Ұлытау облысының әкімшілік орталығы - Жезқазған қаласының құрылғанына 70 жыл. Айрықша мерейтой құрметіне орай мысты өңір төрінде орналасқан Серке Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында салтанатты іс-шара өтті. Жиында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы тұрғындар мен қала қонақтарына құттықтауын жеткізді.
«Жыл сайын қала мерекесі аталып өткенде біз қазыналы Қарсақбай мен Байқоңыр көмір ошағын, Үлкен Жезқазған жұмысшы кентінің тірлігі мен Жездінің тарихи орынын үнемі еске алып отырамыз. Өйткені Қарсақбайдың қара мысы мен Жездінің марганеці, Байқоңырдың көмірі мен Жезқазғанның сары мысы – Ұлытау даласының өндірісті аймаққа айналуының өзегі. Бұл – бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын тұтас ұғым.
Жаңадан ашылған Ұлытау облысының орталығы Жезқазған мен жезқазғандықтардың осы міндетті орындаудағы рөлі де ерекше болмақ. Өйткені Жезқазған – Отанымыздың түсті металлургиясының ірі ошағы, қуатты орталығы. Өзінің 70 жылдық даму жолында Жезқазған қаласы тарих толқынының небір ауыр сындарынан өтті, өндірісті дамытудың қиын да күрделі сынақтарын бастан кешірді. Бәрін де түсініп, біріне бел буған кеншілер мен металлургтердің, құрылысшылар мен байытушылардың ерлік үлгісі қалыптасты. Бүгінгі жезқазғандықтардың бойында сол өршілдік бар.
Қаныш Сәтбаев есімі мен Жезқазған атауы қатар айтылады. Биыл ғұлама ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толды. Баянауылда туып, Ұлытауда азамат болып қалыптасқан ғалымның тойымен орайлас келген Жезқазғанның 70 жылдық торқалы тойы құтты болсын»-деді өңір басшысы өз құттықтауында.
Other materials
Adyrna.kz ұлттық порталының маңызды ақпараттарына жазылу
Соңғы жаңалықтар туралы хабардар болыңыз