Үш мегаполис – бәйбішеден, 17 облыс тоқалдан туған ба? Алабөтен жабдықтау

2278
Adyrna.kz Telegram

Қазақстандағы үш мегаполис Астана, Алматы және Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті өңірлермен салыстырғанда өрт сөндіру техникалары жөнінен бір бас жоғары тұр. Алайда бұл биік ғимараттары көп қалалардағы «тілсіз жауды» ауыздықтауға кепілдік бере ала ма?

Бұған дейін Adyrna.kz ұлттық порталында «Жетіспейтін темір, жетпейтін теңге. Төтеншеліктер қайтіп көрер?» деген тақырыпта мақала шыққан болатын. Аталған мақалада Жамбыл облысына 50, Түркістан облысына 62, Ұлытау облысына 75, Қызылорда облысында 123 өрт сөндіру техникасы жетпейтіні жазылды. Бүгін мегаполистердегі ахуал айтылады. Алдағы күндері өзге де облыстардағы жағдай баяндалады.

Елдегі мегаполистің үлкені Алматы – 95 пайыз, Астана – 100 пайыз, ал  Шымкент қаласы 90,6 пайыз өрт сөндіру техникасымен жабдықталған. Аталған қалалардың Төтенше жағдайлар Департаментіне бөлінген бюджет көлемі қанша?

АҚКЕНТТЕГІ ӨРТ ТӨТЕНШІЛІКТЕРДІҢ КЕМШІЛІГІН КӨРСЕТТІ

Жуырда Ақкент тұрғын үй кешенінде болған өрт Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің кемшілігін көрсетті. Адамдар өрт сөндіру кезінде пайдаланаптын батутқа емес, матрасқа секірді. Соның салдарынан бірнеше адам жарақат алып, бір әйел қайтыс болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өрт кезінде тұрғындарға көмектескен қарапайым азаматтарды марапаттап, ал өрт сөндіру қызметкерлері назардан тыс қалды. Бұл деген сөз Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті өз міндетін мінсіз атқармағанын көрсетеді.

Тұрғын саны 2 млн 179 мың адамнан асатын Алматы қаласы ТЖД (Төтенше жағдай департаменті) басшысының орынбасары, полковник Ерлан  Әлібековтың айтуынша, Алматы – халық тығыз орналасқан мегаполис. Бұған дейін Алматыда болған төтенше жағдайдың 98 пайызы өрт болып табылады.

«Алматы қаласының гарнизоны тиістілік нормасынан 95 пайызға жарақтандырылған, нормаларға сәйкес 192 бірлік (103 – негізгі, 37 – арнайы, 52 – қосалқы техника) техникамен қамтамасыз етілген. Гарнизонның автопаркін нормаға дейін жеткізу үшін 15 бірлік автотехника сатып алу талап етіледі, оның ішінде биыл 14 бірлік техника сатып алу жоспарлануда, бұл өз кезегінде жарақтандыруды 100 пайызға дейін жеткізеді, жалпы алғанда, Департаменттің күрделі шығыстарына осы жылы шамамен 2 млрд. теңге көзделген. Сонымен қатар, 2016-2022 жылдар аралығында өрт сөндіру қызметінің автопаркі әртүрлі мақсаттағы 104 автокөлікке толықты, бұл –  бюджеттен тұрақты және қажетті қаржыландыруының белгісі», – дейді ол.

ШЕНЕУНІКТЕР ОРДАСЫ

Облыстармен салыстырғанда Астана мен Алматының жағдайы көш ілгері екен. Нақтырақ айтсақ, тұрғын саны 1 млн 371 мың адамнан асатын Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі мекемесінде 192 бірлік өрт сөндіру техника бар. Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дамир Ермағамбетовтың айтуынша, елордалық гарнизонының қажеттілігі 100 пайыз қамтамасыз етілген.

«Сонымен қатар, жыл сайын қызметтің өрт сөндіру және құтқару бөлімшелеріне арналған техниканы жаңарту және сатып алу жұмыстары жүргізілуде. 2020-2022 жылдар аралығында жергілікті бюджеттен 2 млрд. 468 млн. 720 мың теңге сомасында 48 бірлік өрт техникасы сатып алынды. 2023 жылы жалпы сомасы 359 млн. 621 мың теңгеге 21 бірлік жедел-жеңіл автомобиль сатып алуға өтінім берілді және саны 3 дана өрт сөндіру автоцистернасы (АЦ-5-40) сатып алу үшін жалпы соммасы 301 500 000 ақшалай қаражат бөлінген. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар 2024 жылы өрт сөндіру техникаларын сатып алу үшін қаржылай қаражат бөлу жоспарлап отыр. Бөлінген қаражат техника сатып алу үшін жеткілікті», – дейді ол.

Президенттен бастап әр түрлі деңгейдегі басшылар «Өңірлер Астанаға қарап бой түзеуі керек» деп ақыл айтады. Қалтасы тесік облыстар «қаражаты техника сатып алу үшін жеткілікті» Астанаға қарап қалай бой түзейді? «Кедей» облыс «бай қалаға» қарап бой түзей алмайды ғой.

ШЫМКЕНТТЕ «13» САНЫ ТАҒЫ ДА АЛДЫДАН ШЫҚТЫ  

2018 жылы мегаполис деген атақты иемденген, Шымкент қаласындағы  тұрғын саны 1 млн 200 мыңна асады. Бұл тұрғын саны 1 млн 371 мың адамнан асатын Астанамен қарайлас қала.

Алайда Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің жағдайы Астанамен салыстырғанда төмен. Мысалы, аталған департаментке қарасты «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі" мемлекеттік мекемесінде 115 бірлік өрт сөндіру техникасы бар. Ал Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, полковник Жәнібек Кәрімбаевтың айтуынша,  қалаға 128 өрт сөндіру техникасы керек. Алайда ол қалған 13 техниканы сатып алу бойынша жұмыстар жүріп жатқанын ескертті.

«Шымкент қаласы аумағының өсу жағдайына байланысты департамент 90,6 пайыз қажетті техникамен жабдықталған. Атап өту қажет, қолданыстағы техникалардың 90 пайызы заманауи талапқа сай жасақталған. Қаладағы жағдайға орай техника тапшылығы жоқ, себебі өткен жылдарға қарағанда техникамен жабықталу 31 пайыздан 90,6 пайызға өсті және Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі мен қала әкімдігінің қолдауымен қажетті техникаларды кезең кезеңімен сатып алынуда. Департаменттің техникалық базасын нығайту бойынша биыл жергілікті бюджеттен қажетті құрал жабықтар сатып алу үшін 190 млн 786 теңге қаржы бөлінді. Қала әкімдігінің тарапынан Департамент бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 2019-2022 жылдар аралығында 5 млрд теңге 162 млн теңге өрт сөндіру арнайы автокөліктері сатып алынған», – дейді ол.

Жәнібек Кәрімбаевтың сөзіне сенсек, Шымкент қаласының өрт сөндіру техникасы әні-міне 100 пайыз қамтамасыз етілмек. Өйткені ол тиісті қаржының бөлінгенін айтып отыр.

Серік ЖОЛДАСБАЙ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер