Кері байланыс
+7 707 676 6977
adyrnaportal@gmail.com

Қыздың тәрбиесіне қырын қарамаған қазақ неге оны назардан тыс қалдырып алды?

4546
Adyrna.kz Telegram

Қазақ қыз тәрбиесіне аса мән берген / Фото elanasy.kz сайтынан алынды

Қазақ халқы қыз – болашақ ана, шаңырақтың берекесі деп, оның тәрбиесіне баса мән берген. Алайда көпшіліктің қазіргі қыздар тәрбиесіне көңілдері тола бермейді.

Әлеуметтік желіде де көп талқыланатын мәселенің бірі – қыз тәрбиесі. Киім киісінен бастап, сөйлеуі, тамақ дайындауы, тіпті атқарып жүрген қызметі де талқыға түсіп жатады. Өйткені қыз тәрбиесіне немқұрайлы қарай алмайтын қасиет қазақтың қанына сіңген.

Қыздың барған жеріне сіңіп кетуі анасына байланысты

Шымкент қаласының тұрғыны Азамат қарындасымен тете өскен. Аралары айтарлықтай тату болмағанымен, аға ретінде қатты жақсы көреді. Қарындасының 18 жасында күйеуге тиіп кеткенде қатты ренжіген. Дегенмен, уақыт өте келе, оның дұрыс шешім қабылдағанына көзім жетті дейді.

– Менің қарындасым күйеуге тиіп кеткенде етімнен ет кесіп алғандай күй кештім. Біраз уақытқа дейін ашуымды баса алмадым. Бірақ ерте, абыроймен тұрмысқа шыққан қыз түскен шаңырағына тез үйренісіп кетеді екен. Қазір сол отбасында туып-өскен адамдай. Үйге бір-екі күнге әзер келіп кетеді.

Анасы да қарындасына "барған жеріне тастай батып, судай сіңіп кетуді" тапсырып, үнемі құлағына құйып отырған екен. Сонымен қатар Азамат қыз баланың орны ерекше екеніне отбасында қайғылы жағдай болғанда ғана жақсы түсіндім дейді.

– Анамыз осыдан біраз жыл бұрын дүние салды. Сол кезде қарындасым жоқтау айтқанда жүрегі елжіреп, көзіне жас алмаған адам қалмады. Сонда ананы жоқтайтын қыз бала екеніне көзім жетті. Ал жоқтау айтуды ол анамнан көрген болатын. Әкем қайтыс болғанда анам бір жылға дейін жоқтауын үзген жоқ. Сондықтан қыз бала отбасынан дұрыс тәрбие алса, ешқашан содан аттап кете алмайды деп ойлаймын, – дейді Азамат.

Теріс тәрбие – теріс ұғым береді

Азамат жолдас баласының үйінде болған тәрбиелік мәні бар бір жайды естіп, қатты таң қалған.

– Досым екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Ұлына мұғалімі үйде жеті атасының есімдерін жазып келуді тапсырыпты. Әйелі орысша тәрбиеленген. Сұрап кел деп ұлын атасына жібереді. Сегіз атасының атын жазып береді. Немересі неге сегіз екенін сұрайды. Атасы түсіндірейін деп жатқанда, ас үйде жүрген келін баласын шақырып алып, "Неменеге атаңның басын қатырып отырсың, жазып келсең болды емес пе? Қайсысын сызып тастайтынымызды өзіміз білеміз ғой" деген екен. Осыдан ойлап қараңыз, ол келіннің тәрбиесі дұрыс болса, солай шолақ ойлап, баласына солай айтар ма еді? – деп Азамат қынжылыс білдірді.

Алдымен үлкендер үйрету керек

Қазақтың салт-дәстүрін зерттеп жүрген этнограф Зейнеп Ахметова берген сұхбаттарында үнемі қыз тәрбиесі жайлы мынадай пікір айтады:

"Біз қыз тәрбиесінінің тізгінін босатып алдық. Бұл – шындық. Бұған қыздарымыздың қалай болса солай киініп, кіндігін көрсетіп жүргені дәлел. Жас қыздардың көшеде ашықтан ашық темекі шегіп, сыра ішіп жүргендерін көріп жүрсек те, мән бермеуге айналдық. Олардың ертеңгі ана екенін естен шығарып жүрміз. Ал біздің ата-бабамыз балалық дәурені өтісімен-ақ қызға дұрыс тәрбие беруді қолға алған. Қыз – аз күнгі қонақ. Сондықтан да күні ертең келін болып түскен жерінде ата-анасына, ауылына сөз келтірмеуін алдын ала ойлаған".

ff

Қыз бала келін болып түскен жерінде ата-анасына сөз келтірмеуге тырысқан / Фото ғаламтодан алынды

Құлағын тесіп, сырға таққан соң қыз санатына қосқан

Сонымен қатар Зейнеп Ахметованың айтуынша, құлағын тескен соң, қызды қазақ болашақ келін, ана болуға дайындай бастаған.

"Қазақта қыз баланың өміріндегі айтулы күн – құлағын тесу. Тоғыз жасты балиғатқа толған кез деп айтады екен, ал жеті – қазақ үшін қасиетті санның бірі. Қыздың құлағын көп жағдайда тек жеті жасынан бастап тескен.

Тұлымшағы желбіреген кішкентай қыз жеті жасқа дейін қуыршақ ойнаған болса, құлағы тесілгеннен кейін оның мінез-құлқы бірден өзгереді. Осыдан бастап "сен енді сырғалы қыз болдың", "сырға таққан соң қыз санатына қосылдың, енді саған қуыршақ ойнау жараспайды" деп, оның құлағына жайлап сіңіре береді.

Содан бастап қыз баланың киетін киіміне дейін өзгереді. Бүрмелі көйлекті осы кезден бастап кигізетін болған. Бұдан былай ол қуыршақтың орнынан қолына кесте алады. Оюды үйренеді. Ол ендігі жерде жеңгелерінің қазан-ошақ жақтағы істерін көретін болады. Құрт қайнатып, ірімшік жасап жатқан апаларына көмектесіп, мән-жайын білмекке ұмтылады".

Бұрым – бойжеткеннің көркі

Қазақта қыз баланың ас әзірлеу, шай құю, тоқыма тоқу, ою-өрнек, төсек жинау тағы да сол сияқты үй шаруасына икемді болуына аса мән берген. Оның еңбексүйгіш, өнерлі әрі көрікті болып өсуіне анасы ерекше көңіл бөлген.

"Аттың көркі – жалы, қыздың көркі – шашы" деп қыздың шашын күтіп өсіруді өнер санаған. Ол үшін оның шашын айранмен, қынамен жудырған. Шаштарын "қос бұрым" немесе "бестемше" етіп өру бойжеткен қыздың көркі болған.

Қазақ халқы жырларында "Шашының ұзындығы ізін басқан", "Шаштарын он күн тарап, бес күн өрген", "Қыпша бел, қиылған қас, қолаң шашты", "Қаз омырау кеудеге, құлап түссе қос бұрым" деп қыздарының шаштарын керемет суреттеген.

Қазақ қызын жетіге бөлген

Халық арасында бойжеткен қызды ажарына қарай жеті-сегізге бөлген:

  • Баппен сөйлеп, биязы күліп, жақсы-жаманның жөнін біліп тұратын әдемі қыз;
  • Істі үйіріп, сөйлесе бұйырып, баурап алатын, бірден көзге түсе қоймайтын көрікті қыз;
  • Көз жанары өткір, бет әлпеті бал-бұл жанған, тәні шымыр болса, шырайлы қыз;
  • Сөзі өткір, өзі пысық, өрескелдікті сүймейтін, болмашыға пісіп-күймейтін, келбеттіні – сұлу қыз;
  • Бет пішіні, дене мүсіні келіскен, сөзі сыпайы, өзі әдепті, сұңғақ бойлы, терең ойлысын ару қыз;
  • Дене бітімі жинақы, тығыршық, сөзі салмақты, ісі тиянақты болса, ажарлы қыз;
  • Жүзі жылы, өзі ұяң, тәні нәзік қызды әсем қыздар қатарына жатқызған.

Қыздардың бойындағы мына қылықтарға тыйым салған

Түске дейін ұйықтауға, бұраңдап қылымсуға, тамақты обырлана асауға, ұрлық-қарлыққа, салт-дәстүрден аттауға және ұрыс-керіске тыйым салған.

Өкініштісі, салт-дәстүрді зерттеушілер қазіргі заманда бұл тыйымдарды отбасында ескере бермейтінін айтады.

"Қазақ қыздары жалқау емес"

Анар Төлеуханқызы есімді фейсбук қолданушысы қыз баланың тағдыры әлеуметтік желіде көп талқыға түсетінін айта келе, қазақ қызы қайсар мінезінен ешқашан таймағанын алға тартады.

"Қазақ қызын әрі тартқылап, бері тартқылап кінәлаушылар көп. Осы әлеуметтік желіде әншейінде үндемейтіндердің өздері қыздарға келгенде сөз қыстырып қалады. Қыз біткеннің дүние десе есі кетеді, ақшасы болса қытайға, түрікке, кімге болса да тиюге даяр дейді.

Бірақ, мен осы жұмыс жоқ, жағдай жоқ деп желке қасыған жігіттерді көп көремін, ал қыздар олай емес, барып біреудің ісін істеп, баласын бағады, дүкенге сатушы, асханада даяшы, ыдыс жуушы, курсқа жазылып оқып үйреніп, маникюр, педикюр жасап зыр жүгіреді. Масылдық психологиядан ада.

Қазақ қызы, қазақ әйелі – табиғатында жалқау емес, бейнетқор. Басқа қиындық түссе қасқайып қарсы тұратын қайратты. Өтпелі кезеңде ерлер жер шұқып отырып қалғанда ала қабын арқалап, ауыр жүкті мойнына артып, отбасын асыраған кімдер? Қайратты қатындар, қазақтың қыздары!"

Қыз тәрбиесіне отбасындағы жағдай басты әсер етеді

Психо-анилитик, психолог Зүбайда Кененбаева отбасындағы қыз тәрбиесінде жіберген олқылық, қыздардың психологиялық тұрғыдан дұрыс қалыптасуына кері әсерін тигізіп отыр дейді. Оның айтуынша, үйдегі жанжал, әке мен шеше арасындағы қарым-қатынастың дұрыс болмауы – қыздың болашақта жақсы ана, келін болып қалыптасуына балта шабатын негізгі факторлар.

– Отбасында ерінен жәбір көрген анадан көбіне қыз ешқашан дұрыс тәрбие алып шықпайды. Жанұяның бірлігі үшін өзін құрбандыққа шалып, ұрып-соғуға төзген кейбір от анасы қызының тәрбиесіне кері әсерін тигізіп жатқанын түйсінбейді.

Ал қыз бала табиғатында өзінің әкесіне не бауырына ұқсайтын адамға тұрмысқа шыққысы келеді. Айналып келгенде анасының өмірін қайталайды. Арақ ішсе де оны өзгереді деп ойлайды.

Әбден көңілі қалған кезде ғана қыз-келіншектер әлеуметтік желіде "жігіттерге сенбеңдер" деген сияқты әртүрлі пікір жаза бастайды. Ал оны оқыған жастар қандай үлгі алады?

Сондай-ақ отбасында зәбір көрген ананың қыздарының да балаға деген махаббаты оянбайды. Өйткені өзін жақсы көрмейді. Ішкі дүниесінде мәңгі кішкентай қыз болып қалады. Анасын ешкім сыйламағандықтан ол өзін сыйлаудан қалады.

Осыдан келіп барлық проблема туындайды. Сондықтан тәрбие беруде психологиялық тұрғыдан басымдық беру керек, – дейді Зүбайда Кененбаева.

Ажырасудың себебі отбасындағы тәрбиенің кемдігінде

Бұқаралық ақпарт құралдарында жарияланған мәліметке сүйенсек, Қазақстанда жылына 52 мыңға жуық отбасы ажырасады. 200 мыңдай әйел жасанды түсік жасатып, 1700-дей бала ата-ана қамқорлығынсыз қалады екен. Себебін саралаған кезде, көбіне түп-тамыры отбасындағы тәрбиеге келіп тіреледі.

Қазақ қыздары тегіне тартқан өр мінезді қайсар болып келеді

Психо-аналитиктің айтуынша, отбасында орын алған жанжал, ұрыс-керіске төзе бермей қарсылық танытып, күресуге тырысатындар да бар. Негізі қайсарлық пен өжеттілік – қазақ қызының қанында бар қасиет.

– Тарихта қазақ пен қырғызда ғана "аттан" десе, әйелдер атқа қонған. Қазақ қыз-келіншектерін еркекпен тең санаған. Жаугершілік заманда еркекті жерге қарату үшін әйелін алып қашу жеткілікті болған. Өйткені сол елдің еркегін басынғанмен пара-пар.

Ал қызды алып қашу салты тек келісім арқылы жүзеге асқан. Қызды алып қашатынын жеңгесі мен шешесі біліп отырған. Өйткені отағасына, ағайын-туысқа басу айтатын солар болған. Кешірімге күйеу жақтың беделді адамдары келген.

Яғни, бірін-бірі дұрыс танымайтын екі жас рұқсатсыз, келісімсіз отау құрмаған. Ал қазіргі жастар алып қашудың реті солай деп танымайтын қызды босағасына келін қылып түсіріп алуға құмар. Бақытты отбасын құруға кедергінің бірі – осындай теріс түсінік.

fff

Қазақ қызын тек келісіммен ғана ұзатқан / Фото ғаламтордан алынды

Қазақ қызды бес жасқа дейін еркелетіп, тіл тигізбеген

– Анасының да бар жағдайын жасаған. Біз осы атадан балаға мұра болып келе жатқан салт-дәстүрімізді дұрыс жолға қоюдың орнына, оны теріс түсініп, теріс пікір қалыптастырып отырмыз.

Сондықтан әйел төмен етекті, үйдегі адам санына қоспаған, тек ер балаға мән берген деген сияқты қарабайыр түсінік қалыптастырдық. Ал әйелді кемсіту арқылы ер азамат өзін кемсітіп тұрғанын сезбейді, – дейді Зүбайда Кененбаева.

Сонымен қатар психологтың айтуынша, қыз балаға дұрыс тәрбие берудің бірден-бір жолы мектепте еуропа мемлекеттері секілді психологиялық сабақтарды енгізу.

"Қызды қымтап ұстаған ұялмайды"

Қазақ қызын еркін ұстаған, бірақ тым еркінсітпеген. Ата-ана қызынан ешнәрсені аямай, оның мұқтажсыз, бұла өсуін қадағалайды. Өйткені қызға бергенді қызыр өтейді деп біледі.

Сонымен бірге қазекең қызды бетімен де жібермейді. "Қызды қымтап ұстаған ұялмайды" дей отырып, оларды қанаттыға қақтырмай,тұмсықтыға шоқтырмай өсіруды парыз санайды. Олардың ар ұятының сақшысы бәріне жауапты екенін ешуақытта ұмытпаған. Содан да болар, "қыз бен жылқы жаудыкі" деп қыз тәрбиесіне мейілінше сақ қараған.

Ал ұзататын кезде қызының некесін үйден қиып жіберген.

Қазақ қызын қадірлей білген

Тарих ғылымдарының кандидаты Құралай Сәрсембина – қазақтың салт-дәстүрін зерттеп жүрген адамдардың бірі. Оның айтуынша, қазақ қыз бен әйелге ерекше құрметпен қараған.

– Ер мен қыз баланың рухты болып жетіліп, елшіл, ұлтын сүю қасиеттерді бойына сіңіруде ата-атаның еңбегі өлшеусіз. Бір қыздың намысын бір рулы ел қорғаған. Өткен тарихымызға үңілгенде сақ, ғұн, түркі дүниесінен бастап қыз баланы құрметтеу дәстүрі жоғары болғандығын көреміз. Әйелдер ерлерімен бірдей ел қорғау ісіне, мемлекеттік қызметке де араласқан.

Қазақ ұлты қыз баланың тәрбиесіне ерекше мән берген. Араб тілінен ана тілімізге енген "қыз" сөзінің мағынасы "жібек" деген мәнге ие екендігі белгілі. Демек, әйел затының жібектей жұмсақ мінезді, биязы болуы шарт.

Қыз баланы 13-15 жасқа толғанша өмірге дайындап, анасы білгенін үйреткен. Қыз баланы тұрмысқа ерте беріп, ер баланы ерте үйлендіру салты өмір даналығынан туындаған. Отбасылық өмірге ерте бейімделу, әрі ұрпағын қайраты тасыған жас уақытында өмірге икемдеу мақсатын көздейді, – дейді тарихшы Құралай Сәрсембина.

"Шешесін көр де қызын ал"

– Тәрбиесі түзу қыз баладан ана бейнесі келіп шығады. Тәрбиенің түзу болуына отбасындағы ата, әже, әке, ана бейнелері ықпал еткен. Мәселен, абыройлы, қадірлі әке – қыздың тәрбиесінің іргетасы. Әке сыйлаған қыз күйеуін сыйлауға қабілетті болады. Анасын қадірлеген адам ана атаулыны құрметтейді.

Сүйінбай жырау жырлағандай: жақсы әйел әм жұрттың анасындай. Ең бастысы ана тәрбиесі арқылы ұлттық болмыстың қалпы бұзылмады. Өткен тарихымызға көз жүгіртсек "алып анадан туады" дегендей, сансыз батыр бабаларымыздың тұлғасы да аналарымыздың тәрбиесін паш етеді.

Сондай-ақ халқымыз қыздардың ақылдығына, тектілігіне баса мән берген. Сонымен қоса қыздың сыртқы көркіне көз тастап тұрып ішкі жан дүниесіне, рухани байлығына да зер сала білген.

"Ақылды әйел ізде, іздесең сен, есті болса, төрт құбылаң теңелер" деп жазыпты Жүсіп Баласағұн бабамыз. Дана Абай:

Жасаушы деп, малды деп байдан алма,

Кедей қызы арзан деп құмарланба.

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма, – деп өсиет айтады.

Ақылды ана қызына тізеден төмен көйлек кигізген

– Аналар, жеңгелері қыздың киім киісіне, жүріс-тұрысына, қай ортада болсын, өзін-өзі қалай ұстау керектігіне ерекше мән берген. Есі кіріп қалған қыз балаға басына тақия, үстіне тізесін жауып тұратын көйлек кигізіп, тұлымшағын өрген. Шолпыға ерекше мән берген.

Дәстүрлі қоғамда жаздыгүні жұқа матадан тігілген тақия кисе, қыста бөрік киген. Тұрмысқа шықпаған бойжеткен барынша сәнді киініп жүрген. Қыздардың киімдері ою-өрнектің сан түрімен әшекейлеп, түрлі тастармен безендірілген, – дейді Құралай Сәрсембина.

"Қыз тәрбиелі болса, келін өнегелі болады"

Зейнеп Ахметова бір сөзінде "Өз басым, ылғи да жастардан бір нәрсені талап етуден бұрын оларға үлкендердің алдымен өздері үйретуі керек екенін, көрсетуі керек екенін айтып келемін. Ал бұдан шығатын корытынды – қыз тәрбиелі болса, келін өнегелі болады. Келін өнегелі болса, ана парасатты болады. Ана парасатты болса, әже данышпан болады. Өмір осылай жалғасады" деген болатын.

Қазақ әйелі басына түскен кез келген ауыртпалықты қасқайып тұрып қарсы алып, балаларын бағу үшін қандай жұмысты болсын атқарауға әзір екені шындық.


Ләйлім ӘУБУКІРОВА,

informburo.kz

Пікірлер