Министрдің бастамасын өнер қайраткерлері қолдап отыр

3322
Adyrna.kz Telegram

Наурыз мерекесін ұлттық үлгіде ауқымды етіп өткізу жөнінде ҚР Мəдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жаңа бастама көтерген болатын. Министрдің мақаласы «Abai.kz» ақпараттық порталында жария болды. Осыған орай біз де еліміздің бір топ қоғам қайраткелерінің пікірлерін білуге тырыстық.

Қарлығаш Нұғманқызы Шота, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның профессоры:

- Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы көнеден келе жатқан жер шарындағы көптеген халықтардың дәстүрлі де, салтанатты мейрамы, көктем мерекесі. Осы орайда мен де өз әріптестерім сияқты Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының сұхбатымен танысып, өз пікірімді көпшілікке жеткізуді жөн санадым.

Министр мырза: «Наурыз ең әуелі балдырғандарға арналуы керек»,– деп, Наурыз мейрамын жаңа үлгіде өткізудің жолдарын жан-жақты әңгімелеп, мейрам аясында мемлекеттік деңгейдегі дәстүрлі мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастыруды жандандыру керектігін ашық айтқан екен. Шынымен де «Наурыз» дегенде ең алдымен ойымызға ата-бабамыздың салт-дәстүрі, үлкенге ізет, кішіге шапағат жасау, кембағалға – қамқорлық, жетім-жесірге көмек қолын созу т.б. ізгі ниеттер оралады.

Бұл сұхбатта төл мерекеміз Наурыз – табиғаттың жаңаруы, жаңа жылдың, жаңа өмірдің басталуы екендігін айта келіп, Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Ұлытау сұхбатында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтің «Біз ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді қастерлеуіміз керек»,– деген сөзіне ерекше тоқталып, бұл сөздің астарында үлкен мән-мағына жатқандығын және адамның адамгершілік құндылықтарын жас ұрпақтың бойына жас кезінен сіңдіре білудің жолдарына нақты тоқталуы берілген сұхбаттың мазмұнын тереңдете түседі.

Министр мырза өз сөзінде Наурыз мейрамын өткізудің заманауи шаралары турасында айта отырып, оның мақсаттары мен міндеттерін ұсынып, мұның бірнеше жолының бар екендігін қадап тұрып айтып беруі кімге де болса ой салмауы мүмкін емес. Әсіресе «Наурыздың қадір-қасиетін жан-жақты қамти отырып, шын мәнінде мереке жасағымыз келсе, Наурыздың бірінші мағынасы да, сәні мен салтанаты да балдырғандар болуы тиіс» – деген сөзі көңілге қонымды. Ұлы Мұқтар ағамыз «Ел болам десең – бесігіңді түзе» дейтін қағиданы ұстанып, болашақ ұрпаққа берілетін тәлім-тәрбиені бүгіннен бастау керектігін Арыстанбек Мұхамедиұлы өте қарапайым әрі түсінікті тілмен өз оқырмандар жүрегінен орын аларлықтай етіп жеткізген.

«Наурыз мейрамының рухани-мәдени тәрбиелік мәнін іс жүзінде өмірге енгізуді ұсынсақ артық бола қоймас» ,– дей келе: «Наурыздың 22-і күні сипатын ашатындай әрі ұлттық таным мен дәстүр-салтты жаңғыртатындай «Отбасы күні», «Қайырымдылық жасау күні», «Ақ дастарқан күні», «Тал егу күні» деп мазмұн бере отырып, рухани іс-шараларды неге қалыптастырмасқа»,– деген министр мырза ағынан жарылып,ақтарылған сөзі тың бастаманың ұйтқысы десек, артық айтпағандық болар еді.

Егеменді еліміздің ертеңі жастарға жүйелі білім, тәлімді тәрбие берумен қатар, ұлттық болмысымызды үйретудің өзі бүгінгі күнің ісі.

Халқымызда «Құрыш қайрат – ұрылыста шынығар, Ісін сүйген – істей жүріп тынығар» дейтін керемет сөз бар. Ендеше Құрметті Арыстанбек Мұхамедиұлы! Сізге зор денсаулық, қажымас қайрат тілей отырып, халқымыздың қамын ойлайтын азамат ретінде игі істердің қашанда басы қасында бола біліп, үнемі биіктерден көріне беріңіз! «Ұлы даланың» ұрпақтарын тәрбиелеуде «Елім! – деп еміренетін», «Халқым! – деп күңіренетін» Еліміздің маңдай алды Сіз сияқты азаматтары аман болсын!

Омар Қыйқымов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Арыстанбек Мұхамедиұлының мәдениетке сіңіріп жүрген еңбегі өлшеусіз. Ал, мәдениет – халықтың ең үлкен рухани азығы. Жаңа жылымыз – Наурыз мейрамын балдырғандардың санасына сіңіріп өсіру, болашағымыдың кемелді болатынын көрсетеді.Бұл көтерілген бастаманы барлық қазақ болып бір ауыздан қолдауымыз керек және әр отбасы өз баласынан бастау керек деп ойлаймын. Себебі отбасының өнегесі – Отан өнегесі.Әрбір істі қолға алу үшін,оны жақсы көруіміз қажет. Әр іс мақсатына қарай бағаланады.Бұл көтерілген істі – маңызды, нақты мақсаты бар іс деп атар едім. Ұлыстың ұлы күнін ұлы істерден бастап қолдауға баршаларыңызды шақырамын!


Abai.kz

Пікірлер