Балпық іннен шыққан күн (қыстың соңғы күні)

3153
Adyrna.kz Telegram

Біріккен Ұлттар Ұйымының бас ассамблеясы «Халықаралық Наурыз күні» деп бекітіп, ЮНЕСКО адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізген ұлық мерекеміз туралы ғылыми тұжырымдар мен байыпты болжамдар жеткілікті. Осы күнді ойын-сауықпен атап өтетін халықтардың баспасөз беттерінде айтылып жататын жекелеген пікірлерден тіпті аяқ алып жүргісіз. Алайда осы пайым пардасынан іріктелген толымды толғамдарды қорытып, түпкілікті байлам жасаған жүйелі ғылыми еңбек жоқ десе де болады. Сол үшін бүгінде елдің таным-түсінігін екіұдай ой кеулей бастағаны жасырын емес. Өйткені шын мәнінде бұл қандай мереке және жыл басы Наурыз айының нақты қай жұлдызында басталып, қанша күн тойлануға тиіс деген сұрақтар күні бүгінге дейін басы ашық мәселе күйінде қалып отыр. 

Кейінгі кезде Наурыз діни мереке ретінде топшылана бастаған болса, этнограф ғалымдар мұны әрісі жалпы Шығыс халықтарының, берісі түркі тайпаларының мүшел есебі бойынша жыл басы екенін айтудан танған емес. Аталмыш халықтық мерекенің қазақ топырағында жаппай атап өтілуіне 1926 жылдан кейін жол берілмеуі оның бірыңғай діни реңк алып, әуелгі мағынасы алашұбарлана бастағандығынан болатын.

Жалпы, Наурыз табиғат-анамен егіз өрім ілкі тегін ұмытпаған халықтардың ортақ мерекесі екені даусыз. Өйткені оны бір заманда Еуропа, Иран, Үндістан, Алдыңғы және Орталық Азия, Кавказ, Оңтүстік пен Солтүстік Америка, тіпті Африканың үндіеуропа тілдері тобындағы халықтар, әртүрлі мәдениет ұстанып, сан алуан күштерге табынған римдіктер, яхудей дініндегілер мен ежелгі орыстар өздерінің ұлттық болмысындағы рухани ерекшеліктерге бейімдеп, түрліше тойлағаны мәлім. Америка континентін жайлаған халықтар мен еуропалықтар да Иусус Христос туған қаңтар айын жаңа жыл есебінде кейін атап өте бастаса керек. Ал Орта Азия, Парсы, Шығыс халықтары мен түркінің заңды жұрағаты – қазақтар үшін бұл табиғаттың қайта түлеу мерекесі – жыл басы. Ендеше халықтың сүрсанасы мен тұрмыс-салтымызда өзіндік орны болған, кейін келе мән-мағынасы көмескіленіп, ұмытылуға айналған Наурызға қатысты бір табиғи жайтты уақыт өрнегі тотықтыра бастаған жадымызда қайта жаңғыртып өтейік.

Сонымен қазір көпшілігіміз жыл басы 21–22 наурыз деген ұғымға ден қойып, дағды алдыра бастағанымыз жасырын емес. Алайда біз оның астарлы мағынасына жіті мән беріп жүрміз бе? Олай болса жыл басы наурыз айының нақты қай жұлдызында басталуға тиіс? Бұған орай байырғы болжамдар мен дала қазағының табиғатты жіті бақылаған білігінен кімнің не білгені бар? Әлде «көп айтса көндінің» керімен бұдан былай да ескі сүрлеу ізімен жүре береміз бе?

Наурыз айының нәті білінгеннен бастап тіршіліктегі табиғи бастауларды ұлықтау мәдениеті мен кейінгі көзқарастардың итжығыс күресінің халық сансындағы жемісті-жеміссіз жолдарына қоса тым қарабайыр түсініктер жауыннан кейінгі құрқұлақтай қаптай бастайды. Әрі-берідесін парсы жұрты «новруз», яғни «жаңа күн» атандырғанға дейін біздің қазақ күн мен түннің теңесуіне қатысты Шығыс күнтізбесімен егіз төл ұғымдарды білмеген сияқты жағымсыз әсер қалдырады.

Бес мүшелді, соған сай он екі жылда ауысып отыратын бес түсті (ақ, сары, көк, қызыл, қара), яғни алпыс бір белесті «бір жас» деп тұжырым жасайтын байырғы қазақ өзінің жыл қайыру дәстүрін тым ерте дәуірлерден бастайды. Белгілі этнограф ғалымдар, марқұм Ерік Көкеев пен Таласбек Әсемқұловтар айтып, жазып қалдырған дәлелді деректерде адамның жасына қатысты осы алпыс бір жылдық тармақ дала мәдениетінде он алты мың рет қайталаныпты. Аталған бес мүшел арасындағы қара түс қай жасқа (13, 25, 37, 49, 61) тура келсе, сол белес иесі үшін өте қауіпті деген сенімде болған бабаларымыздың алпысқа толмай өлген кісіні «екі жастың біріне келмей өлді» дейтіні де сондықтан. Осы өлшемді ұлы тарихқа, яғни он алты мың жылдық мерзімге шаққан әрбір адам біздің бәсімізді өзге халықтар үрдісімен қатар қойып салмақтағанда, қазақ салт-дәстүрлерін тым кенже дамыған немесе өзгелерден еншіленген көшірме деп те айтуға ауыздары бармас еді.

Кейінгі кезде халық арасында белгілі бір дәстүрді талдап, түсінуге қатысты шиеленісті түсініктер салдарынан жыл басы Наурызға байланысты қазақы ұғымдардың дені кірме екендігі жиі айтылып қалып жүр. Қазақтағы Көрісу дәстүрінің тұжырымдамасын өзінше анықтап «Амал мерекесінің тамыры моңғол мен тува халықтарында жатыр» деп топшылайтын орыс ғалымы Андрей Астафьевтің пікірі біз үшін сонша маңызды ма? Сонда біздің бабаларымыз Наурыз айының бірінші жұлдызын Амал (Хамал – парсы тілінде Тоқты-Зодиак шоқжұлдызы, 21 наурыз бен 20 сәуірдің аралығы) атандырып, көктем келгенде «Амал келді, Амал кірді» деп, жаңа күн кіргенде бір-бірімен көрісу рәсімін жасайтын қазақ осы дәстүрді моңғол мен тывадан алды деген осындай долбар тұжырымға иланып, көзсіз көбелектей көне беруге бола ма?

Мысалы, парсы тілді халықтар Наурыз мерекесін тойлағанда әр жерден лаулатып от жағып, оған май құяды. Дәл осындай рәсімді біздің бабаларымыз да жасаған және мұндай ырымдар қазақ тұрмысынан күні бүгінге дейін қалмай, ілесіп келе жатыр. Олай болса енді осыны да қазақ атам парсылардан алған деуіміз керек пе?

Ауылдық жерлерде шаңыраққа жас келін түскенде От-Ана құрметі үшін отқа құйрық май салып, жер-ошаққа сәлем салдыру рәсімі әлі де бар екенін көзіміз көріп жүр. Ал енді осы қандай салт, нендей күшке ие рәсім? Сөз жоқ, бұл байырғы бабаларымыздың ежелгі қоңсыластары үнді-иран жұртымен қатар қасиет тұтқан жоралғылар. Зороастризм сенімінде болған дәуірде Ахура Маздаға табынған көне грек жұрты кәдуілгі отты үш түрге бөлетін. Олар – ошақ, от және күл. Бір ғажабы олар осы үш асылды ой мен сөздің, әрі әрекеттің бірлігі деп білген. Демек, ойы бұзық кісінің сөзі де бұзылады, ал сөз бұзылған жерде әрекет те соған сай сиыр құйымшақтана бермек. Осы үштік (ежелгі орыстар үш деген санға аса мән беретіндіктен жыл басы мерекесінде дастарханға үш бас сарымсақ қояды) негізге құрылған қарапайым пәлсапаны жатсынбай қабылдап, ошағына тер төккен бұрынғылар қыздарына Күлбаршын, Күлбарам, Күлайым, Күлжамал, Күләнда, Күлдана, Күлпаш, Күлбала деп ат қоятын. Соның бәрін ирандық «гүл» түбірге айналдырып алып жүрген де өзіміз, өзге ешкім емес.

Бір-біріне «Шырағың сөнбесін!» деп тілейтін біздің жұрттың Наурыз келген түні Қызыр Баба құрметіне әр шаңырақта қос шырақ жағып қоятын рәсімі де ескіден келе жатқан наным-сенімдерінің жұқанағы. Бүгінгі ислам мәдениеті бойынша бұл мұсылманшылыққа жат әдет болғанымен, дәстүрлі қазақ қоғамында әулие адамдың мазарына, киелі саналатын жерлерге шам жағу, дүниеден өткен жанның туыстары қайтыс болған марқұмды жатқызып, ауашалаған үйге сүйек шыққан кештен бастап, әр күні ымырт жабылғанда кісінің рухы жер бетін тастап мәңгі мекені – бақиға аттанға дейін қырық күн шырақ жағу рәсімі зороастризмнен қалған, негізінен Яхуди (Иудаизм) мен Христиан дініне тән ғұрыптар кейбір қоғамдастарымыздың арасында әлі күнге дейін сақталып келеді. Наурыз мерекесі күндері жиған-терген дүние-мүлкін қағып-сілкіп отпен аластап алатын қазақ баласы ғасырлар бойы жинақтап, әртүрлі сенімдер мен мәдени ауыс-түйістер толқынында сіңірген салт-дәстүрлері мен ырым-тиымдарының барлығын осы күндері қайта жаңғыртуға тырысады. Өйткені, салт-дәстүр жаңғырып, ескі ырым, жоралғылар мен белгілі бір мағы рәсімдер қайталанған сайын адам баласы өзінің ілкі бастауларына қайтып, рухтар қауышып, қайта түлейді деген түсінік сана түкпіріне жазылған, балталасаң да бұзуға келмейтін жасырын мәліметтер жиынтығы болып саналады.

Дәстүрлі қазақ қоғамында Наурыз тойы тоғыз күн бойы тойланғандығы айтылады (Мәшһүр Жүсіп деректерінде сегіз күн, алайда бүгінгідей бір ай емес. – Б. Ж.). Өйткені Наурыз айының 13 жұлдызында тоқсан күнге созылған қытымыр қыс маусымы толық күрмеліп, келесі жылдың шырағы жағылады. Шаруаның жайын білетін қазақ қыс айының осы соңғы күндерін «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы» атандырғаны да сондықтан. Олай болса тұтас бір жылдың кейін қалуы, 12 жылда бір келетін мүшелдің кіруі (көктем мерекесінде байырғы орыс халқы ас мәзірінің қатарына міндетті түрде он екі сабақ жас жуа қосады), көктемнің келуі, яғни жыл басы 14 наурызға сәйкес келеді. Дәстүр бойынша Наурызнама (кей деректерде Наурыздама. – Б. Ж.) мерекесінің сегізінші күні «тойтарқар» рәсімін жасап, күн мен түн теңескен сәтте, яғни 22 наурызда биік қырдың басына шығып таң шапағын қарсы алып, келесі жылға аман-есен өткеніне қуанған қазақ тоғыз деген санды да кездейсоқ таңдамаған. Көне нумерология ғылымында тоғыз – адам деген сөздің ишарасы. Осыдан келіп «үйірімен үш тоғыз» ұғымы, яғни бір айдың және тоғыз санына қатысты барлық қасиеттер жиынының тіні тарқатылады. Өйткені адам баласының өмір тішілігі белгілі бір тылсым сандардың заңдылығына байлаулы екенін көнедегілер жақсы білген.

Әрине, біздің бұл ойымызбен көп адамның бірден келісе кетуі екіталай. Бірақ байырғы қазақ басқаны білмесе де, табиғаттың тілін жетік меңгергенін ешкім жоққа шығара алмасы анық. Мен сол ғазиздерден қалған табиғи біліктің бір үзігімен ғана бөліскелі отырмын. Өйткені ғылыми еңбектердің дені 12 жылдық күнтізбелік тармақ «қытай мәдениеті арқылы тибет, моңғол, ұйғыр һәм қазаққа сіңген» деген пікірлерге иек артудан аспай отыр. Ал осы халықтармен өмір бойы қоңсы болып, байтақ даланы бөлісе жайлаған біздің ескі ру-тайпаларымыз тұтынған дәл осындай ескі мәдени ұстындар туралы айтуға келгенде неге екені белгісіз, кегежегіміз кейін тарта береді. Амал қанша, ғалымдардың басым бөлігі осылай деп белгісін бекітіп қойған соң әзірге осы мәліметтерді малдана тұруға мәжбүрміз. Әйтсе де, түбірімен қайта қарап, заманауи зердемен зерттеуге сұранып тұрған мәселенің бірі де осы.

Ал енді біз бүгінгі Батыс аймағында тұратын қазақтардың (Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе) не үшін 14 наурызды «Көрісу» немесе «Амал» мерекесі деп атайтынына жіті мән беріп жүрміз бе? Жалғыз Батыс аймағын жайлаған ағайындар, Ресей мен Қарақалпақстанда тұратын қандастарымыз ғана емес, барлық Дағыстан халықтары, соның ішінде Әзірбайжандар да жыл басы деп бір-бірімен тап осы 14 наурызда көрісетінін қандай табиғи құбылыспен немесе этникалық байланыспен түсіндіруге болады?
Табиғаттың тілін бір кісідей түсінген бабаларымыз Жердің он екі айда Күнді бір айналып шығуын «жыл» деп атаған. Жалпы жұртқа белгілі, жыл басы – тышқан. Халық арасында «Тышқан қалай жыл басы атанды?» дейтін балаларға арналған ертегіде осы мәртебеге ие болу үшін таласқан хайуанаттар арасындағы оның айлакерлікпен жеткен әрекеті ерекше айтылады. Ал бұл ертегінің балаларға арналу себебін түсіндірмей-ақ қойса да болатын шығар. Өйткені көшпенділер өзінің ғасырлар бойы жинақтаған табиғи тәжірибесін бауырындағы баласына тал бесікте жатқанда анасының ақ сүті мен әлдиі арқылы дарытуға тырысқан.

Бүгінгі Поволжье, Ресей, Орта Азия, Өзбекстан, Түркіменстан, Ауғанстан, Иран, Қазақстанның құмшауыт пен тақыр жерлерін мекендейтін, ұсақ кеміргіштер тобына жататын, қорқу дегеннің не екенін білмейтін өжет әрі өте сақ тышқанның Балпақ деген түрі болады. Өзі үш-төрт жылдан артық өмір сүрмейді. Жыныстық зеректігі өмірінің екінші-үшінші жылы ғана кемеліне келіп, толыса бастайды. Отызға тарта шөптің түрімен қоректеніп үнемі өсімдік тамырынан ылғал соратындықтан суға да аса құмар емес. Оның аса бағалы жон терісі сәуір айының ортасына қарай түлеп, күн көзіне шығылысып қып-қызыл болып, жанардың жауын алып құлпыра түседі.

Бір қызығы, әлгі мақұлық жыл он екі ай тіршілігінің тоғыз айға жуығын жер астында, қалың ұйқының құшағында өткізеді. Құм шыжғырған шілде айының ішінде әуелгі жазғы ұйқыға кеткеннен күздік, қыстық ұйқысын әбден қандырып, қыс күрмелер күні, яғни 13 наурызда бір-ақ оянады. Соған қарағанда жыл мезгілінің ауысуына байланысты табиғатта болып жататын ерекше өзгерістерді бірінші осы тышқан тұқымы сезетін болса керек. Қысқы ұйқыдан алдымен еркегі, сосын ұрғашысы, соңынан барып балпанақтары тұрады. Сөйтіп, сол күні табиғаттың қандай мінез танытып тұрғанына қарамастан, қыстай жатқан індерінің аузын, ішін толайым тазалап алып, бір-бірімен кісі сияқты көріседі. Егер күн райы жылы болса, сол сәттен бастап тіршілігін жалғастырады. Ал ауаның әлі де болса сынбаған, қытымыр екенін байқаса, Балпақ қалыпты әдетімен ініне кіріп алып күн жылынғанша қайтадан көз шырымын алуға кіріседі.

Мұндай табиғи құбылыстарға таң қалуға да болмас. Мысалы, кемірушілер отрядының тиін тәрізділер тұқымдасына жататын, Қазақстанның орманды даласы, шөлді жерлері мен таулы аймақтарында ұшырасатын, терісі аса бағалы, майы халық медицинасында әр түрлі сырқаттарға ем ретінде кәдеге жаратылатын Суыр деген сүтқоректі бар. Солардың өз арасында болатын адам айтса нанғысыз «Суырдың қыз ұзату» рәсімін аңшылықпен айналысатын ағайын білуге тиіс. Қаз қатар тізіліп тұрып ұяластарын ұзатқан сәтте Суырлар адамша қимастық танытатындарын аңшылар әңгіме еткенде оны бей-жай отырып тыңдаудың өзі мүмкін емес. Ал Қазақстанның Жайық, Сырдария, Ертіс, Іле, Шу, Тентекқара, Қобда өзендерінде кездесетін, тіршілігінің көбі суда өтетін, аса бағалы терісінің ерекше жұпар иіс шығаратын қылшықтарынан парфюмерияда қолданылатын «құндыз жұпары» алынатын, су түбіндегі Шамшырақ аталатын ерекше жарық тастың сақтаушысы әлгі кеміргіштер отрядының қатарындағы Құндыз деген тышқан екен.

...Сол Балпақтың әлгі ғажайып әрекеті жыл басы Наурыз келгенде ауыл-үдің айналасын тазартып, кір-қоңдарын жуып, киім-кешектерін қайта жаңартып киетін дала халқының тіршілігіне қатты ұқсайды. Олардың жылдағы осы әдетінен бір танбайтынын білетін және табиғи құбылыстарды қалт жібермей үнемі бақылап жүретін бұрынғының ескерімді ақсақалдары Балпақ іннен шыққан күнді жыл басы дейтін.

Бұған байланысты халық жады да көп нәрсе сақтаған. Ел арасында «байдың ұлы балпанақ» деген сөз қалған. Бұл әлгі тышқан тұқымдастың май басқан, толық, балпиған, қобалақ болмысына сүйсініп айтылған теңеу болса керек. Кешегі аштық зұлматы құрық салған жылдары адамдар Балпақтың етін жеп жан сақтаған. Кіші жүз қазақтары арасында айтылатын «Төртқара, балпағыңды жеп қара» деген қағытпа сөз соның белгісі. Қазір ұмытыла бастағанымен бұрын қазақ тұрмысында Балпаққа қатысты атау, есім тергеу, ойын түрлері де жиі кездесетін. Тоғыз ай мен бір жастың арасындағы топ-толық, дені сау перзентін кеміргіш тұқымдасының баласының атымен «балпанақтай» деп еркелететін қазақ оның ерекше қасиетін ежелден білсе керек. Қазақ балалар фольклорында «Бала, бала – Балпақ / Басың неге жалпақ?» деген әзіл аралас жыр жолдары да кездеседі. Жалайырдың атақты биі, көсем, әрі әулиесінің есімі Балпық болуында да бір табиғи үйлесімділік пен заңдылықтың болу мүмкін.

Сонымен 13 наурызда соңғы нүктесі қойылатын көне жыл 14 наурыздан бастап жаңа белеске ауысып, ежелден Күнді қасиет тұтқан дала жұрты жаппай той тойлауға кіріседі екен. Ал 22 наурызда күн мен түн теңесіп, ақ пен қара беттесіп, әрі қарай күн ұзарып, түн қысқарып, жер бауыры бусап, тіршіліктің тамырына қан жүре бастайтыны айтпаса да түсінікті жайт. Сөйтіп көктем мерекесін тоғыз күн тойлап күрмейтін көшпенділер содан соң келесі жылдың қамына кірісетін болған. Олай болса, жыл басы – әз Наурыз мерекесі құтты болсын, мүшелдің табалдырығынан аман-есен өтейік.

Қолдан келсе бабалар сіңірген далалық білімнің қасиеті мен қадірін қашырмай, тылсымға толы ұлттық үрдістерімізді кіршіксіз тұтынғанға не жетсін.


Берік ЖҮСІПОВ,
фольклортанушы

Пікірлер