Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров референдумда дауыс берді

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/L8iQk9e0g7gTzT51UX1qv8mwnYrWeuqZZmMEUDK1.jpg

Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров жаңа Конституция жобасы бойынша өткізілген республикалық референдумға қатысып, өз таңдауын жасады.

Өңір басшысы №541 референдум учаскесінде дауыс берді. Аталған учаске Ұзақбай Құлымбетов атындағы №64 жалпы білім беретін мектепте орналасқан.

Дауыс бергеннен кейін облыс әкімі референдумға қатысудың маңыздылығын атап өтті.

«Бүгін мен референдум учаскесіне келіп, еліміздің жарқын болашағы үшін өз таңдауымды жасадым. Бұл – тек біздің құқығымыз ғана емес, әрбір азаматтың Отан алдындағы міндеті. Конституция – тәуелсіз Қазақстанның басты құжаты, мемлекетіміздің берік негізі», – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ ол Ақтөбе облысында референдумды өткізу үшін барлық қажетті жағдай жасалғанын алға тартты. Өңірде 528 дауыс беру учаскесі жұмыс істеп тұр. Олардың барлығы қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

Учаскелерде дауыс беру процесінің ашық әрі заң талаптарына сәйкес өтуі үшін барлық мүмкіндік қарастырылған.

Қазіргі уақытта республикалық референдум Ақтөбе облысының аумағында жалғасып жатыр. Әрбір тұрғын ел болашағына қатысты өз пікірін білдіріп, таңдау жасауға мүмкіндік алды.

Пікірлер