның Кремль билігінің саяси және экономикалық ықпалынан біртіндеп алыстап, Кәрі құрлық елдеріне интеграциялану қадамынан басталған еді. Еуропалық модельге бет бұрған украин жұртының бүгінгі тағдыры тікелей Ақ үй билігін уысында ұстаған Дональд Трамптың қолында екені де жасырын емес. Қазіргі таңда майдан шебіндегі жағдай де-факто шекаралардың қалыптасуына алып келсе, халықаралық құқық тұрғысынан (де-юре) бұл өзгерістер әлі мойындалған жоқ. Бүгін де геосаяси жағдайда ең ықтимал нұсқа – де-факто және де-юре элементтерін біріктіретін гибридтік сценарий. Бұл жағдайда соғыс іс жүзінде тоқтатылғанымен, құқықтық тұрғыдан толық шешім қабылданбайды.

Яғни, майдан шебі тұрақтанып, уақытша бейбітшілік орнайды, алайда территориялық және саяси мәселелер кейінге қалдырылады.
Шартты түрде айтсақ, бұл соғыста тек жер үшін ғана емес, теңізге шығу, логистика, өнеркәсіп, су, қорғаныс шебі және геосаяси үстемдік үшін күрес жүріп жатыр. Халықаралық құқық тұрғысынан Қырым да, Донецк, Луганск, Запорожье, Херсон облыстары да Украинаның БҰҰ жарғысында мойындалған заңды территориялық бөлігі болып саналады. Дейтұрғанмен, соғыс нәтижесінде де-факто Украина Қырым, Донецк, Луганск жерінен және Запорожье мен Херсон аумағының біраз бөлігінен айырылуы мүмкін. Өйткені Қырым, Донбасс, Запорожье және Херсон сияқты стратегиялық аймақтарға бақылау орнату тек Ресей мен Украина арасындағы мәселе ғана емес, ол АҚШ, Еуропа одағы және Қытай сияқты ірі ойыншылардың мүдделеріне тікелей әсер ететін фактор болып табылады. Қара теңіз Еуропа, Кавказ және Таяу Шығыс арасындағы сауда мен энергияның түйіні ретінде қарастырылады, ал Севастополь Ресейдің Қара теңіз флоты үшін ұзақ уақыттан бері шешуші база болып жұмыс атқарып келеді. Сонымен қоса, Қырым–Херсон–Запорожье дәлізі Ресей үшін жай ғана территория емес, ол Қара теңізді бақылаудың, Украинаға қысым жасаудың және Еуропаның шығыс қауіпсіздік архитектурасына ықпал етудің стратегиялық тетігі болып табылады.

Ақиқатында, Ресей мен Украина арасындағы соғыс қимылдары Қытайдың Еуропаға бағытталған логистикалық дәліздерін әлсіретіп, оның жеткізу тізбектерін күрделендірсе, АҚШ үшін бұл жағдай Қытайдың сауда әлеуетін шектеуге және жаһандық экономикалық бәсекеде артықшылық алуға мүмкіндік беретін маңызды факторға айналды.

Айталық, Қытай → Орталық Азия → Кавказ → Қара теңіз → Украина порттары (Одесса, Чорноморск) → Еуропа одағы бағыты Қытай үшін кәрі құрлық елдеріне шығатын қысқа әрі тиімді маршруттардың бірі болған. Алайда, қазіргі геосаяси жағдайға байланысты бұл бағыт экономикалық тұрғыдан тиімсіз әрі тұрақсыз дәлізге айналды.

Осыған байланысты Қытай балама логистикалық бағыттарға басымдық беруді күн тәртібіне алған. Атап айтқанда, Қытай қазіргі кезеңде Орта дәлізге (Trans-Caspian International Transport Route) айрықша назар аударып отыр. Бұл бағыт Қытай → Қазақстан → Каспий теңізі → Әзербайжан → Грузия → Түркия → Еуропа бағыты бойынша жүзеге асырылады және Ресей мен Украина аумағын айналып өтетін қауіпсіз әрі стратегиялық альтернатива ретінде қарастырылуда.

ҚҰРЛЫҚТАҒЫ КҮШ ҺӘМ ТЕҢІЗДЕГІ ӘЛСІЗДІК

Қытайдың экономикалық күші құрлықта өсіп жатқанымен, оның стратегиялық әлсіздігі теңізде. Ал АҚШ-тың әскери-теңіз флоты әлемдегі ең қуатты күштердің бірі. Ақ үй билігі осы теңіздегі қуатты күшін пайдалана отырып, АҚШ пен одақтастар ықпал аймағындағы Малакка бұғазын, Оңтүстік Қытай теңізіндегі даулы аймақтарды, сондай-ақ стратегиялық қақпа саналатын Тайвань бұғазы мен Тынық мұхитқа шығатын негізгі жол — Лусон бұғазын бақылау арқылы Қытайдың жаһандық ықпалын шектеудің ең тиімді тетігін сақтап отыр.Сонымен қатар, Украина аумағы мен Қара теңіз бағытындағы тұрақсыздық Қытайдың Еуропаға шығатын қысқа логистикалық дәліздерін әлсіретіп, оның “Бір жол – бір белдеу” жобасының белгілі бір тармақтарын істен шығарды. Нәтижесінде Қытай Орта дәлізге бет бұруға мәжбүр болды. Бұл өз кезегінде Қытайдың логистикалық шығындарын арттырып, жеткізу тізбектерін күрделендіру үстінде. АҚШ пен Израиль үшін Иранды әлсірету Таяу Шығыстағы қауіпсіздік архитектурасын өздеріне тиімді етіп қайта құруға көмектеседі, ал Авраам келісімдері аймақта Израиль мен араб мемлекеттері арасындағы экономикалық-технологиялық жақындасуды күшейтті. Бұл келісімдер Қытайдың Таяу Шығыстағы ықпал күшін шектеуі мүмкін, өйткені АҚШ-қа жақын аймақтық блок күшейсе, Бейжің үшін инфрақұрылым, энергия және технология салаларындағы бәсеке күшейеді.

Сонымен қатар, 2026 жылғы Израиль–Иран соғысы аймақтық энергия тасымалына, әсіресе Хормуз бұғазына, қатты соққы беріп отыр; бұл Қытай үшін айрықша маңызды, өйткені Қытайдың энергетикалық қауіпсіздігі Таяу Шығыспен тығыз байланысты. Таяу Шығыстағы геосаяси тұрақсыздық АҚШ үшін Қытайға қарсы тікелей емес, бірақ ұзақ мерзімді стратегиялық қысым құралына айналуда, өйткені бұл бағыттар Қытайдың энергетикалық импорты мен экономикалық тұрақтылығының шешуші тармақтарының бірі болып табылады.

ТАЯУ ШЫҒЫС – ҚЫТАЙҒА ҚАРСЫ ҚЫСЫМ ҚҰРАЛЫ

АҚШ пен Израиль үшін Иранды әлсірету Таяу Шығыстағы қауіпсіздік архитектурасын өздеріне тиімді етіп қайта құруға көмектеседі, ал Авраам келісімдері аймақта Израиль мен араб мемлекеттері арасындағы экономикалық-технологиялық жақындасуды күшейтті. Бұл келісімдер Қытайдың Таяу Шығыстағы ықпал күшін шектеуі мүмкін, өйткені АҚШ-қа жақын аймақтық блок күшейсе, Бейжің үшін инфрақұрылым, энергия және технология салаларындағы бәсеке күшейеді. Сонымен қатар, 2026 жылғы Израиль–Иран соғысы аймақтық энергия тасымалына, әсіресе Хормуз бұғазына, қатты соққы беріп отыр; бұл Қытай үшін айрықша маңызды, өйткені Қытайдың энергетикалық қауіпсіздігі Таяу Шығыспен тығыз байланысты. Таяу Шығыстағы геосаяси тұрақсыздық АҚШ үшін Қытайға қарсы тікелей емес, бірақ ұзақ мерзімді стратегиялық қысым құралына айналуда, өйткені бұл бағыттар Қытайдың энергетикалық импорты мен экономикалық тұрақтылығының шешуші тармақтарының бірі болып табылады.

Дейтұрғанмен, бұл тек Қытайға ғана кері әсер тигізеді деп айта алмаймыз, бұл біртұтастанып бара жатқан әлемдік саясат пен әлемдік экономикаға пайда мен зиян әкелуі әбден мүмкін.

Қорытындылай келе, АҚШ Қытайды бір ғана майданда емес, бірнеше деңгейде шектеуге тырысады — теңіз кеңістігінде (Оңтүстік Қытай теңізі мен Үнді-Тынық мұхит аймағы), құрлық логистикасында (Еуразиялық дәліздер мен Орталық Азия), сондай-ақ сауда және технология кеңістігінде. Сонымен қатар, Таяу Шығыстағы тұрақсыздық пен Хормуз бұғазы және Малакка бұғазы сияқты стратегиялық теңіз өткелдерінің қауіпсіздігі де бұл текетіресте маңызды факторға айналып отыр, себебі дәл осы бағыттар Қытайдың энергетикалық қауіпсіздігінің негізгі тірегі болып табылады. Бұл геоэкономикалық немесе геосаяси қақтығыста державалар жеке мүддесі үшін дұшпанмен доста бола алады, досты сатып та кете алады немесе үшінші тарапты құрбандыққа шалып жіберуі де мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан, тек транзиттік аймақ емес, алып державалардың мүдделері тоғысқан стратегиялық кеңістікке айналып отыр. Қазақстан үшін болашақтағы басты міндет — геосаяси қысымдар мен сыртқы ықпалдар тепе-теңдігін сақтай отырып, көпвекторлы саясат жүргізу арқылы өз ұлттық мүддесін қорғап қана қоймай, қалыптасып жатқан жаңа әлемдік тәртіпте дербес және ықпалды ойыншы ретінде орнығу болып табылады.
 

         Ертұран Жұмақанұлы

Пікірлер