Елімізде биыл «Жусан» операциясы басталып, Сириядағы ДАИШ ұйымының (Ирак және Шамдағы ислам мемлекеті – ИШИМ немесе ИСИМ) аймағында болған жерлестерді Қазақстанның арнайы қызметі бірнеше кезеңмен елге жеткізгені белгілі. Барлығы 516 адам, олардың 357-і балалар. Әлі де елге оралуды күтіп отырғандар бар. ДАИШ тобының қол астында әлем бойынша 86 елдің адамдары болса, сол елдер өз азаматтарынан бас тартып, тіпті кей мемлекеттер азаматтықтан шығарып тастап жатқанда қазақ елінің «Отанын тәрк етушілерді» арнайы жобамен елге қайтарып, басынан сипап, бауырына басуын әркім әрқалай бағалауда. Өз отандастарымызды айтпағанда бүкіл араб елдері қазақстандық биліктің қайырымдылығына «қайран» қалып жатқанын да біліп жатырмыз. Енді осы елден жырақтап, жат жұртқа «жұмақ» іздеп кеткендердің барлығы бірдей әсіредіншілдер ме? Оларға деген қоғамның ұстанымы қандай болуы қажет? деген заңды сауалдар туындайды.
Елімізде халқымыздың діни сауатты болуы, қоғамда діни алауыздық болмауы өте маңызды болып тұрған жағдайда «Қазақстан Республикасының діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Осы бағдарлама аясында Республикамызда ақпараттық-түсіндіру тобы мемлекетте діни экстремизмді болдырмауға және халықтың діни сауаттылығын арттыру мақсатында халықпен жұмыс жасап жатыр. Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының «Мониторинг және талдау» орталығының ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі ретінде, халықпен жұмыс жасау барысында байқағаным соңғы 2-3 жылда деструктивті діни ағымдардың жетегіне кеткен азаматтарымыздың саны азайған. Қазіргі таңда Қазақстанның діни саласындағы мемлекеттік саясаты басқа елдерге үлгі болатын нәтиже көрсетіп отыр.
Дінтанушы-журналист ретінде «Жусанмен» елге оралғандарға қарап «тарихыңды құрметте, дәстүрлі жолдан адаспа» деген сөзді қолдануға тура келді. Себебі Сириядағы соғысты алқапқа арнайы аттанғандармен бірге аңдамай адасқандар, тағдырдың сүрлеуімен тап болғандар да табылады. Енді сондай бірнеше жағдайларға қысқаша шолу жасайық.
Мен тілдескен бір топ әйелдің тек біреуі ғана дүнген, қалғаны қазақ ұлтының өкілдері. Арасында жоғары білімділері, елімізде беделді университеттердің түлектері, сондай-ақ үй шаруасындағы да әйелдер бар.
Топтағы ең ересегінің оқиғасы әрбір қаракөзге ой саларлық. Еліміздегі ордалы университетте маманданған, бірақ кейінгі уақытта төрт баласының тәрбиесімен үйінде отырған орта жастағы келіншектің күйеуі құзырлы орындарда қызмет еткен. Ислам дініне 2003 жылдары күйеуі үйретіп, отбасында Дарын Мубаровтың уағыздарын тыңдап, Мухаммад Абдул-Уахабтың кітаптарын оқи бастаған.
- Сіз көп балалы отбасында тәрбиеленіпсіз, он баланың ең кенжесі екенсіз. Сонда сол уақытқа дейін халқымыздың дәстүрлі ұстанымы, имам ағзам Әбу Ханифа, ханафи мәзһабы жайлы естігеніңіз бар шығар?- деген сауалға, кейіпкеріміздің ислам дінінен мүлдем бейхабар болғанын білдік. Тек күйеуінің айтуымен намазға жығылып, 2014 жылы үйлерін сатып, ата-ана, ағайын-туысқа айтпай, Сирияға «Ислам халифатында» өмір сүруге аттанған. Алайда 5 жыл тұманның ішінде, соғыстың ортасында күйеуі мен жалғыз ұлынан айрылып, үш қызымен елге жеткізілді. «Сирияға сапарыңыз сізге не берді?» дегенде кемсеңдеп жылай берді, күйеуіне көзсіз сеніп соңынан боталарын жетектеп кете барған шерлі ананың ішкі әлемі өкініштен алай-дүлей болып жатқанын аңғару да қиын емес еді...
- Шырт ұйқыда жатқанда күйеуіме Дархан деген танысы шетелден телефон шалып бір нәрселерді айтады. Сол қоңыраудан кейін ұйқылы-ояу күйеуім өзінен-өзі дірілдеп, үрейленуді шығарды. Түн ортасында жиі шалынған телефонның жетегімен «Қазақстанда қала берсек, бала-шағамыз дінсіз болып, намазын да оқи алмай, хиджабын да кимей адасып кетеді» деген қорқынышпен «Ислам мемлекетінің кереметін көру үшін 2-3 айға саяхаттап қайтуға» отбасымызбен бірге шықтық. Бірақ Түркияға барғанда ғана бағытымызды білдік. Бізге «Мекке, Мәдинаға білім алуға бара жатырмыз» деп айтуды талап етіп, анамды өтірік алдауыма тура келді. Бірақ кейін телефон шалып кешірім сұрадым. Біз барған соң «жанашыр шақыртушының» арбауына түскенімізді түсініп, бармақ тістеп, барыншы тыныш жүріп елге қайтудың жолын қарастырып-ақ бақтық. Қанша ойласақ та, жолын таппадық. Осы 2019 жылы қаңтар айында үлкен қызым бомбаның астында қалды,-деп көздері жасқы толған шерлі келіншек балаларының «бейшара» хәліне өзін кінәлай бастады.
- Қайтыс болған қызым елде жүргенде мектепте үздік еді. Өзім де оқуда озат болдым, ал қазір 9, 11 жастағы ұл,қызым мүлдем сауатсыз. Олардың осы хәліне біз кінәліміз, ойланбай елден кетіп, адасып 6 жыл емес жарты ғұмырымызды жоғалттық. «Қазақстан өз азаматтарын қайтарып алуда» деген бойда мен тұтқындар лагерінен балаларымды алып көлік келетін жерге бардым. «Көлік ертең келеді, қайта беріңдер» десе де, жатаққа барсам, қалып қоятындай қорқыныш билеп, балаларыммен жауынның астында түнедік. Өз елімізге келгеніміздің қандай бақыт екенін мен сөзіммен жеткізе алар емеспін»,-деп жасаураған ойлы көздерімен бір нүктеге ұзақ қарап қалды...
- Егер сол 5 жыл бұрынғы ғұмырыңызды қайта сүруге мүмкіндік болса, сіз Сирияға барар ма едіңіз?- деген сауалға дүнген қызы тосылып, жауап бере алмай қалды. Себебі ол 5 жыл отасқан ресейлік шешен азаматының адамгершілігін жиі ауызға алып, бірақ оның діни сауатсыздықтан арандап қалғанын айта берді. Тіпті өзі Құран тәжуидін дұрыс меңгермесе де санаулы ғана сүре білетін күйеуіне Құран оқуды үйретпекші де болған.
Айша КЕҢЕСБАЙ
"Адырна" порталы