Белгілі кәсіпкер «Ауыл» партиясынан «Нұр Отанға» кетті

2437
Adyrna.kz Telegram

Елімізге белгілі топтамашы-этнограф Бахаргүл Төлегенқызы өзінің Facebook парақшасында Тәуелсіздігіміздің мерейтойымен тұспа-тұс келген жеке жетістіктерімен бөлісті.


​Отбасындағы қуаныштармен бірге ол «Әдемі-ай» компаниясына 20 жыл толғанын атап, оның басты табыстарына тоқталды.


​«Айтулы мерекемен қатар ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізді насихаттап келе жатқан Әдемі-ай компаниясына – 20 жыл толды. Компаниямыздың халыққа ұсынар кәдесыйлары жаңа тартымды топтамалармен толықты. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында осы жаңа топтамалардың тұсауын кесу салтанатын өткіздік. Тараз қаласында компаниямыздың филиалы ашылды», – деді Бахаргүл Төлегенқызы.

Сонымен қатар, кәсіпкердің айтуынша жалпы оқырманға арналған мотивациялық эссе ретінде жазылған «Қазақ қызымын» атты еңбегі жарыққа шықты. Ол жерде автор қазақтың салт-дәстүрін насихаттау мақсатында ауқымды сұхбаттар берген екен.

​Жазбаға сенсек Бахаргүл Төлегенқызының еңбегі мемлекет тарапынан еленіп, ол Тәуелсіздік қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының «Еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болған.
​Өз сөзінде посттың авторы қолдау көрсетіп келе жатқан Нұр Отанға алғысын білдіріп, осы партия қатарына қосылатынын мәлімдеді.


​«Аталған іс-шараларда және салт-дәстүрімізді кеңінен насихаттауға қолдау көрсетіп келе жатқан Нұр Отан партиясына үлкен алғысымды білдіремін. Ал өздеріңіз білетіндей, мен бұған дейін «Ауыл» партиясының мүшесі болдым. Алайда халықты береке мен бірлікке бастаған билеуші партияның әр азаматқа берер мүмкіншілігі мол екеніне, нақты істеріне көз жеткіздім. Сондықтан да Нұр Отан партиясына мүше боламын деп шешім қабылдадым.
Алдағы уақытта Нұр Отанмен бірге ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға арналған мәдени іс-шараларда белсенділік танытып, жемісті еңбек атқаратынымызға сенімім мол», – деді Әдемі-ай компаниясының президенті.

Сөз соңында Бахаргүл Төлегенқызы көпті ел мүддесі мен жарқын болашақ үшін қызмет етіп, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, әлемге қазақты азаттық сүйгіш, рухы биік, намысы берік халық ретінде танытуға шақырды.

Пікірлер