"Бар ғұмырды осы айтысқа арнадым, бар секілді менің артық ғұмырым"

197
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/n89F7wdPiIdEQxQCPywhrNc9D78ds1KI7mjf0HPD.webp

Бүгін, 12 ақпанда белгілі ақын, айтыс өнерінің жанашыры Жүрсін Ерман 75 жасқа толды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Қайраткерді мерейтойымен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов арнайы құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Бүл туралы қалалық мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев айтты.

«Жүрсін ағамыздың қазақ руханияты мен мәдениетінің дамуына қосқан үлесі зор. Ол – айтыс өнерін тек сахнаға шығарып қана қоймай, оны ұлттың рухын көтеретін, халықтың санасын серпілтетін құдіретті күшке айналдырған тұлға. Сондай-ақ, айтысты халықаралық деңгейге көтеріп, шетелдегі қазақтармен рухани байланыс орнатуға да атсалысты. Жүрсін ағамызды 75 жас мерейтойымен құттықтап, шығармашылық табыс, зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілейміз. Ұлт руханиятына қосқан өлшеусіз үлесі еселене берсін, абыройы асқақтай берсін!»- деді ол.

Жүрсін Молдашұлы 1951 жылы 12 ақпанда Қарағанды облысы, Ұлытау ауданында дүниеге келген. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. 1980 жылға дейін Жезді ауданы «Октябрь туы» газетінің әдеби қызметкері, 1971-1978 жылдары Жезқазған облыстық телерадиокомитетінің аға редакторы, 1978-1980 жылдары Жезқазған облыстық телерадиокомитетінің бас редакторы болған.

1982-1992 жылдары  Қазақ республикалық телевизиясының бас редакторы, 1992-1996 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі, «Қазақ мемлекеті» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, «Қазақстан қанаты» - «Крылья Казахстана» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. 1997-2003 жылға дейін шығармашылық жұмыста болған. 2003-2006 жылдары  Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті гуманитарлық ғылыми-зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі, 2006-2007 жылдары  «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы АҚ Басқарма төрағасының орынбасары - Қазақ радиосының бас директоры болып қызмет еткен. 2007-2009 жылдары - «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі қызметтерін атқарған.

Тұңғыш өлеңдер жинағы - «Жанартау» 1983 жылы жарық көрген. «Арайлы күн армысың», «Ұлытауға бардың ба?..», «Құдіретке жүгіну» , «Екі тізгін, бір шылбыр» атты кітаптардың авторы. Өлеңдері мен поэма, балладалары адам, оның жан дүниесі, рухани құдылықтарын өзек етеді. Жүрсін Ерман қазақтың айтыс өнерін қайта жаңғырту, оны теледидар мен радиода насихаттау ісінде айтарлықтай жұмыстар атқарды. 1984 жылдан ақындарды үлкен сахнаға шығарып, халық өнері, ұлттық рухты көтеруге үлес қосты. Ақындар айтысын жинақтап жариялау, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, «Қазіргі айтыстар» (2005, Астана, 2 том) жинағын құрастырды.

Жүрсін Ерманның бірнеше бейне, аудиокассета, дискілері жарыққа шыққан. Қазақстан Жазушылар одағының Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері. Халықаралық Қазақ тілі қоғамының мүшесі.

Ақынның өзі "Айтыс" деген өлеңінде былай жырлайды.

Көңілімде сілкінгенмен қыран құс,
Зыр жүгірдім– баладай боп тіл алғыш.
Түн жамылып қайттым үйге мен талай
Бір адамнан ести алмай бір алғыс.
Жеткізем деп жүректерге жыр үнін,
Жеткізем деп елге айтыстың дүбірін.
Бар ғұмырды осы айтысқа арнадым
Бар секілді менің артық ғұмырым.
Шүберекке түйдім талай жанымды,
Сонда менің кім сұрады халімді.
Шатқаяқтап ішіп келген ақындар
Шарап емес,
Ішті менің қанымды!
Түлетем деп дәстүрім мен салтымды
Мысыңды – мыс,
Алтын дедім – алтынды.
Көрінгеннің күңкіліне түкірдім,
Қуантуға жарап жүрсем халқымды.
Өмір деген – тартыс,
Кейде – төбелес,
Тауқыметін аямады менен еш.
Рас, талай сұрап алдым машина,
Тартып алған кездерім де жоқ емес!
Айтыс үшін – жылпоспын мен, ептімін,
Айтыс десе – тау жығардай екпінім.
Сайтанмен де тіл табысқан кезім бар
Осы айтысқа тиер болса септігім.
Сауға сұрап оқпанынан озбырдың
Талай-талай табалдырық тоздырдым.
Бағы жанбай жүрген талай жүйрікті
Топқа салып, Тайбурылдай оздырдым.
Шын жүйріктер шықпай қалса финалға
Арқасынан қағып, дедім «қиналма!».
Дұшпаным да көбейгенін білемін
Қазыларды қайрылтам деп иманға.
Айтыс десе – алаңдамас қай кісі,
Неге керек қылыштардың қайқысы,
Неге кере к– мылтықтардың мықтысы
Аман болса ақындардың айтысы!
Қайран айтыс – қазағымның сертіндей,
Сенің күйің қалмаса екен шертілмей.
Сені ешкім де жоя алмайды, айтысым,
Ең алдымен бізді жоқ қып өлтірмей!

Пікірлер