Әуезов және қазақ әйелдерінің тағдыры

4650
Adyrna.kz Telegram

Әуезовтің жүрегіне махаббат дәнегін сепкен тағы басқа арулар да болған. Олар: Аққал, Ғайни, Рәзия, Гүлбан, Мәспен, Күлән, Оразкен, Ольга, Надя және басқалар.

Мұхтар Әуезовтің отбасылық жеке өмірі

Қазақтың заңғар жазушысы, Алаш қайраткері, НКВД-ның тирынан аман-есен қалған санаулы азаматтың біреуі болған, қалың қазақтың атын әлемге танытқан, ұлы Абайды әлемдік деңгейге көтерген Мұхаң, Мұхтар Әуезовтің отбасылық ғұмыры кімді болса да елең еткізбей қоймайды. Мұқаң, шынтуайтқа келсек, танымал жазушы болғанымен өмірде отбасылық ғұмырынан бақыт сезінбей өткен адам. Иә, ол жеке өмірінде бақытсыз адам болған. Мұхтар Омарханұлы заңды некедегі үш жары болыпты. Олар – Райхан, Кәмила және Валентина. Бозбала Мұхтар ауылдағы ойын-сауық кештерінің бірінде Кәкен байдың қызы Райханға ес-түссіз ғашық болып, атасы Әуездің арқасында Райханмен бас қосып шаңырақ көтерген. Бірақ, көп ұзамай болашақ ұлы жазушы ұлы сапарға бел буып, білім-ілім жолымен Семейге кетеді.

Семейде жүргенінде жазушының көңілі бұзылып, басқа қызға ауған екен. Педучилищенің бітіру кешінде Өскенбаева Кәмиламен танысады. Кәмила – Абайдың немересі, Мағауияның қызы. Оқыған кербез қызға қолқа салу үшін Ділдәға жалынып-жалпайып, араға ағайын-туыстарды араластырып, тоғыз дүре сыбағасын алып, әйтеуір не керек, арманы Кәмилаға қол жеткізіп, отау тігеді. Екеуі қол ұстасып Ленинградқа барады. Ленинград – бүгінгі Петербор қаласы, бұл қаланың табиғаты өзі түсініксіз, аспанында бұлыңғыр бұлт қарайып тұрады, анда-санда жылауық аспаны көз жасын сығымдап алады. Бұл ауа-райы талдырмаш сұлу Кәмиланың денсаулығына жаға қоймағандықтан Мұхтар оны елге жіберген болатын. Жазушы «бойдақтығын» пайдаланып, жастықтың желігімен көп жүреді. Сол уақыттарда Кәмила жарының Ленинградтан келмегеніне ашуланып, ішқұсадан аза тұтып, ашығып дүние салады. Ауылдағы асылынан айырылған соң, Мұхаң күнәсінен арылу үшін «Абай жолы» романында қазақ қыздарының өзгеше қасиетін көрсету арқылы кешірім сұраған болады. Бірақ, ол Кәмилаға жасаған қиянатын өмір бойы ұмыта алмай, өзін-өзі кінәлап өткен-ді.

Кәмиланың қазасынан кейін көңілі құлазып, торығып жүрген Мұхтар Валентинамен танысады. Ақыры Валямен бас қосады. Екеуінің некесі заңды әрі ғұмырлы болғанымен жазушы серілігінен, сері көңілдің сергелдеңінен айыға алмаған.

Жазушының әйелдері жайында сөз болғанда көп әйел алуымен қатар замандастарының әйелдерімен көңіл жарастырғаны да айтылады. Әсіресе, Ілияс Жансүгіровтің жесірі Фатима Ғабитова екеуінің арасында ыстық махаббат лебі болған. Осы махаббаттың куәсінде болып өмірге ғалым, қоғам қайраткері Мұрат Әуезов келді. Әуезовтің жүрегіне махаббат дәнегін сепкен тағы басқа арулар да болған. Олар: Аққал, Ғайни, Рәзия, Гүлбан, Мәспен, Күлән, Оразкен, Ольга, Надя және басқалар. Мұхаңның махаббат хикаясы, оның сезіміне бөленген сұлуларының хикаясы Ә.Марғұлан, Д.Байқадамова сияқты көзкөргендерінің естелігінде кездеседі.

Ұлы жазушы Б.Момышұлына жазған хатында: «Мен – махаббат гроссмейстрімін!» деген екен. Міне, ұлы жазушының жеке отбасылық өмірі осындай болған екен...

Қазақ әйелдерінің тағдыр-талайы

Қазақтың әйелдері не көрмеді десеңші! Тағдырдың жазуымен «халық жауының әйелдері» деген кесапат айдар танылып, айдалды, еңбекпен түзету лагерлеріне жабылды, тұтқындалды. Зиялылар отбасылары талқандалды. Айрандай ұйыған отбасының берекесі қашып, құты шашырады. Ері – атылды, отанасы – түрмеге жабылды, балалары – жетімдер үйлеріне жіберілді. 1937–1938 жылдың сойқаны мықты болды. КарЛАГ, АЛЖИР секілді лагерлердің құпиялары әлі де айтылмай келеді. Біз осы ғылыми зерттеу жұмысын жазу барысында В.Мустиновтың «Служение народа» (Алматы, 1984 жыл), «Страницы трагических судеб» (Алматы, 2002 жыл), «КарЛАГ» (Қарағанды, 2012 жыл), Т.Жұртбай «Ұраным – Алаш» (Алматы, 2009 жыл) секілді кітаптарды дереккөзі ретінде пайдаланып, басшылыққа алдық.

Енді кезекте Қазақстан территориясында орналасқан «Алжир», «КарЛАГ», «ГУЛАГ» жүйесіне бағынған тағы басқа да түрмелерді барып, арнайы өз көзімізбен зерттеп, мемлекеттік мұрағаттардағы тарихи құжаттарды ақтарып, соларды ғылыми айналымға енгізу міндет болмақ.

Мағжанның Зылиқасы күйеуіне жағылған күйені кетіру үшін жан тыныштығын ұмытқан жан еді. Күйеуінің қолжазбалары мен құнды қағаздарын жинастырып сақтады, біздің дәуірімізге жеткізді. Сәкеннің әйелі үш мәрте темір торға жабылса, Ілиястың әйелі Алматы мен Мәскеуде тұру құқығынан айырылды. Бұл тек бергісі. Әлі айтылмай келе жатқан қаншама дерек бар. Қаншама шындық жерге көмілді. Солақай саясаттың зардабынан тарих бұрмаланды. Небір жаны жайсаң тұлғалардың өмір жолы кері жазылды. Ақиқат көшінен адасты. Теріс жазудың арқасында теріс ойлы ұрпақ өсті. Бұл да – 37 мен 38-дің зардабы.

Қазақ әйелдері тағдырлары қыл үстінде тұрса да мойымады, жасымады. Баз кешсе де ұрпақтарын өсірді. Келешекке үмітпен қарады. Сол үлбіреген үміттері азаттықтың ақ таңы атқанда орындалды. Бірақ, қазақ әйелдері жайлы мәселе көп мәселенің бірі болып қалып барады. Күн түспейтін көлеңкенің бетін ашудың кезі жетті. Тәуелсіздікте жеткен жетістіктерді пайдалана отырып, жаңаша көзқараспен жаңаша тарихты жазу қолға алынып келеді. Солардың бірі әйел мәселесі болуы керек. Бұл мәселені әзірше жылы жауып қойды.

АЛЖИР (Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері) – Сталиндік тоталитарлық жүйе кезінде «халық жаулары» саналып, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, шаруашылық, партия-кеңес басшыларының әйелдері мен қыздары жазықсыз жазасын өтеген лагер. С.Сейфуллиннің әйелі Гүлбаһрам, Б.Майлиннің әйелі Күнжамал, Т.Рысқұловтың әйелі Әзиза, С.Қожановтың әйелі Күләндам, С.Меңдешевтің әйелі Рәзия, Т.Жүргеновтің әйелі Дәмеш, Н.Нұрмақовтың әйелі Зүппұн, С.Аспендияровтың әйелі Рабиға, Майнұр Сарымолдаева, Мәриям Тоғжанова, Әйіш Құлымбетова, Бибіжамал Сырғабекова, Жанбике Шанина, Айша Қабылова, Уәзипа Күленова, Мағрипа Рүстемова, Әсма Шоманова, Зағипа Тінәлина, Баршын Қәлменова, Мәдина Оразова, Мәрияш Есенгелдина т.б. көптеген қазақ азаматтарының әйелдері, аяулы аналары «жазасын» өтеді. Лагерге анасымен бірге түскен сәбилер 2-3 жасқа жеткен соң аналарынан айырылып алынып, балалар үйінің тәрбиесіне берілді. 1950–1957 жылдары бұл зардап тағы қайталанды. Тек 1980 жылдары ғана саяси жүйе өзгеріп, жағдай оңалды.

«Мен қазақ қыздарына қайран қалам!» деген бар емес пе?! Сол ән біздің аталмыш тармақшамыздың негізгі идеясын айқындап, айшықтап түсері хақ! Бұл – ерлік! Қазақ әйелдері нағыз ерлік жасады. Тағдыр таразысы әділ бағасын көп жылдан соң әрең берді.

Сөз соңы

Біз осы жұмысымызда қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымында зерттеуді қажет ететін, ақтаңдақ беттің қыр-сырына үңіліп, тот басқан, күн түспейтін көлеңкеде жатқан, шаң басып, мұрағат сөрелерінде қаз-қатар тізіліп тұрған тарихи деректер мен құжаттарды жарыққа шығарып, ғылыми айналымға енгізуді көздедік. Зерттеу нысанамыз – Алаш қайраткерлерінің отбасылық жеке өмірі. Алаш зиялыларының отбасылық жеке өмірі – ғибратты, тағылымды.

ХХ ғасыр басындағы қазақ азаматтары мен қыздары шеттерінен оқыған еді. Олар өз замандастарының қаймағы, нағыз қазақ интеллигенциясы болды. Олар қазақтың бағы еді. Амал нешік, олар жасындай жалындап өте шықты! Олардың әрбір қырын, сан салалы соқтықпалы, соқпақты өмір жолдарын зерттеу – бізге артылған аманат жүгі. Егер нақты тарихи бағасын бере алмасақ, бабалар рухы бізді кешіре алмас. Текті бабалардың ұрпағы әсте осал болуға қақысы жоқ! Сондықтан біз осындай мойнымыздағы аманатты сезініп, тылсымға толы тағдыр иелерінің жеке әлеміне үңілуді хош көріп, зерделедік. Зерттеу нәтижесі жаман емес. Бірсыпыра мәліметтерге қанық болдық. Әлі де зерттеу жалғасары анық.

Қайран, боздақтарым-ай! Солақай саясаттың құрбаны болып, жер жастанған ақиықтарым-ай! Қарағай басын шортан шалған заманда, қаратүнек кезеңде қара тізімге еніп, туған халқына, шетсіз, шексіз сүйген өз еліне оларды «халық жауы» қылып көрсеткен, тағдырларымен ойнаған қаны бұзық, қаны қара қанға жерік Сталин мен Голощекин, Мирзояндар қан қақсатты емес пе!

Тұтас буынның төл басы – Ахмет, сыршыл, романтик ақын – Мағжан, жыр құлагері – Ілияс, жыр сұңқары – Сәкен, «қазақтың Джек Лондоны» атанған – Жүсіпбектің те өмірлері балдай тәтті болмады. Бірақ, бұлардың еңбектерін бізге жеткізген, мұраларын қызғыштай қорғаған әйелдері еді. Әйелдері мұрагерлері болды.

Сөзімізді қорытындылайтын болсақ, Алаш арыстарының әйелдері – сенімді серіктері. Бір сөзбен айтқанда, «музасы» деу орынды. Бұл әйелдер – ұлттың ұстыны, ұйытқысы. Бұлар – бүгінгі жеткіншек қыздарға үлгі. Нағыз қазақ қызы, қазақ әйелі осындай болу керек-ті. Олар Алаш арыстарының жан жолдастары һәм мұңдастары, әдеби кеңесшілері бола білді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.Республикалық «Жұлдыздар отбасы» («Аңыз адам» ) журналы, №20 (32) қазан, 2011 жыл, 52 б. // Ахаңның ұрпақтары Мәскеуде тұрады.

2.Аққұлы С. Әлихан Бөкейхан Қазақ жерінің жоқшысы. І т. – Шымкент: Азиат, 2016 ж. – 652 б.

3.«Ұлт болмысы» республикалық әдеби-мәдени журнал №9 (11) 2012 жыл, 21 б.

4. Республикалық «Жұлдыздар отбасы» («Аңыз адам» ) журналы, №11, желтоқсан, 2011 жыл, 52 б. // Ахмет ата маңдайымнан сипағанда әкелік мейірімді сездім.

5.Байсалова Ш. Алдымда асқар тау боп сен тұрасың // Ана тілі, 1993 жыл, 28 қаңтар.

6.Тұңғатар Қ. Ілияс Жансүгірұлы. Құлагер ақын – ғибратты ғұмыр // Жетісу, №17761, 1 қаңтар 2013 жыл, 8 б.

7.Ғабитова Ф. Өртеңде өнген гүл. – Алматы, 1998 жыл, 143 б.

8.«Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам» республикалық жастар журналы, №1(37) 2012 жыл, 52 б. // Мағжанның ақындығы Сәкендікінен жоғары

9.Мағжан әлемі. Әдеби зерттеу. Құраст.: Сүлейменов Ж. Алматы: Асыл кітап, 2009. – 496 б. 10.«Ақ желкен» республикалық жасөспірімдер журналы, №7 (20478), 2013 жыл, 29-31 бет


Елдос ТОҚТАРБАЙ, әдебиеттанушы

e-history.kz

Пікірлер