Архангельск қаласы Путинград болып өзгере ма?

2504
Adyrna.kz Telegram

Архангельск қаласының бұрынғы әкімі Александр Донской қалаға Путинград деген атау беруді ұсынды. Ол "Газета.Ru" басылымына берген сұхбатында Владимир Путиннің өмірбаяны мен қала арасында ешқандай байланыс жоқ екенін, қала атауын Путинград деп өзгерту аймаққа инвестиция мен турист тарту үшін ғана қажет екенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Мәселе мынада, байланыс (Путинмен) жоқ. Президент бізде тумаған, оқымаған, өмір сүрмеген, бұл - қала үшін үлкен кемшілік. Менің идеям мынадай: кемені қалай атайсың, ол солай жүзеді. Өкінішке қарай, Архангельск үнемі күйреп тұрған қала. Кейінгі жаңалық, қала әкіміне нашар жол үшін 2 миллион рубль айыппұл салынды. Қала ескі, апаттық жағдайдағы тұрғын үйлердің саны бойынша көшбастап тұр. Менің ойымша, қала Путин аталса, бұл қалаға инвестициялар тартуға, Архангельск қаласын дамыту бағдарламасын жүзеге асыруға және туристерді тартуға мүмкіндік береді. Мұндай атауы бар қалада шенеуніктер, депутаттар нашар жұмыс істей алмады", - деді Донской.

Экс-шенеунік Шешенстан астанасын мысалға келтірді, онда Путин даңғылына өтетін Қадыров даңғылы бар.

"Грозныйда Қадыров атындағы көше бар және жағдайы жақсы. Ол жерде екі рет болдым, бізге көп нәрсе үйрену керек", - деді Донской.

Бұрынғы әкім Архангельск елтаңбасын ауыстыруды ұсынып, оның ескіргенін айтты.

"Архангельск - әлемдегі елтаңбасында шайтан бейнеленген жалғыз қала. Қала қонақтары елтаңбаның мағынасын түсінбейді, ол дұрыс композиция емес. Мен көңілді, отансүйгіштікке баулитын бірнәрсе қосу керек деп санаймын, сондықтан ең жақсы нобайға байқау жарияладым. Жеңімпаз қарапайым сыйлық, яғни 10 мың рубль алады", - деді Донской.

Ол Архангельск атауын өзгерту және қаланың елтаңбасын өзгерту туралы ұсыныспен жергілікті билікке жүгінуді жоспарламайтынын айтты.

"Менің ойымша, бастама төменнен басталуы керек. Егер ұсыныстарымды қалалық депутаттар кеңесі байқаса, дұрыс болады", - деп толықтырды Донской.

Журналистер Архангельск әкімшілігінің баспасөз қызметінен идеяға түсінік беруін сұрағанда, олар тіпті оны қарастырмайтындарын айтқан.

Олар қаланың "маңызды проблемалары" бар екенін түсіндіріп, тіпті бұл ақпаратты байқамағандарын айтқан.

"Донской - жеке тұлға. Бұл тіпті әзіл түрінде де талқыланбады", - деді баспасөз қызметі.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер