Елбасының көрегендігінің арқасында шекараны делимитациялау мәселесі күн тәртібінен алынды

1736
Adyrna.kz Telegram

Елбасының саяси көрегендігінің арқасында Қазақстан мемлекеттік шекараларды делимитациялау мәселесін күн тәртібінен алып тастады. Бұл туралы Мемлекет тарихы институтының директоры Еркін Әбіл айтты.

«Абайдың және оның шәкірттері мен ізбасарларының іс-әрекетінен туындаған қоғамдық сананың жаңаруы мұндай құбылысты ұлттық деңгейде жаңаша түсінуге жол ашты. Бұл тұжырымдаманы теориялық және практикалық тұрғыдан негіздеуді Алаш идеяларымен біріктірілген жас қазақ зиялылары қолға алды. Бұл ұғым 1917 жылғы желтоқсандағы жалпы қазақ съезінің шешімдерінде өзінің заңды көрінісін тапты.Дәл сол кезде Алаш республикасының территориясы, оның ішінде Бөкей ордасы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Самарқанд, Ферғана және Закаспий облыстарының қазақ округтері, Әмудария жерлері, Алтай губерниясының қазақ болыстары біріктірілді. Дәл осы түсінік Кеңестік Қазақстанның Алаш автономиясы жойылғаннан кейінгі солтүстік шекарасының негізін қалады. 1920 жылы тамызда Қазреввоенсоветтің арнайы комиссиясының отырысында қазақ шекарасының орны туралы келісім дайындалды. Бұл келісім 1920 жылы 26 тамызда Ленин мен Калинин қол қойған «Қазақ Автономиялық Республикасын құру туралы» декретке негіз болды», - деді ол «Елбасы аманаты: елдіктің жеті тұғыры» сараптамалық дөңгек үстел отырысында.

Оның атап өтуінше, соған қарамастан, кеңестік кезеңде партиялық элита ұлттық республикалардың, оның ішінде Қазақстанның бұрынғы шекараларын үнемі қайта қарауға тырысты. Ол таза коммерциялық мүдделердің жетегінде болды. Конституциялық нормаларда белгіленген ұлттық егемендікке мән бермеді. Жұмабай Шаяхметов, Жұмабек Тәшенев, Шахмардан Есенов сынды халық ұлдарының қазақ жері үшін жанқиярлық күресі ғана Қазақстанның өз жерін сақтап қалуына мүмкіндік берді.

«Ал, Тәуелсіздік алған кезде ғана Қазақстан шекарасын құқықтық тұрғыдан бекітуге біржола нүкте қоюға мүмкіндік туды. Шешілмеген аумақтық мәселелер жас мемлекетке қауіп төндіруі мүмкін, бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты Орталық Азиядағы көршілерімен де, Ресей мен Қытай сияқты ірі аймақтық ойыншылармен де шекара мәселелері бойынша өзара қолайлы ымыраға келуге итермеледі. Шешілмеген аумақтық проблемалары жоқ елдің келешек ұрпағына мұра қалдыру үшін Елбасы өзінің бар дипломатиялық қабілетін жұмсады. ХХІ ғасырдың басындағы Тұңғыш Президенттің саяси көрегендігінің арқасында Қазақстан мемлекеттік шекараларды делимитациялау мәселесін күн тәртібінен алып тастады. «Енді ата-баба аманатына адал болып, ұлан-ғайыр жерімізді қорғау, оны болашақ ұрпақ үшін мирас ету – біздің ортақ борышымыз» – дейді Елбасы. «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттардың орындалуын Елбасымыз тікелей жастарға сеніп тапсырып отыр. Ел ертеңі жастар болғандықтан, қағидаттарда сөз етілген Тәуелсіздігімізді сақтау, оны қорғау біздің ерен еңбек етуімізге байланысты. Жастарымызға қолдау көрсетсек, жастарымыз еліміздің дамуына ат салысса барлық ұсынылған «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттары 100% орындалары сөзсіз. Бірлік пен татулықты сақтау, тарихымызды қастерлеу, жерімізді қорғау, отбасылық құндылықтарымызды арттыру, мәдениетімізді тереңнен тану, рухани жаһандануды арттыру, білім алу, бәсекеге қабілеттілігімізді өркендету – ұлттық құндылықтар жүйесінің негізі деп тануға болады», - деді Еркін Әбіл.

 

Пікірлер