Амал мерекесінің айшықтары

2508
Adyrna.kz Telegram

Биылғы жылдың жаңалығы Елбасымыз­дың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ынтымақ пен Бірлікке шақырар дәстүрлі мейрам – Амал мерекесі тұңғыш рет республикалық деңгейде аталып өтілді. Мәшһүр-Жүсіп, Абай-Шәкәрім, Қорқыт ата, Қожа Ахмет Ясауи, Ақмешіт, Сарайшық, Бекет ата кесенелерінің және Ұлытау кешені шырақшыларының қатысуымен, еліміздің әр аймағынан келген делегация мүшелері Отпан таудың бауырында бас қосты.

Жалпы 2008 жылдан бері Амал мерекесін барлық сән-салтанатымен Отпан таудың басында тойлау үрдіске айналған болатын.
Алпыстан астам киіз үй тігіліп, екі жүзден астам өнерпаз өнер көрсетті. Ұлттық спорттық ойындардан жарыстар өтіп, аламан бәйге ұйымдастырылып, жүлделерге бағалы сыйлықтар мен ақшалай сыйақы берілді. Мерекелік шарада «Шашу боп жырым шашылсын» республикалық жыр мектептері өкілдері (Жетісу, Арқа, Батыс, Алтай-Тарбағатай мектептері) мен «Мен – қазақ­пын!» мега-жобасы жүлдегерлерінің концерттік бағдарламасы ұсынылды. «Амал-2018» аясында «Аялы ағаш – саялы» тал отырғызу акциясы өтті.
Жалпы қатысушылар саны бес мың адамды құрайтын бұл шарада Қазақ даласының өнерін, салт-дәстүрін, ұлттық болмысын бейнелейтін қойылымдар қойылып, ән-күйден, жыр-термеден шашу шашылып, қолөнер және түрлі тақырыптағы көрмелер жұртшылыққа таныстырылды.
Амал мерекесі – тек мейрам ғана емес, ол табиғаттың түрленіп, жаңаруы. Бұл халық арасындағы келісімді насихаттап, бірлік пен ауызбіршілікке шақыратын айтулы мереке. Бұл күні қазақтың қаймағы сақталған, еңсесі биік, салт-дәстүрі тереңде жатқан Маңғыстау жұртшылығы бір-бірімен көрісуге шығады. Оның мәні – жаңа жылға аман-есен жетіп, төрт көз түгел жүздесу. Сондай-ақ үлкендерге арнайы барып көрісу, арадағы өкпе-ренішті ұмыту, кешірім сұрау- осы күні көрініс табады.
Қалыптасқан үрдіспен Маңғыстаудың көпшілігі Амал мейрамын Отпан тауда қарсы алды. Шарада Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғалымдар, өлкетанушы, тарихшы, көптеген қонақтар мен туристер бас қосты.
Қонақтарды күту, ұлттық ойын-сауық, ән-жыр сайыстарын насихаттап өткізу жыл сайын әр ауылға міндеттелген. Қазан қайнап, әдемі ұлттық нақыштағы киімдерді киген келіндердің шашбауы сылдырлап, сәлем салып, үлкендердің бір-бірімен көрісіп, тілек жаудырған сәттері өте әсерлі.
Жылдың басы болып саналатын ұлық мереке спорттық жарыстармен басталды. Шетпедегі атшабарда 25 шақырымдық аламан жарыс өтті. Құнанорыс әулеті белсенді әрі жоғары деңгейде дайындалған аламан бәйгеге бас-аяғы 61 жүйрік бақ сынасты. 8 айналымды өткізген тұлпарлар бірінен-бірі баса озғысы келеді. Жарыста бірінші келген қатысушыға – темір тұлпар «Тойота», екінші орынға «Нива» автокөлігі, ал үшінші орынға мотоцикл тігілді.
Сонымен қатар 70,80,90 келі салмақтар бойынша аударыспақ ұйымдастырылды. Отпан тауда Қазақстанның әр облысынан, әр ауданынан келетін құрметті қонақтарға арналып берекелі дастарқан дайындалды. Жергілікті шеберлердің қолынан шыққан бұйымдардан жәрмеңке де ұйымдастырылды.
Ақсарайда «Амал мерекесі – рухани жаңғы­руымыздың жаршысы» атты дөңгелек үстел өтті. Шараға жан-жақтағы көрші ­облыстардан қонақтар жиналды. Атап айтсақ, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Атырау ­облысы және Түркістан қаласынан келген ­зиялылар бас қосып, өз ойларын ортаға салды. Басқосуда Елбасының мақаласы кеңінен талқыланып, ой-пікір ортаға салынды. Көрісу мерекесінің мән-мағынасы түсіндіріліп, бір- біріне ақжарма ақ тілектерін арнады. Облыс­тан келген қонақтар тойдың керемет өтіп жатқандығы және оның жастарға берері мол екендігін атап өтті. Түркістан қаласы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музей директоры Нұрболат Ахметжанов мұражайға арнайы әкелген сыйын тарту етті.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов жиналған жұрт­шылықты Амал мерекесімен құттық­тады. Амалда айтылар көл-көсір көптің тілек­тері қабыл болсын деген облыс әкімі шырақ­шылармен бірге «Бірлік отын» тұтатты. Бір-біріне ақжарма тілектерін арнаған жиналған жұртшылық мерекелік концертті табиғат аясында көтеріңкі көңіл-күймен қызықтады.


Алма Мүсірепова

Маңғыстау облысы

anatili.kazgazeta.kz

Пікірлер