Қазақстанның тұңғыш Бас мүфтиі, белгілі дін қайраткері Рәтбек қажы Нысанбайұлы дүниеден озды. Қаралы хабарды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ресми мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".
Бас мүфтидің айтуынша, Рәтбек хазіретіміздің қайтыс болуы – ел мұсылмандары үшін орны толмас ауыр қаза. Ол марқұмның отбасына, туған-туыстарына және барша мұсылман қауымына көңіл айтты.
«Жуырда ғана Рәтбек ұстаздың үйінде болып, хал-жағдайын сұрасып, сұхбаттасқан едік. Ақсақалдың дәм-тұзы таусылған екен. Алла алдынан жарылқасын. Иманы өзіне серік болсын», – делінген көңіл айту мәтінінде.
Рәтбек қажы Нысанбайұлы ел тарихында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының іргетасын қалаған тұлға ретінде белгілі. Ол мүфти болған жылдары Қазақстанның ислам әлеміндегі байланысы нығайып, мұсылман мемлекеттерімен қарым-қатынас арта түсті.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының мәлімдеуінше, Рәтбек хазірет елде 30-дан астам мешіттің салынуына ықпал етіп, халықтың діни сауатын арттыруға барынша көңіл бөлген. Оның басқару кезеңі діни ортада «алғашқы сауат ашу кезеңі» деп аталады.
Сондай-ақ ұстаздың негізгі еңбегінің бірі – шәкірт тәрбиелеу, кейінгі буынға жол көрсету, ізбасарларына ақыл-кеңесін аямай, жанашырлық таныту болғаны айтылды.
Рәтбек қажы Нысанбайұлы 1940 жылдың қараша айында Түркістан облысында дүниеге келген. Ол Қазақ педагогикалық институтының (ҚазПИ) тарих факультетін тәмамдаған.
1964 жылы Бұхарадағы әйгілі «Мир-Араб» медресесін, сондай-ақ Бұхара педагогикалық институтын аяқтап, кейін шетелде жоғары діни білім алған.
1969–1975 жылдары Ливия университетінің Шариғат және құқық факультетінде оқып, діни салада терең білім жинақтаған.
1979 жылдан бастап Қазақстанның қазиі қызметін атқарған.
1990 жылдың 12 қаңтарында Алматыда Қазақстан мұсылмандарының І құрылтайы өтіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) құрылған. Бұл құрылым бұрын Ташкенттегі Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан (САДУМ) бөлініп, дербес Діни басқарма ретінде жұмысын бастаған.
Құрылтайда ҚМДБ-ның алғашқы төрағасы, тұңғыш Бас мүфти болып Рәтбек қажы Нысанбайұлы сайланған. Ол ҚМДБ-ны 2000 жылға дейін басқарған.