«Көк тудың желбірегені» қандай ән?

3244
Adyrna.kz Telegram

«Тәуелсіздік» деген ұғым бар екенін алғаш рет тарих сабағынан естідік. Оған дейін үлкендердің аузынан бұл сөзді естіген емен. Біздің ауылдың адамдары «Тәуелсіздік алдық, Кеңес өкіметі құлады» деген тіркестерді «е-е, сол кезде нан қымбаттап, қиыншылық кез басталған еді ғой» деумен еске алады. 90-жылдарды айта қалсаң еститінің «ала дорбаның» айналасы. Кейде елдегілерден: «Әй, осы Тәуелсіздік алдық дегенде үйден иіс шығардыңдар ма?» – деп сұрауға жүрегім дауаламайды. Ренжисің. Оқымағаннан, білімсіздіктен деп ойлаушы едім. Жоқ. Олай емес секілді.

Біздің ауылдың адамдары «тәуелсіздік» деген ұғымның өзінің не екенін түсінбеген-ау. Өйткені, олар ешкімге тәуелді болып көрмеген секілді. Кешегі кеңес өкіметі бар кәрін қалаға төгіп, ерте ме, кеш пе, барлық ауыл адамдары қалаға бір келерін білген болар. Яғни ауылдағылардың қолында күш жоқ екенін олар жақсы түсінді.

Жалпы алғанда, Қазақстан 1991 жылы Тәуелсіздікті көпті көрген қарияның «е-е» деп иек қағуындай ишарамен қабылдаған сыңайлы. Бірақ, қариядан әңгіме тыңдаған кісі біледі ғой, қысқа қайырылған «е-е» деген ишараның арғы жағында тамақтың бір қырналып барып, айтылатын қаншама  әңгіме жатқанын.

Ал біздің бір кездері территория бөлінісі тұсында және ашаршылық пен кәмпеске кезеңдерінде шекараасқан қандастарымыз бұл тәуелсіздікті қалай қабылдады? Атамекеніне оралуға асықты деуге болар. Бірақ сол территориялардың өзі біздің жеріміз, сол қазақтың атамекені екенін қайда қоярсың. Жә, өз ұлтыңмен аттас елде өмір сүргенге не жетсін. Осы арман жетегінде қаншама қандасымыз елімізге көшіп келді. Осы көшпен халық толысты, әдебиеті мен өнері толысты. Біздің өнерімізде жаңа есімдер пайда болды. Сөз еткелі отырған әннің авторлары да арғы беттен келген қандастарымыз. Сөзі – ақын Алмас Ахметбектікі. Ән авторы – Ермұрат Зейіпхан. Әннің аты – «Көк тудың желбірегені».

Бұл ән ерте шыққанымен, халыққа кештеу танылды. Өйткені, алғашында опералық мәнерде орындалған болатын. Орындаушысы – Майра Мұхаммедқызы. Ал әннің жалпыхалықтық сипат алуы Ибрагим Ескендірдің орындауынан кейін болды. Ақын Алмас Ахметбек көк туды алғаш Қорғаста көрген кезінде-ақ санасына «Көк тудың желбірегені» деген жол түсіпті. Ешбір тапсырыссыз, біреудің өтінішінсіз өлең жолдары жазылып шығады. Бұл өлеңге ең бірінші ән жазған Еркін Ергенұлы деген сазгер екен. Бірақ ән ақынның көңілінен шықпай, опера әншісі Ермұрат Зейіпханға өтініш жасаған. Ақын Құл-Керім Елемес ән тарихы жөнінде былай дейді: «Күздің күні Ермұрат жатақханаға кешігіп, кіре алмай саябақта түнеуіне тура келеді. Асылы, Жазушылар одағының алдындағы бір кездердегі Шәмші, Мұқағалилар түнеп жүретін саяжай болса керек. Күздің суығы өтіп, қалтырап жатса да мойымай: «Елімде жүрмін емес пе? Несін жаураймын?» – деп жолдың арғы бетіндегі сол кездегі үкімет үйінің маңдайындағы көк туға қарап жатып, осы әнді ыңылдап жатып шығарған көрінеді».

Әннің қысқаша тарихы осы. Ал төңірегінде екі түрлі пікір бар. Біріншісі, арғы беттен келген қандастарымыз арасында бұл әнді шекара асып келген азамат орындауы керек еді деген өкініш бар. Екіншісі, жалпы әнге емес, қайырмасында айтылатын: «Таласқа түссе жан мен ту, Жан емес маған керегі» деген жолға айтылады. Дәлірек айтсақ, осы жолдардан кешегі кеңестік саясаттың лебі еседі дейді. Әсіреқызыл, әсірепатриоттық дегенді желеу етеді.

Біздің ойымызша, бірінші пікірдің ғұмыры қысқа. Арғы беттен ауып келген ағайынның елге сіңісе алмай, үйренісе алмай жүрген ішкі бір жағдайынан туған сөз. Тіпті, әннің негізгі мақсатына, идеясына сай емес.

Ал, екінші пікірді демократиялық пікір деуге болады. Бірақ, дәл осы жан мен ту таласқа түскен жерде, жанның керек еместігінен идеологияның иісі шыға ма? Біздіңше, бұл пікір саясатпен уланған сананың қорытқан сөзі болса керек. Жалпы ән мен сөзінің тұла бойынан саяси кеңестік әндердегідей біреуді үлгі ету, идеал көтеру мүлде байқалмайды. Тек өз Отанын, елін сүйген азаматтың жеке пікірі. Соңымнан ер деп ешкімді жетелемейді. Қолдан жасалған Павлик Морозовтың да, Батыр бала Болатбектің де ерлігіне шақырмайды. Ол жәй ғана елге келіп, Қытай мен Қазақстан арасындағы Қорғаста тігулі тұрған көк туды көргендегі Алмас Ахметбектің көзіне іркіліп қалған жас пен көмейіне көміліп қалған өксіктің жеке қалғандағы сөзге айналып жарыққа шыққаны ғана. Ақын мемлекеттік рәмізді жалған патриоттықпен суреттеген жоқ. Ол желбіреген көк тудан тек қуанышты ғана емес, қасіретті көрді. Ән соңы:

«Көк тудың желбірегені –

Бақыттың елжірегені,

Қиырда қалған қазақтың

Көзінің мөлдірегені», – деген шумақпен аяқталады.

Осы уақытқа дейін көк туымызға қаншама теңеулер айтылды. Тәуелсіздік жылдары ғана емес, түркілік дәуірден бері көк тудың айналасында өрбіп келеміз. Түркінің туының түсі көк болғанын білерсіздер!  Иә, сонымен көк тудағы қыранды айттық, аспан секілді шексіздік пен ұлттық нақышты, ою-өрнекті айттық. Барлығын асқақ, көтеріңкі теңеулермен сөйледік.

Ал «Көк тудың желбірегені» әні біздің қолымызға көк туды ұстатып қойып, анықтап қаратты. Осы әннен кейін ғана біз асқақ теңеулермен көтермелеп, сипап сөйлеп жүрген көк туымызға шын үңіліп, одан қиырда қалған қазақтың мөлдіреген жанарын тапқан сыңайлымыз.

«Ақ желкен» журналының өткен бірінші санында Үсен Тортай Блок ақынның Отанын «әйеліне» теңегені туралы: «Отанын әйелінің образында, әйелін Отанының кейпінде көру эстетиканың жаңа бір сатысы», – деген тоқтамға келеді. Ал көк туды қиырдағы қандастардың көзінің мөлдірегеніне теңеу ше? Масштабы жағынан есе жіберсе де, мағынасы жағынан орнықты теңеу секілді.

Жоғарыда айтқанымыздай, ешбір тапсырыссыз жазылған «Көк тудың желбірегені» әнінен саяси астар іздеу, оның ішінде ту мен жан таласқа түскен жерінен саясилық іздеу – тарихын танымайтын, қазақтың өткенінен мүлде бейхабар адамның пікірі дегіміз келеді.

ХІХ ғасырда қазақ даласында болған орыс ғалымы А.Левшин: «Ту қазақтардың қару-жарақтарына жатады. Әрбір рудың өзінің туы мен белгісі болған. Олар бейбіт заманда мұқият сақталып, тек соғыс болған кезде ғана шығарылған», – деп жазады. Алғашқы сөйлеміне назар аударыңызшы. Ту – қазақтың қаруы. Негізінен, алғашқы тулар бүкіл әскерді басқару үшін пайдаланылған. Биік ту арқылы қолбасшылар соғыс алаңындағы жауынгерлерге тактиканы хабарлап, шабуыл бағытын белгілеп беріп отырды. Жауға ұстап шабар қарумен бірге, қару ұстағанды басқаратын нәрсе – ту. Осы қасиетінен кейін, шынында, оның қару болмағанда несі қалды? Ал тудың халықты біріктірер, бір жерге жинар ерекше күші осы қасиетінің негізінде қалыптасқан. Бұл жөнінде Серікбол Қондыбайдың «Жауынгерлік рух» кітабында: «Тудың тігілуі немесе бағанаға, ағашқа жалаудың байлануы – аса маңызды әрі фольклорлық мұрада көп тараған әрекеттердің бірі, оның астарында мифтік қоғамды, өркениетті орнату, структурасын белгілеу түсінігі жатыр» , –  делінген. Соғыс даласындағы ту – тек тактика мен бағыт хабарлаушы емес. Ол – әскердің рухы. Туы құлаған әскердің рухы бірге құлайды. Сондықтан жаудың алғашқы қарауылы ту ұстаушыны табады. Ал ту ұстау екінің бірінің маңдайына бұйырған бақ емес. Ердің ерінің ғана қолынан келеді. Ат үстінде туды үзеңгісіне тіреп алып, шірене отырған талай батырдың өзі өлгенімен, туды құлатпай ұстап қалғаны жөнінде қазақ арасында айтылар аңыз да баршылық. Осындай өзі өлсе де туды жықпай қалған батырлардың ерлігі жайында ойлап отырып, бүгінгі қоғамдағы «Таласқа түссе жан мен ту, Жан емес маған керегі» деген жолдарға көңілтолмастық білдіріп, саясиланған деген пікірлерді естігенде әрбір қазақтың айтқызбай түсінер, ымдаспай ұғынар бір дүниесінің саны кемігенін сезінесің.

Ат үстінде отырып ту ұстаған батырлардың бейнелері қазақ даласынан табылған жартастағы петроглифтерде де көптеп кездеседі. Бұл жөнінде белгілі ғалым З.Самашев «ту ұстаған ат үстіндегі жауынгер бейнесі – батырлық дәуірдің кең танылған эмблемасы және ертетүріктік мәдени кешеннің ерекше «мәдени коды» болып саналатынын» айтады. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің «Тарих» залында Байғозы Наймантайұлының өзі ұстаған туы ілініп тұр. Түсі – ақ. Бір деректерде боз деп те атап жүр. Бірақ, анықтап қарасаңыз боздан гөрі, түсі оңған аққа көп жақын. Байғозы батырдың өзі Абылай ханмен бір кезеңде өмір сүріп, ханның негізгі ту ұстаушыларының бірі екенін ескерсек, Абылайдың ақ туы – дәл осы ту болуы да ғажап емес. Қош! Тарихқа тереңдемей-ақ қоялық. ХVIII ғасырдан жеткен тудың бірнеше жерінде тесік бар. Жау жебелерінің орны. Бір сәт елестетіңізші. Кешегі ғұн бабаң ойлап тауып, қалың шүршіттің қысық көздерін тас төбесіне шығара ысқырған жебелер сен көтеріп тұрған туды тесіп өтіп жатыр. Үш-төрт құлаш төмен келсе иығыңда Алланың добы тұр… Ал біз марғау есінеп «Көк тудың желбірегені» әніне саясаттың, идеологияның еш қатысы жоқ дейміз. Тіпті, қатысы болса да несі бар екен? Байрақ үшін, ел үшін жан беру кешегі кеңестік сұрқия идеологияның қалдығы дегендер бірінші Сүйінбайға соқтықсын.

Одан кейінгісін көріп алармыз.


 

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №2

zhasorken.kz

Ақпан, 2018

Пікірлер