Қала тұрғындары ел тыныштығын тілейді

5380
Adyrna.kz Telegram

Өркениетті қоғамда кез-келген түйіткілдің түйіні диалог арқылы шешіледі. Бейбіт шеру ретінде басталып, соңы тәртіпсіздікке ұласқан оқиға Шымкент қаласы тұрғындарының да дегбірін қашырып, біраз әбігерге салды.

Содырлар мақсатты түрде қала әкімдігін басып алуды көздеген. Әкімшілік іскерлік орталықта орналасқан «Түркістан» сарайы, «Көрме» орталығы мен Ж.Шанин атындағы академиялық драма театрының ғимаратына түрлі деңгейде зиян келтірілген. Осы маңда тұратын қала тұрғындары жарылыс, айқай-шудың дауысынан алаңдаумен болғанын айтады.

– Кешегі бейбіт шеру болып басталған ел қозғалысының соңы бұзақылыққа ұласты. Қарапайым, елін сүйетін халық мұндай тәртіпсіздікке бармас еді. Әкімшілік іскерлік орталықтағы ғимараттардан бөлек, көптеген шағын кәсіпкерліктерге, дүкендерге шабуыл жасалған. Тонаған, қалғанын қиратып кеткен. Мұның барлығы бұзақы топтың мақсатты түрде ұйымдастырған әрекеті болуы мүмкін. Замандастарымызды арандап қалмауға шақырамын, - дейді шымкенттік Қайрат Әшіров.
Ал, сол маңда тұратын Сабыр Әлкеев жарылғыш заттардың дауысы мен халықтың айғай-шуы тұрғындардың үрейін ұшырғанын айтады.

— 4-6 қаңтар аралығындағы жағдай өте күрделі болды. Ғимараттардың өртенгенін, жарақаттанған адамдардың жанұшыра айғайлаған дауыстарын естідік. Еліміздегі әрбір проблема бейбіт түрде шешілсе, мұндай оқиғалар қайталанбаса екен деймін. Себебі, халықтың бейбіт шеруін лаңкестер өз игілігіне пайдаланып кетті. Халық та, мемлекет те зардап шекті. Лайым еліміз тыныш, жұртымыз аман болса екен, - дейді ол.

Пікірлер