«Халық үні» биліктің референдумын қадағалауға дайын

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/uxhpy73asBIvvEcUxZ8n2xl0f5F1HOkkajDpCDM4.jpg

5 наурыз күні Алматы қаласында бір топ саясаттанушылар мен журналистер, қоғам белсенділері қосылып, алдағы референдум барысын бақылайтынын айтты. «Халық үні» бақылаушылар тобы дауыс берудің әділ, шынайы өтуін талап етуде. 

Топ басшысы, саясаттанушы Нұрболат Нышанбай былай дейді: «Референдумда дауыс беру процесін бақылау ең жауапты іс. Міне, осы жауапты іске біз де өз үлесімізді қосуды ниет еттік. Белсенді азаматтар бас қосып, «Халық үні» атты бақылаушылар тобын жасақтадық. 15-наурызда сайлау учаскелеріне бақылаушыларды кіргізіп, референдумның әділ, ашық, заңбұзушылықсыз өтуіне үлес қосамыз. Заңбұзушылық тіркелген сәтте, біздің бақылаушылар оның заңға сай тіркелуін талап ететін болады. Жеке тәжірибемде тәуелсіз бақылаушыларды дайындау, оқыту, сайлау процесін бақылау әрекеттері болды. 2024 жылғы референдумда бақылаушыларды жасақтап, оқыттық. Саясаттанушы болған соң бұндай процесстерден қалыс қала алмаймыз. Қатарымызда қолдаушылар жеткілікті. Бақылаушыларды оқытуға Дос Көшім ағамыз қатысады. Қоғамдық істерде бой көрсетіп, азаматтық қоғамның қалыптасуына үлес қосып жүрген журналист, саясаттанушы, қоғам белсенділері де қатарымызда бар. Қазір жаңа Ата заң жобасы халыққа ұсынылуда. Әр адам өз таңдауын жасайды. Бірі қолдап, бірі қарсы дауыс беруі мүмкін. Қандай шешім болса да, бұл халықтың үні деген сөз. Сол себепті де біз «Халық үні» деп атадық. Әр бюллетень бір адамның даусы, үні ғой. Әр дауыстың әділетті саналуына үлес қосу біздің миссиямыз болмақ. Біздің бақылаушыларымыз өздері бақылайтын учаскелерде референдум күні бастан-аяқ болады. Бақылайды. Заң бұзылған сәтте, оны бірден заң талабына сай рәсімделуін талап етеді. Әлеуметтік желілерде есеп беріп отырады. Мақсатымыз референдумның ашық, әділ өтуіне үлес қосу. Кімнің қалай дауыс беретіні әр адамның өз таңдауы, ал біздің миссия сол берілген дауыстың әділетті түрде саналуын қадағалау», - дейді ол. 

«Халық үні» бақылаушылары еліміздің бірнеше өңірінде бақылаушылық етпек. «Мүмкіндігіміз жеткенше көп елді-мекенді қамтуға тырысамыз» дейді олар. 

Топ мүшесі, журналист Нұргелді Әбдіғани былай дейді: «Тәуелсіздіктің кешегісі мен бүгінінде біздің халық сайлау мен саяси науқанның сан түрін көрді. Осыған дейін елімізде өткен сайлаулар мен референдумдар кезінде түрлі құйтырқылықтарды қоғамның көзі көріп, құлағы естіді. Дауысты көпекөрнеу бұрмалау, бақылаушыларға хаттамаларды бермей, учаскелерден заңсыз шығарып жіберген сәттер де болды. 

Ағылшындар айтатын: «Сайлаудың нәтижесі – дауыс берушінің санына емес, дауыс санаушының пиғылына байланысты», - деген сөз бар. Елішілік саяси процесстерге келгенде, әсіресе сайлау, референдум секілді халықтық ауқымдағы процесстерде нейтралды қалуға болмайды. Осы жолы да бақылаушылық жасайтын топтар көп болады және солай болуы тиіс. Қазірдің өзінде бірлі-жарым топтар мәлімдемелерін жасап жатыр. Бақылаушылық арқылы халықтың таңдауы қорғалып, референдумның шынайы әрі сенімді өтуіне жағдай жасалады. Біздің мақсатымыз сол, дауыс беру науқанының ашық, әділ өтуін қадағалау. Қазір заң қатаңдатылды. Дауыс ұрлау, бұрмалау қылмыс. Осыны әр адам есінде сақтағаны жөн», - дейді. 

Топ мүшесі Исламбек Дастан қоғамдағы әділетсіздікпен, сыбайлас жемқорлықпен ақпараттық тұрғыдан күресіп жүрген азамат саналады. Ол бақылаушылық арқылы әділ сайлауға қадам басамыз деп санайды.  

«Қоғамдағы саяси процесстерден тыс қалған емеспін. Белсенді ретінде, журналист ретінде маған қоғамда әр істе әділеттілік болғаны маңызды. Осы уақытқа дейін елімізде өткен сайлау, референдумнан тыс қалып көрген жерім жоқ. Дауыс беруге де 18 жасымнан қатысып келемін. 15-наурызда өтетін референдум барысында бақылаушыларды дайындап, дауыс беруді бақылайтын боламыз. Дауыстың ұрлануына, бұрмалануына жол бермеу басты міндетіміз. Бақылаушының миссиясы сол. Заң бұзушылықты тіркеу, хаттаманы алу дегендей. Бізде тәжірибелі бақылаушылар бар. Олармен де жұмыс істейміз, жаңадан бақылаушы боламын дегендерге де есік ашық», - дейді ол.

Пікірлер