НҰРЛАН АЛБАН: Түсінбейтін бір нәрсем бар…Неге ол - ұйғыр ауданы?

2168
Adyrna.kz Telegram

Өз басым саясаткер немесе мемлекет қайраткері емеспін. Тек қана қазақ өнерінің сапында жүрген-қатардағы жауынгермін.
Ең бастысы - Қазақстан деген ұлы мемлекеттің толық қанды азаматымын! Егер мен ҚР-ның толық қанды азаматы болғаным рас болса, яғни мен өз елім мен өз жерімде көкейімде жүрген ойымды ортаға салуға толық құқығым бар деп есептеймін!
Осындай маған ел мен жерді, мемлекетті нәсіп еткен жаратушыға сан мың шүкіршіліктер айтамын!
Демек, қазіргі қағаз бетіне түсіріп отырған ойым үшін мені ешкім сынап-міней қоймас деген ойдамын…
Құдайға шүкір, егемен ел болып, қазақ елінің көк байрағының көкте желбірегеніне де 30 жыл болып жатыр. Келіп жеткен тәуелсіздіктің арқасында қандай тұрғыда болмасын көзіміздің ашылғаны рас! Көптеген дүниеге де қол жеткені тағы бар.
Десек те… 30 жылда елімізде әлі де болса өз шешімін таппаған көптеген мәселелердің барын ел-жұрт жақсы біледі және сол үшін алаңдайды! Ол - қазақ жеріндегі жер-су аттары. Менің айтпағым, алысқа бармай-ақ менің туып өскен мекенім - Нарынқол ауданымен қолтықтас жатқан Ұйғыр ауданы!…
(P.S. Айта берсек келмеске кеткен Кеңес одағынан қалған көптеген атаулар бар ғой…)
Сонымен, неге ол - ұйғыр ауданы?…
Білем! Ол жерді мекендейтін елдің ортасында ұйғыр ұлтының бар екенін.
Білем! Ұйғыр ағайынның қазақ бауырларға ықыласының жоғары екенін.
Білем! ҚР-ның көп ұлтты, тұтас мемлекет екенін.
Білем! Бәріміздің иісі бір - мұсылман екенімізді.
Білмейтін және түсінбейтін бір нәрсем бар… Неге ол - ұйғыр ауданы?…
Мен бұл ойыммен ұлтараздық түсініспеушілік туғызайын деп отырған жоқпын. Немесе, ұйғыр ағайындарды шеттеп жатқан жоқпын. Өмір сүрсін, өркендесін. Ниеттес бауырмыз ғой.
Айтпағым, осы ауданның атауын өзгерту жөнінде бұрыннан бері ақылы асқан аға-апаларымыз бен саясаткер, қоғам және мемлекет қайраткерлері де көптеген ұсыныстар жасады. Бірақ… ол Мемлекет басында отырған арқа сүйер аға-апаларымның құлағына жетсе де, осыған назар аудармауы мені ғана емес, көпшілікті алаңдататыны рас!
Неге бұл мәселе әлі күнге дейін өз шешімін таба алмай отыр?..
Құдайға шүкір, ауызын айға білеген ұлы ел екеніміз рас қой!
Тәуелсіздігімізді төрткүл дүниеге мойындатқанымыз рас қой!
Қазақстан елі тұғыры биік тәуелсіз екені рас қой!
Тәуелсіздігімізге 30 жыл толғаны рас қой!
Шынымен осының бәрі рас болса, қазақ жеріндегі Ұйғыр ауданы атауын қазақшаға ауыстыруға не кедергі?…
Осының бәрі рас болса, неден немесе неге біз жалтақтаймыз?!!!…
Түсінбеймін!…
(P.S. Мүмкін менің ми-ақылым әлі піспеген болар…)
Аталарымыздан қалған жақсы сөз бар!
«Өзіңе-өзің мықты бол, қоңсыңды (көршіңді) ұры тұтпа!!!»

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер