Жетіспейтін темір, жетпейтін теңге. Төтеншеліктер қайтіп көрер?

1577
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан өрт пен су қатеріне қаншалықты дайын? Аймақтар мен республикалық қалалардағы жағдай нешік? Жер-жердегі Төтенше жағдай департаменті «Адырнаның» күйіп тұрған өзекті мәселелер туралы сұрақтарына жауап берді. Бүгін соның алғашқысымен танысуға болады. Тақырып жалғасады.

Биылғы жаз Абай облысындағы орман өрті мен Алматы қаласындағы көп қабатты пәтердегі тілсіз жау еліміздің төтенше жағдай қызметінде кемшілік барын аңғартты. Орман өрті кезінде тікұшақ жетіспесе, Ақкенттегі өртте тұрғындар батутқа емес, матрасқа секірді. Міне осы оқиғалар төтенше жағдай қызметінің техникалық жабдықталуы қаншалықты деңгейде деген сұрақ тудырды. Жыл сайын салаға бөлінетін қаржы көлемі аз ба, жоқ әлде ол мақсатты жұмсалмай ма?

НАЗАРБАЕВ ҚҰРҒАН СОҢҒЫ ОБЛЫСТА 62 ТЕХНИКА ЖЕТПЕЙДІ

Түркістан облысы Төтенше жағдай департаменті (ТЖД) бастығының міндетін уақытша атқарушыазаматтық қорғау полковнигі Бақытжан Запаров өңірге 251 бірлік өрт сөндіру техникасы қажет екенін айтады. Бақытжан Жақсылықұлы «аталған техника төтенше жағдайларды жоюға, соның ішінде жиі орын алатын өрт оқиғаларын сөндіруге қажет» деп көрсетіпті.

«Техникаларды сатып алуға бөлінетін қаржының шектеулілігіне байланысты бүгінгі таңда Қызметтің өртке қарсы гарнизоны 189 техникамен қамтамасыз етілген. Жабдықталу көрсеткіші 75 пайызды құрады. ... Ағымдағы жылдың өзінде 3 млрд. 96 млн. 337 мың теңге бөлініп, 30 бірлік техника алынды», – дейді Бақытжан Запаров.

Түркістан облысындағы өрт сөндіру техникасын 189-дан 251-ге жеткізу үшін 62 техника жетіспейді. Сондай-ақ Бақытжан Запаров облыста көп қабатты үйлер салынған соң 32 метр болатын автосатылар сатып алынғанын айтты.

Түркістан облысы 2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы құрамынан бөлініп шықты.  

ХИМИЯСЫ КӨП ОБЛЫС ГАЗДАН ҚОРҒАЙТЫН 1 КӨЛІК АЛДЫ

Жамбыл облысының ТЖД бастығының орынбасары Ералы Ақылбековтің айтуынша, өңірде 147 өрт сөндіру автокөлігі бар. Жалпы, тиісті нормаға сәйкес, 197 бірлік техника болуы қажет, яғни техникамен жабдықталу деңгейі 74 пайызды құрайды. Демек, аталған облысқа қосымша 50 бірлік техника қажет.

«Жамбыл облысының өрт сөндіру қызметінің техникалық базасын нығайтуға 2020 жылы автокөліктерді сатып алуға жалпы соммасы 476 млн. 690 мың 801 теңге, 2021 жылы – 1 млрд 378 млн. 687 мың 519 теңге, 2022 жылы жалпы соммасы 506 млн. 173 мың 600 теңгеге қаржы бөлініп, тиісті техникалар сатып алынды. Яғнитехникамен қамтамасыз етуге бөлінген қаражат мөлшері жыл сайын артып отыр. Ағымдағы жылы облыстық өрт сөндіру қызметінің техникалық базасын нығайту үшін республикалық және жергілікті бюджеттен автокөліктері сатып алуға жалпы соммасы 709 млн. 710 мың теңге көлемінде қаражат бөлінді. Қазіргі таңда 2 бірлік негізгі өрт сөндіру техникасы және 1 бірлік газ түтінінен қорғау қызметі автокөлігі сатып алынды, жыл соңына дейін 5 бірлік техника алу жоспарланды», – дейді Ералы Ақылбеков.

БАҚАНДАЙ 123 АВТОКӨЛІК ЖЕТІСПЕЙДІ!

Қызылорда облысы ТЖД бастығының орынбасарыподполковник Бекболат Әбдіқадыровтың айтуынша, облыста 107 бірлік автокөлік бар. Қажетті техникамен 47 пайыз жарақталған облыста негізі 230 бірлік автокөлік болуы қажет. Бұлаймақта 123 өрт сөндіру техникасы жетіспейтінін аңғартады.

«Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі облыстың ерекше жағдайына байланысты керекті техникалармен толыққанды жабдықталмаған. Облыс аумағындағы төтенше жағдайлар кезінде бульдозер, экскаватор, автокран автомобильдерінің тапшылығы сезіледі. Алайда, жергілікті әкімдікпен бірлесіп, қажеттілігіне қарай техникаларды пайдаланамыз», - дейді Бекболат Әбдіқадыров.

Республикалық бюджеттен 2023 жылға 3 бірлік өрт сөндіру техникаларын сатып алуға 317 млн. 500 мың теңге және жергілікті бюджет лизинг қызметтерінің шеңберінде 14 бірлік өрт сөндіру техникаларын сатып алуға 1 млрд. 895 млн. 294 мың теңге қаржы жоспарланған. Қазіргі таңда 17 бірлік техниканы сатып алу үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Әйтсе де облыстық ТЖД бастығының орынбасары Бекболат Әбдіқадыров республикалық және жергілікті бюджет есебінен бөлініп жатқан қаражат материалдық-техникалық базаны жақсартуға жеткіліксіз екенін айтады. Мысалы, 2020 жылы департаменттің бюджеті 454 059,6 мың теңге, 2021 жылы459 989,1 мың теңге және өткен жылы 592 410,3 мың теңге болған.

ОБЛЫСТЫҢ ЖАҢАДАН ҚҰРЫЛУЫ КЕМШІЛІКТІ АҚТАЙ МА?

Қарағанды облысы ТЖД бастығының орынбасары Нұрлан Бекбосыновтың айтуынша, өңірде 332 техника бар. Бұл аталған өңір өзіне қажетті керек-жарақпен 88,5 пайызға қамтылғанын білдіреді. Аумақтық бөлімшелерді техникамен 100 пайыз қамтамасыз ету үшін қосымша 43 техника сатып алу қажет. Нақтырақ айтсақ, өртке қарсы қызмет гарнизонына бас аяғы 375 бірлік техника керекОсы жылы департамент бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын кезең-кезеңімен жарақтандыру және нығайту үшін республикалық бюджеттен 743 млн. 500 мың теңге, жергілікті бюджеттен 837 млн. 245 мың тенге қаржы бөлінген.

Ал Қарағанды облысынан 1 жыл бұрын өз еншісін алған Ұлытау облысында небәрі 75 техника бар. Алайда облыстық «Өрт сөндіру және авариялық – құтқару жұмыстары қызметінің» басшысы Б.Құдайбергенов тиісті нормаға сәйкес 150 бірлік техника қажет екенін ескертті. Яғни, облысты 100 пайыз өрт сөндіру техникасымен қамтамасыз ету үшін әлі 75 әртүрлі мақсаттағы қосалқы техника қажет. Департамент өрт сөндіру техникасының жетіспеушілігін жаңадан құрылғанымен түсіндіреді. Осы жылы 3 бірлік техника алуға республикалық бюджеттен 444 640 мың теңге бөлінген. Сонымен қатар жергілікті бюджеттен 10 бірлік техника алу жоспарланып отырған көрінеді.

ӨРТ СӨНДІРУШІЛЕРІН ӨРТ ЖАЛМАҒАН АЙМАҚ

Шығыс Қазақстан облысының ТЖД бастығының орынбасары, полковник Арман Тоқановтың айтуынша, аймаққа қажетті техника 247 бірлікті құрауы тиіс. Әйтсе де департаменттің Өрт сөндіру бөлімшелері 88 пайызға, яғни 219 техникамен жарақтандырылған. Департаментті 100 пайыз өртке қажетті техникамен қамтамасыз ету үшін 28 бірлік техника керек.

«2023 жылы республикалық бюджет есебінен 8 бірлік өрт сөндіру автоцистернасын сатып алу жоспарланған. Жергілікті бюджет есебінен 2 бірлік өрт сөндіру автоцистернасын, 5 бірлік жедел-жеңіл автокөлікті, 1 жерүсті батпақты-көлікті (ТРЕКОЛ) және тіркемелері бар 2 бірлік қайықты сатып алу жоспарлануда. Жыл сайын Департаменттің қажеттіліктері үшін бюджет бөлінісі артып келеді», – дейді Арман Тоқанов.

Ал Шығыс Қазақстан облысынан өткен жылы бөлініп шыққан Абай облысында 185 бірлік техника болуы керек. Департаментке қарасты өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының бірінші орынбасары Еркін Қашқанов облыс керекті техникамен толыққанды жабдықталмағанын айтады.

«Қажетті мөлшерді толық жарақтандыру үшін негізгі, арнайы және көмекші мақсаттағы өрт сөндіру автомобильдері қажет. Сонымен қатар қолда бар техниканың ішінен 72 бірлікпайдалану мерзімі 25 жылдан асатын, кезең-кезеңімен жаңартылуға жататын техникалар. Техниканың жетіспеу себебі негізгі және арнайы техникалардың қымбатшылығында. Жыл сайын бөлінетін қаржының жеткіліксіз мөлшерде бөлінуінде», – дейді ол.

Еркін Қашқанов ҚР ТЖМ-нің 2023 жылға арналған мемлекеттік қорғаныс тапсырысы шеңберінде 8 бірлік техникаға жеткізушілерімен шарт жасалғанын ескертті. Сондай-ақ ол 2023 жылыреспубликалық бюджеттен 8 бірлік техника алуға 1 031 520 000 тг. бөлінгенін айтты.

Әйтсе де Еркін Қашқанов аталған қаражат облыстағы өрт сөндіру бөлімшелерін толыққанды өрт сөндіру көліктерімен қамтамасыз етуге жетпейтінін мойындады.

Биылғы маусым айында осы облыс аумағындағы «Семей орманы» резерватында 60 мың гектардан астам аумақ өртеніп, оны өшірмек болғандардан 14 өрт сөндіруші қаза тапты. Ал өрт сөндіруге кетті деген тағы бір адам кейін өлі табылған.

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ 2026 ЖЫЛДЫ КҮТІП ОТЫР

Ал Алматы облысы ТЖД бастығының міндетін уақытша атқарушы азаматтық корғау полковнигі Александр Рау  өртке қарсы жарақтандырылу 85,3 пайыз құрайтынын айтады. Сондай-ақ ол Алматы облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған жоспарына сәйкес, 2026 жылға дейін қажетті техникамен 100 пайыз жарақтандыру кезең-кезеңімен жүзеге асады дейді. Бір қызығы Александр Рау  соңғы 3 жылда бюджеттен қанша қаржы бөлінгенін және қанша техника жетіспейтінін жазуды қажет деп таппапты.  Бірақ ол алдағы 3 жылда «Бәрі керемет болады» деп уәде етіпті.

P.S. Өздеріңіз байқағандарыңыздай, барлық облыста өрт сөндіру техникасы жетіспейді. Мұндай жағдайда өртті дер кезінде сөндіріп, адамдарды аман сақту мүмкін бе? Мысалы орман өрті кезінде тікұшақтан су шашу өте маңызды. Бірақ облыстық департаменттің бір де біреуі өздерінде тікұшақ бар екенін жазбапты. Абай облысында орман өртін «қолмен сөндіреміз» деп 14 адам қаза тапқанын қашан қаперге аламыз?

Жалғасы бар...

Серік Жолдасбай

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер