Қазақстан атынан төрелік етіп, қазақстандық спортшыларды төмендеткен төреші сынға қалды

204
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/mcmlDyp2xkzinYdvQuKx0qvVF1VQFo7JgG6I4ege.jpg

2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары Милан қаласында өтті. Қазақстан атынан төрешілік жасаған ресейлік маман Надежда Парецкая өз отандасына негізсіз жоғары ұпай қойып, қазақстандық спортшылардың көрсеткішін төмендетті деген айып тағылды, деп хабарлайды "Адырна".

Желі қолданушылары мен спорт сарапшылары Парецкаяның әділдігіне күмән келтіріп отыр. Басты наразылық келесі жайттарға байланысты:

  • Аделия Петросянның жағдайы: Ресейлік спортшы еркін бағдарлама кезінде төрт айналымдық тулупты орындау барысында мұзға құлап түскеніне қарамастан, Парецкая оған ең жоғары – 147,04 ұпай қойған. Басқа төрешілердің бағасы бұдан әлдеқайда төмен болды. Осы қолдаудың арқасында Петросян жалпы есепте 6-орынға тұрақтады.
  • Софья Самоделкинаға қысым: Қазақстан намысын қорғап жатқан Самоделкинаға Парецкая керісінше төмен ұпай берген. Салдарынан жерлесіміз турнир кестесінде 10-орынға сырғыды.

Төрешінің «қыспағына» ерлер арасындағы жарыста Михаил Шайдоров та түскен. Парецкая Шайдоровтың ұпайын әдейі төмендетіп, оны 7-орынға дейін түсіріп жіберген.

Бұл жағдай қазақстандық спортшыны тәуекелге баруға мәжбүр етті:

  1. Михаил еркін бағдарламада техникалық жағынан өте күрделі бес секіру элементін (төрт айналымдық) орындауды ұйғарды.
  2. Қысымға қарамастан, Шайдоров мұзда мінсіз өнер көрсетіп, барлық қарсыластарын шаң қаптырды.
  3. Нәтижесінде Михаил Шайдоров Олимпиада чемпионы атанып, Қазақстан қоржынына алтын медаль салды.

Қазақстандық жанкүйерлер әлеуметтік желілерде Надежда Парецкаяның бұл әрекетін «кәсіби этикаға жат» деп бағалап, Қазақстанның Мәнерлеп сырғанау федерациясынан бұл жағдайға байланысты ресми түсініктеме талап етіп отыр. Көпшіліктің пікірінше, еліміздің атынан баратын төрешілер алдымен өз спортшыларымыздың мүддесін қорғауы тиіс.

Пікірлер