Президент өрт сөндірушілерді неге марапаттамады?

1524
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Алматыдағы "Ақкент" ықшам ауданында болған өрт кезінде адам өмірін сақтап қалуға байланысты қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін бір топ азамат марапатталды.

Марапатталған 6 азаматтың барлығы дерлік жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қызметкерлері. Олардың ішінде бірде бір өрт сөндіруші қызметкері болмай шықты.

Қасым-Жомарт Тоқаев "Ерлігі үшін" медалімен мына азаматтарды марапаттады.

1)  Тілеужан Ахметханов – "Expo Masters" ЖШС менеджері, Алматы қаласы;

2) Шюкрю Гюнай  – "Спарк Электромеханик" ЖШС электригі, Алматы қаласы;

3) Эльдар Исмаилов – "Спарк Электромеханик" ЖШС электромеханигі, Алматы қаласы;

4) Халил Йерделен – "GASK Construction" ЖШС автокран операторы, Алматы қаласы;

5) Кенан Мамедов – "Спарк Электромеханик" ЖШС электромеханигі, Алматы қаласы;

6) Вадим Романов  – "Frank-Asia" ЖК автокран операторы, Алматы қаласы.

«АЛМАТЫДА ЕКІ БАТУТ БАР»

Осы ретте «Мемлекет басшысы өрт сөндірушілерді неге марапаттамады?» деген сұрақ туады. Демек, президенттің «Ақкент» тұрғын үй кешеніндегі оқиға бойынша өрт сөндірушілерге көңілі толмайды деген сөз. Сондай-ақ өрт сөндірушілер адамдар жоғары қабаттан секірген кезде неге батут қолданбады? Осы сұрақты Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановқа қойған едік.

Алматыдағы Ақкент тұрғын үй кешенінде болған өртте неге батут пайдаланбады?

– Бұл жерде «паника» болған себептен адамдар секіре бастады. Бірақ та біздің қызметкерлер келіп, адамдарды төмен түсіре бастады. Сол жерде адамдарды баспалдақпен шығара бастаған кез болған. Ол жерде батуттардың қажеті болған жоқ.

Негізі осындай кезде батут болу керек пе?

– Иә, батут болуы керек. Бірақ ол міндетті түрде емес, мұндай жағдайда өрт сөндіру сатыларын пайдалану керек. Ол жерде үш саты жеткілікті және де қосымша құрылыс компаниясының екі краны пайдаланылды.

Көп қабатты тұрғын үйде өрт шыққаны хабарланған кезде неге бірден батут әкелмеді? Әлде батут мүлде жоқ па?

– Батут бар. Биыл екеуін алдық. Бірақ өздеріңіз білесіздер Алматы өте үлкен қала. Екі батут басқа ауданда орналасқан. Оны бірақ әкелгенше автосатыларымыз қойылып, эвакуация сол арқылы жүрді.

P.S. «Ақкент» тұрғын үй кешеніндегі өрттен бір әйел қаза тауып, 37 адам ауруханаға жеткізілді. Егер өрт сөндірушілер өзімен бірге батут алып келгенде, жоғары қабаттан секіру адамдарға жеңіл болар ма еді, кім білсін?! Соңғы оқиғада Төтенше жағдайлар министрлігінің заман талабына сай құрал-жабдықпен жұмыс істегені байқалмады. Мысалы, өрт кезінде дронды пайдалануға болады. Алайда соңғы үлгідегі құрал-жабдықты алуға қаржы жоқ па, жоқ әлде құлық жоқ па, ол жағы көпке белгісіз.

Серік Жолдасбай,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер