Сауытбек Абдрахманов: Елбасына берілетін бағаның біреуі – өзінің саяси ізбасарын тәрбиелеуі

1525
Adyrna.kz Telegram

Парламент депутаты, Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының жетекшісі Сауытбек Абдрахманов Елбасының бүгін жарияланған «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласына қатысты пікір білдірді.

«Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев дер шағында, ұлыстың ұлы тойының дәл қарсаңында жариялаған «Тәуелсіздік тағылымы» атты еңбегінде: «Біз атом қаруынан өз еркімізбен бас тартып, бүкіләлемдік ядролық қарусыздану көшін бастадық. Бұл – Қазақстанның жаһандық бейбітшілікті сақтауға қосқан теңдессіз үлесі» деп атап айтқан, қадап көрсеткен. Иә, Қазақстанның әлемдегі бейбітшілік жолындағы шерудің көшін бастағанының өзіне отыз жыл толып отыр. Оны отыз жылдан бері бүкіл әлем біліп, лайықты бағалап отыр», - деп атап өтті қоғам қайраткері.

Сауытбек Абдрахмановтың пікірінше, бұл сөзге дәлелді алыстан іздеудің қажеті жоқ.

«Осыдан екі күн бұрын АҚШ президенті Джозеф Байденнің Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына мемлекетіміз тәуелсіздігінің мерейтойына орай жолдаған құттықтауы жарияланды. Онда: «Қазақстанның Орталық Азияда және бүкіл әлемде бейбітшілік, тұрақтылық пен гүлденуді сақтау жолында көш бастап келе жатқанының 30 жылдық мерейтойы қарсаңындағы қуанышыңызға ортақпын» деп жазылған. Кім айтса да оңай сөз емес. Әлемдегі ең қуатты елдің лидері айтса, тіпті салмақты сөз. Ал содан, яғни Нұрсұлтан Назарбаев қазақ жеріндегі ажал аранына өз қолымен құм құйып, тажалды тұншықтырғаннан небәрі бес-ақ жыл бұрын біз қандай ел едік? Мәскеу ойындағысын жасайтын, кадрлық эксперимент өткізіп, топырағымызға табаны тиіп көрмеген көлденең көк аттыны бізді басқаруға жібере салатын ел емес пе едік? Сол елдің етектегі басын төрге шығарып берген ерен ердің кеше жария етілген толымды толғауы тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешуін әңгімелеумен ғана шектелмейді, егемендікке ұмтылумен өткен халықтың ең қасиетті құндылықты қандайлық қастерлеуге тиісті екендігін де тебірене сөз етеді», - дейді халық қалаулысы.

Пікірлер